«Мәңгілік бала бейне» Нобель кітапханасында

161
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/v0x1MyG800Y7eWkCbii1EBJ9Ctmr85gT3fDbPFMZ.jpg

Стокгольмдегі Швед академиясының Нобель кітапханасына қазақ қаламгерлерінің түрлі тілде жарық көрген еңбектері табысталды.

Олардың қатарында Arman-PV баспасынан шыққан жазушы, драматург Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» спектакль-кітабының ағылшын тіліндегі «The Angel of Karaul» басылымы бар. Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толған тұста қасіретті кезеңнің көркем шежіресіне айналған туындының халықаралық әдеби ортаға жетуі айрықша мәнге ие.

Әдебиет арқылы жалғасқан байланыс

Кітаптарды Швед академиясының арнайы шақыруымен Стокгольмге ғылыми-зерттеу сапарына барған «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, ақын әрі зерттеуші Дүйсенәлі Әлімақын жеткізді. Ол Нобель кітапханасы мен академия архивінде зерттеу жүргізумен қатар, қазақ авторларының шығармаларын таныстыруға ұйытқы болды.

Дүйсенәлі Әлімақынның айтуынша, бұған дейін аталған кітапханаға қазақ жазушыларының кітаптары жетпеген. Осы сапарда табысталған басылымдар ұлттық әдебиетімізді шетелдік зерттеушілер мен аудармашыларға таныстыруға, қазақ қаламгерлерінің шығармашылық мұрасына назар аудартуға бағытталған.

Сол еңбектердің бірі — «Мәңгілік бала бейне». Семей полигонының зардабын адам тағдыры арқылы бейнелейтін шығармада Ләйләнің жан дүниесі, арман-мұраты мен жалғыздығы суреттеледі. Бір кейіпкердің басындағы қасірет тұтас қоғамның жауапкершілігіне, адам өмірінің құндылығына қатысты сауалдарға ұласады.

Arman-PV баспасы шығарған спектакль-кітап әдеби туынды мен оның сахналық ғұмырын тоғыстырады. Мұндай басылым оқырманға шығарманы мәтін ретінде қабылдаумен қатар, оның театр тілімен қалай өрілгенін тануға мүмкіндік береді. Ал ағылшын тіліндегі нұсқасы қазақ даласының қасіретін өзге жұртқа жеткізіп, шығарма көтерген мәселелерді халықаралық оқырманмен бөлісуге жол ашады.

Қасіретті ұмытпау — бейбітшілікті бағалау

Биыл, 29 тамызда Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толды. Осы күнге орай жариялаған үндеуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық сынақтардың халқымыздың денсаулығына, қоршаған ортаға орасан зардап әкелгенін атап өтті.

«Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады», деді Президент. Мемлекет басшысы Қазақстанның ядролық қарусыздану жолындағы ұстанымы өзгермейтінін айтып, әлем елдерін келіссөздерге және ядролық қаруды қолдану қаупін жою жолындағы бірлескен қадамдарға шақырды.

Осы тұрғыдан алғанда, «Мәңгілік бала бейненің» шетелдік оқырманға ұсынылуының әдеби ғана емес, тарихи-танымдық маңызы да бар. Құжаттар мен деректер ядролық сынақтардың ауқымын көрсетсе, көркем шығарма сол қасіреттің адам жанына салған жарасын сезіндіреді. Роза Мұқанованың туындысы тарихи жадты сақтауға, өткеннің ауыр сабағын кейінгі ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді.

Нобель кітапханасы туралы

Швед академиясының Нобель кітапханасы 1901 жылы, академияға әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреатын анықтау міндеті жүктелген кезеңде құрылған. 1921 жылдан бері Стокгольмнің ескі қаласындағы тарихи Биржа ғимаратында орналасқан.

Қорында шамамен 200 мың том сақталған кітапхана — Солтүстік Еуропадағы әдебиетке маманданған ірі орталықтардың бірі. Мұнда түрлі елдердің заманауи көркем әдебиеті, соның ішінде түпнұсқа тіліндегі шығармалар, әдеби сын, әдебиеттану және тіл біліміне арналған еңбектер жинақталады.

Кітапхананың негізгі міндеттерінің бірі Швед академиясының жұмысына қолдау көрсету. Сонымен бірге ол аудармашыларға, зерттеушілерге және әдебиетке қызығатын көпшілікке қызмет етеді.

Қазақ кітаптарының осындай қорға ұсынылуы ұлттық әдебиетімізді оқуға, аударуға және зерттеуге мүмкіндік беретін байланыстарды кеңейтеді. Бұған дейін Франкфурт халықаралық кітап көрмесінде таныстырылған «The Angel of Karaul» басылымының Нобель кітапханасына табысталуы да осы бағыттағы жұмыстың жалғасы.

Comments