Halyk пен министрлік жасанды интеллект пен цифрлық сервистерді дамытуға келісті

280
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/suQOLFuLC3nEraU200YzTErQRCDfA1vQfXyGmmgq.jpg

Halyk пен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жасанды интеллект, мемлекеттік қызметтер және азаматтар мен бизнеске арналған цифрлық сервистер салаларындағы бірлескен жобаларды дамытуды жоспарлап отыр.

Негізгі бастамалар қатарында Halyk AI Lab зертханасын құру, аграрлық салаға арналған Halyk Фермер цифрлық сервисін дамыту, Алматыда жаңа форматтағы халыққа қызмет көрсету орталығын ашу және Halyk сервистерін eGov Business платформасымен одан әрі интеграциялау бар.

Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Halyk басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова талқылады.

Тараптар азаматтар мен кәсіпкерлердің мемлекетпен өзара іс-қимылын жеңілдетуге, қолмен орындалатын операциялар санын азайтуға және қызмет алу уақытын қысқартуға мүмкіндік беретін цифрлық шешімдерді қарастырды. Сонымен қатар Halyk банк сервистерін мемлекеттік цифрлық платформалармен одан әрі интеграциялау мүмкіндіктері талқыланды.

«Міндет – қолданыстағы процестерді жай ғана цифрлық форматқа көшіру емес. Адамдар мен бизнестің нақты қажеттіліктеріне сай келетін, қарапайым, жылдам әрі күнделікті қолданылатын цифрлық арналар арқылы қолжетімді сервистер құру қажет. Halyk-тің ауқымды технологиялық инфрақұрылымы мен миллиондаған пайдаланушысы бар. Сондықтан мемлекет пен бизнестің мүмкіндіктерін біріктірудің әлеуеті зор деп санаймыз. Бұл жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді жылдам енгізуге, мемлекеттік цифрлық қызметтерді дамытуға және кәсіпкерлерге, фермерлерге, сондай-ақ миллиондаған қазақстандыққа арналған жаңа сервистер жасауға мүмкіндік береді», – деді Halyk басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.

Halyk AI Lab: жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу және енгізу

Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі – Alem.ai базасында Halyk AI Lab зертханасын құру. Жоба жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді әзірлеуге, сынақтан өткізуге және кейіннен ауқымын кеңейтуге арналған алаң ретінде қарастырылып отыр.

Halyk AI Lab технологиялық командаларды, стартаптарды және академиялық қауымдастықты біріктіреді деп жоспарлануда. Жұмыс бағыттарына хакатондар өткізу, стартап жобаларын дамыту, Astana IT University-мен бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, сондай-ақ жасанды интеллект шешімдерін әзірлеу мен сынақтан өткізу үшін иесіздендірілген деректерді пайдалану кіреді.

«Digital Bridge алаңында маңызды цифрлық жобалардың дамуына серпін беретін шешімдердің қабылдануы аса маңызды. Мұнда мемлекет пен бизнес нақты бастамаларды талқылап, бірлескен жұмыс жөнінде келіседі. Halyk-пен ынтымақтастық жасанды интеллектіні енгізуге, мемлекеттік қызметтерді дамытуға және азаматтарға, кәсіпкерлер мен фермерлерге қолайлы цифрлық сервистер құруға мүмкіндік береді. Біздің ортақ міндетіміз – осы бастамаларды адамдардың уақытын үнемдейтін, бизнесті жүргізуді жеңілдететін және қызметтердің қолжетімділігін арттыратын нақты шешімдерге айналдыру», – деп атап өтті Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Мұндай формат идеяны қалыптастырудан бастап мамандарды даярлау, технологияны сынақтан өткізу және оны тәжірибеде қолдануға дейінгі толық циклді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Halyk Фермер: аграрлық салаға арналған бірыңғай цифрлық сервис

Кездесудің жеке бір бөлігі аграрлық секторға арналған бірыңғай цифрлық ортаны құруды көздейтін Halyk Фермер жобасына арналды.

Жоба бірыңғай IT-архитектура қалыптастыруды, деректерді біріктіруді және ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі мемлекеттік қызметтерді қайта ұйымдастыруды қамтиды.

Мақсат – фермерлердің қажетті қызметтерді алуын жеңілдетіп, жеделдету, әртүрлі жүйелермен жұмыс істеу және бір ақпаратты бірнеше рет ұсыну қажеттілігін азайту.

Болашақта әзірленген шешімдер әртүрлі мемлекеттік және коммерциялық цифрлық арналар арқылы қолжетімді болады. Бұл қызметтердің қамту аясын кеңейтіп, бүкіл елдегі ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін оларды пайдалануды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Halyk және eGov Business: бизнеске арналған цифрлық сервистер

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – Halyk пен eGov Business арасындағы бірлескен сервистерді одан әрі дамыту. Олар кәсіпкердің компанияны тіркеуден бастап күнделікті қаржылық операциялар жүргізу мен қаржыландыру алуға дейінгі негізгі қажеттіліктерін қамтуы тиіс.

Қарастырылып жатқан шешімдер қатарында бизнесті тіркеумен қатар банктік шот ашу, деректемелерді қолмен енгізбей-ақ салықтар мен әлеуметтік төлемдерді жүргізу, өкілеттіктерді цифрлық форматта басқару, банктік кепілдіктерді рәсімдеу, қаржыландыру алу бар.

Банктік және мемлекеттік сервистерді интеграциялау жеке рәсімдердің санын қысқартып, кәсіпкерлерге мемлекетпен және қаржы институттарымен өзара іс-қимыл жасаудың ыңғайлы цифрлық жолын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Halyk SuperApp-тың 8,6 миллион пайдаланушысы бар

Қазіргі уақытта Halyk Қазақстандағы ең ірі цифрлық экожүйелердің бірін қалыптастырған. Halyk SuperApp қосымшасының ай сайынғы аудиториясы 8,6 миллион пайдаланушыны құрайды.

Бүгінде қосымшада 82 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Бұл пайдаланушыларға қажетті сервистерді өздері үйренген цифрлық арна арқылы алуға мүмкіндік береді. 2026 жылы Halyk қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер бөлімінің ай сайынғы аудиториясы 1,3 миллион пайдаланушыға жеткен.

Цифрлық инфрақұрылым мен пайдаланушылар аудиториясының ауқымы жаңа сервистерді жылдам енгізуге, халық пен бизнестің мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бастамаларды бірлесіп пысықтауды жалғастыруға, өзара іс-қимыл тетіктерін айқындауға және басым жобалар бойынша жол карталарын әзірлеуге келісті.

Comments