Елена Рыбакина WTA қорытынды турниріне қатыспайтын болды

171
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/dvrYdhAloXZBafc744KGGleYBGs32Y7CqKfIhujv.webp

Фото: Getty images

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина денсаулығына байланысты Индиан-Уэллсте өтіп жатқан WTA қорытынды турниріндегі өнерін жалғастырмайтын болды. Осылайша, қазақстандық теннисші өткен жылғы чемпиондық атағын биыл қорғай алмайды, деп хабарлайды "Адырна".

Спортшы әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлеріне мәлімдеме жасап, жарыстан бас тарту туралы шешімін түсіндірді. Оның айтуынша, биылғы маусымды жоғары деңгейде өткізгенімен, қазіргі физикалық жағдайы турнирге қатысуға мүмкіндік бермейді.

«Жанкүйерлеріме және мені қолдап жүрген жандарға жағымсыз жаңалықты жеткізуге мәжбүр болғаныма қатты өкінемін. Өкінішке қарай, биылғы WTA қорытынды турнирінен бас тартуыма тура келді. Маусым мен үшін сәтті өтті, алайда қазір ағзам жарысқа қатысуға физикалық тұрғыдан дайын емес.

Алдағы уақытта үйде демалып, күш жинап, 2027 жылғы маусымға дайындаламын. Бұл турнир мен үшін ерекше орын алады. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін. Наурыз айында Индиан-Уэллске қайта оралуды асыға күтемін», – деді теннисші.

Рыбакинаның орнына жарысқа украиналық Марта Костюк қатысады. Ол турнирдің бірінші тобында өнер көрсетіп, 8 қарашада чехиялық Линда Носковамен кездеседі. Одан кейін америкалық теннисшілер Кори Гауфф пен Джессика Пегулаға қарсы кортқа шығады.

Айта кетейік, Елена Рыбакина өткен жылы Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турнирінде қарсыластарына бірде-бір рет есе жібермей, чемпион атанған болатын. Биылғы жарыстан бас тартуына байланысты ол титулын қорғай алмайды.

Қазақстандық теннисші 2026 жылғы маусымды 54 жеңіс және 14 жеңіліс көрсеткішімен аяқтады. Сондай-ақ жыл ішінде төрт ірі турнирде чемпиондық атаққа қол жеткізген. Олардың қатарында Australian Open, Штутгарт пен Нинбодағы жарыстар және US Open бар.

Comments