«Оған бәрібір». Трамп қайтадан Зеленскийге шүйлікті

248
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/GBxYv2pq9j8u2gyIoGDXkqjnCOaNk4ksHibx0n3R.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы қақтығысты реттеу мәселесіне қатысты пікір білдіріп, Владимир Зеленскийді соғысты аяқтауға ниет танытпай отыр деп айыптады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ақ үй басшысы қазіргі жағдайға қатысты пікірін Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.

«Ресейге қатысты ұстанымым өте қарапайым. Мен Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату үшін келіссөздер жүргізіп жатырмын және Ресейді келіссөз үстелінен ойланбай алыстататын ешқандай әрекет жасағым келмейді. Біз айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізіп жатырмыз» – деп жазды Трамп.

Сондай-ақ ол Киевтің Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына соққы беруін сынға алды. Трамптың пікірінше, мұндай шабуылдар әлемдік нарыққа кері әсер етіп отыр.

«Зеленский Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына соққы беріп жатыр. Ол бұл шабуылдардың әлемдік дизель отыны нарығына, соның ішінде АҚШ-қа да айтарлықтай зиян келтіретінін біледі. Соның салдарынан фермерлер, мал шаруашылығымен айналысатындар және түрлі саладағы кәсіпорындар орасан зор шығынға ұшырап отыр. Соған қарамастан, Ресей әлемдік нарыққа дизель отынын миллиондаған баррель көлемінде төмен бағамен жеткізуді жалғастыруда», – деді АҚШ президенті.

Бұдан бөлек, Трамп Зеленскийдің Украинадағы соғысты аяқтағысы келмейтінін мәлімдеді.

«Зеленскийге бәрібір. Шынын айтқанда, Еуропаның оған бөліп жатқан қыруар қаржысына және бұған дейін жемқор Джо Байден берген қаражатқа қарамастан, ол бұл соғысты аяқтағысы келмейді және, бәлкім, ешқашан да оны тоқтатуды қаламаған. Екі жыл бұрын ол қазіргі үміт арта алатын келісімнен әлдеқайда тиімді келісімге қол жеткізе алар еді. Оның елі қирап жатыр, аумағының едәуір бөлігінен айырылды, мұхиттар мен теңіздерге шығу мүмкіндігін жоғалтты, ал ер азаматтарының саны азайды», – деп жазды Трамп.

Жазбасының соңында Ақ үй басшысы соғыстың аяқталғанын қалайтынын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Дональд Трамп Владимир Зеленскийді қатаң сынға алып, Украинаға келісім жасай алатын жаңа басшы қажет екенін мәлімдеген еді. Бірнеше күннен кейін АҚШ президенті Украина басшысын тағы да сынға алған. Трамптың айтуынша, Зеленский келісімге келуге ниетті емес.

Жақында америкалық кәсіпкер Илон Маск та Зеленский Украина президенті қызметінен кетуі керек деген пікір білдірген.

Ал Украина президенті Владимир Зеленский Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Трамптың саясаты Киевті капитуляцияға, яғни тізе бүгуге итермелеп отырғанын айтқан.

Comments