Оңтүстік Кореядағы жаппай төбелеске қазақстандықтар қатыспаған — СІМ

197
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hNYSr8KBurEppc1KxKXVgaPPrabq96LqFtyCRLUx.webp

Оңтүстік Кореяның Пхёнтхэк қаласында болған жаппай төбелеске қазақстандықтардың қатысуы туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Yonhap агенттігінің хабарлауынша, жанжал 3 қазан кешке тұрғын үй аумағында, балабақша мен бастауыш мектепке жақын жерде болған. Оқиғаға Орталық Азия елдерінің азаматтары қатысуы мүмкін деген болжам айтылған.

Оқиға орнында 20 жастағы екі ер адам ұсталған. Қалған қатысушыларды полиция іздестіріп жатыр. Тергеу барысында ағаш таяқтар мен бейсбол таяқтары табылған.

Оңтүстік Кореялық полицияның мәліметінше, бейнебақылау жазбаларында төбелеске шамамен 15 адамның қатысқаны көрінеді. Ал куәгерлер оқиғаға 40-қа жуық адам араласқанын айтқан. Алдын ала болжам бойынша, жанжал Қазақстан мен Қырғызстан азаматтары болуы мүмкін топтар арасындағы келіспеушіліктен басталған. Оқиғаға қатысты видеолар әлеуметтік желілерде де тараған.

Қазақстан СІМ-нің мәліметінше, қазіргі уақытта анықталып, ұсталған адамдардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ.

«Алдын ала ақпарат бойынша, Пхёнтхэк қаласындағы жаппай төбелеске қатысы бар анықталған және қазіргі уақытта ұсталған адамдардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ», — деп хабарлады ведомство.

Comments