АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның құрлықтағы шекаралары мен Каспий теңізі арқылы қару-жарақ тасымалдауына жол бермеуге бағытталған Iron Gate («Темір қақпа») бөлімшесінің жұмысын бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Бұған дейін АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы Иранның қару-жарақ, қос мақсатта пайдаланылатын технологиялар мен санкцияға іліккен материалдарды тасымалдауына тосқауыл қою жұмыстарын үйлестіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын айтқан еді. Құрамында 20-ға жуық әскери қызметкер мен азаматтық маман бар топ Флорида штатындағы Тампа қаласында орналасқан. Ал Иран Қарулы күштерінің құрамына кіретін Ислам революциясы сақшылар корпусының ресми өкілі Хосейн Мохеби Iron Gate бөлімшесі көздеген мақсатына жете алмайтынын мәлімдеген.
«Iron Gate жедел тобы Иран Ислам Республикасында толық қуатта жұмыс істеп жатыр. Бұл шара тарихтағы ең ауқымды әскери-теңіз блокадасымен ұштасып, Иранға тауарлардың іс жүзінде жеткізілмеуіне және елден өнім шығарудың дерлік тоқтауына әкеліп отыр», – деп жазды Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иран аумағындағы нысандарға соққы жасай бастаған. Бұған жауап ретінде Иран да қарсы шабуылдар жасаған. Қазіргі уақытта қақтығыс бәсеңдегенімен, әлі де реттелмеген күйде қалып отыр. Сонымен қатар әскери іс-қимылдардың қайта басталу қаупі бар.
