Генетик Мақсат Жабагин USERN Prize халықаралық ғылыми сыйлығын иеленген тұңғыш қазақстандық атанды

67
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/QhlNy6ZhQRDzXkZqujIK9NdXYevLKIFCpjlSn9QN.jpg

Қазақстандық генетик Мақсат Жабагин биологиялық ғылымдар саласы бойынша USERN Prize 2026 халықаралық сыйлығының лауреаты атанды. 10 қарашада Астанада өткен салтанатты марапаттау рәсімі XI USERN халықаралық конгресін қорытындылады.

USERN (Universal Scientific Education and Research Network) — түрлі елдердің зерттеушілерін біріктіретін халықаралық желі. Оның Консультативтік кеңесіне 600-ден астам жетекші ғалым, соның ішінде Нобель және Абель сыйлықтарының лауреаттары кіреді.
XI USERN конгресі 8–10 қараша аралығында «Youth Earn Vision» ұранымен өтті. Жиын ғалымдарға ғылыми жетістіктерімен бөлісуге, пәнаралық байланыстарды нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік берді. Өткен он жылда конгресс пен марапаттау фестивалі Тегеран (Иран), Харьков (Украина), Реджо-Калабрия (Италия), Будапешт (Венгрия), Ыстанбұл (Түркия), Маскат (Оман), Ереван (Армения), Пловдив (Болгария) және Сан-Паулу (Бразилия) қалаларында ұйымдастырылған.
USERN халықаралық сыйлығы 2016 жылдан бері ғылымның дамуына және адамзат игілігіне елеулі үлес қосқан, 40 жасқа толмаған көрнекті зерттеушілерге табысталады. Лауреаттар бес ғылыми бағыт бойынша анықталады. Дәстүр бойынша марапаттау рәсімі 10 қарашада — Бейбітшілік пен даму жолындағы дүниежүзілік ғылым күнінде өтеді.
2026 жылы сыйлыққа әлемнің әр түкпірінен мыңға жуық зерттеуші ұсынылды. Сыйлық комитеті 521 өтінімді іріктеп алды. Кейін Консультативтік кеңес іріктеуден өткен 96 үміткердің тізімін бекітті. Марапаттау рәсімінде бес ғылыми бағыттың (формалды, физика-химия, биология, медицина және әлеуметтік ғылымдар) әрқайсысынан финалға шыққан бес үміткер таныстырылды. Биология ғылымдары саласындағы финалистердің бестігіне Dr. Luigi Rosati (Italy), Dr. Suihong Liu (USA), Dr. Roodabeh Bahramsoltani (Iran), Dr. Maxat Zhabagin (Kazakhstan) және Dr. Siyuan Ding (USA) кірді. Биология ғылымдары саласы бойынша 2026 жылғы USERN Prize жеңімпазы болып профессор Мақсат Жабағин танылды.
Мақсат Жабагин — PhD, профессор, Қазақстанның жетекші ғалымы. Ол Ұлттық биотехнология орталығының Адам генетикасы зертханасын басқарады. Ғалымның зерттеулері Қазақстан мен Орталық Азия халқының генетикалық әртүрлілігі мен қалыптасу тарихына арналған. Ол әке жағынан тарайтын генетикалық тармақтар мен ежелгі ДНҚ-ны зерттеп, генетикалық деректерді тарихи шежірелермен салыстырады. Орталық Азия халқының геномдарын да зерттеген. Генетика, археология және тарих деректерін ұштастыратын бұл тәсіл көші-қон тарихы мен популяциялар арасындағы туыстық байланыстарды нақтылауға мүмкіндік береді.
«Халықаралық ғылыми ортада Қазақстан атынан шығып, еліміздің абыройын ғылыми жетістіктер арқылы асқақтату — мен үшін үлкен мәртебе. Мені осы сыйлыққа ұсынған әріптестеріме алғыс айтамын. Біздің зерттеулеріміз өткенді, бүгінді және болашақты сабақтастырады. Ежелгі ДНҚ-ны зерттеу арқылы ата-бабаларымыздың тарихын қалпына келтіреміз. Ал қазіргі геномдарды талдай отырып, халықтың генетикалық әртүрлілігін танып-білеміз әрі дербестендірілген геномдық медицина саласындағы болашақ жаңалықтарға негіз қалаймыз. Жетекші ғалымдардан құралған халықаралық комитеттің біздің зерттеу нәтижелерімізді және ғылымдағы менің жолымды осы марапатқа лайық деп тануы мен үшін ерекше маңызды. Бұл жеңіс Қазақстанның жас ғалымдарын өз идеяларын дамытуға, халықаралық деңгейге сеніммен қадам басуға жігерлендіреді деп үміттенемін», — деді профессор Мақсат Жабагин. 

Comments