Тоғыз күн ішінде екі кенші. «Қазхром» шахтасында тағы бір жұмысшы қаза тапты

230
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/HPnKKt2Z5uZpTFYmxwMbLrCnwoAs6z4tLMXJ7HEX.jpg

Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы «Қазхром» компаниясына тиесілі шахтада жұмысшы көз жұмды. Бұл – соңғы тоғыз күнде Дөң тау-кен байыту комбинатында тіркелген екінші адам өлімі, деп хабарлайды "Адырна".

Қайғылы оқиға 29 қазанда ERG құрамына кіретін «Қазхром» компаниясының Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтасында болған.

Компанияның хабарлауынша, тау-кен жұмысшысы вагондарды тіркеу барысында жарақат алған. Оқиға орнынан ол шұғыл түрде Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілген. Алайда дәрігерлер қанша күш салғанымен, оның өмірін сақтап қала алмады.

«Қазхром» компаниясы марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтып, отбасына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Оқиға жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға хабар берілген. Жұмысшының қаза болу себептері мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылады. Оның құрамына Ақтөбе облысының еңбек инспекциясы өкілдері де кіреді.

Айта кетейік, бұған дейін, 20 қазанда, осы Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасында да адам өлімі тіркелген. Кеншілер жер астында қорғаныш тіректерін орнатып жатқан кезде тау жынысы опырылып, жұмысшылардың бірін басып қалған. Ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған еді.

Comments