"Шекара «тар өткелге» айналса..." Президент елдегі транзиттік әлеуеттің ақсап жатқанын айтты

200
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/S1a9R8Q30YLrG45A6ueIyMjDPXMfcfeBaVrcarzt.webp

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның транзиттік әлеуетін толық пайдалану үшін жол инфрақұрылымы мен әуе жүк тасымалы саласын дамыту қажет екенін айтты. Бұл туралы президент Жолдауында мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Президенттің сөзінше, сапалы жолдар мен заманауи жол бойы қызмет көрсету инфрақұрылымы болмаса, Қазақстан жаһандық транзиттік дәліз немесе Еуразияның көлік-логистикалық хабы мәртебесіне ие бола алмайды.

Мемлекет басшысы шекарадағы көлік кептелістерін де өзекті мәселе ретінде атап өтті. Оның пікірінше, шекарадағы өткізу қабілетінің төмендігі елдің транзиттік саладағы көшбасшылыққа ұмтылысына кедергі келтіреді.

«Егер шекара бірнеше шақырымға созылатын көлік кептелістеріне себеп болатын «тар өткелге» айналса, ал дәл қазір жағдай осындай болса, Қазақстанның көшбасшылығы туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі әуе дәліздері Қазақстанның аумағы арқылы өтетінін айтып, бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану қажеттігін жеткізді. Ол үшін жерүсті сервистік инфрақұрылымды дамыту маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар мемлекет басшысы әуе жүк тасымалы саласындағы «Air Cargo» жеке компаниясының жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, компанияның қаржыландыру мүмкіндігі мол, шетелдік білікті мамандарды тартуға және дербес шешім қабылдауға әлеуеті бар. Алайда әзірге нақты нәтижелер байқалмай отыр.

«Сіздерге сенім білдірілді. Енді нақты нәтиже күтеміз», – деді президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның транзиттік әлеуетін іске асыру үшін инфрақұрылымды дамыту және қолда бар мүмкіндіктерді экономикалық табысқа айналдыру қажеттігін баса айтты.

Comments