Абай облысында жылыту маусымына дайындау жұмыстарының белгіленген мерзімнен кешігіп жатқаны анықталды, деп хабарлайды “Адырна”.
Премьер-министр Олжас Бектенов Семей қаласындағы жағдайға байланысты облыс әкімінің жауапты орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Премьер-министрдің айтуынша, барлық өңірлер дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтаған. Алайда Абай облысында, нақтырақ айтқанда, Семей қаласында жылу желілерін дайындау жұмыстары кестеден қалып отыр.
Осыған байланысты Олжас Бектенов облыс әкімінің жылумен қамту мәселесіне жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.
«Тиісті үйлестірудің болмауы және Семей қаласының жылу желілерін уақтылы дайындамауына байланысты Абай облысы әкімінің жауапты орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын», – деді премьер-министр.
Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, жылумен қамту және жылыту мәселесіне облыс әкімінің орынбасары Бекжан Бапышев жетекшілік етеді.
Сонымен қатар Үкімет басшысы өңір әкімдеріне жылыту маусымының өтуін бақылау жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын қайта жандандыруды тапсырды. Энергия көздерінің дайындығын тұрақты түрде тексеру қажет.
Ол жоспарлы көрсеткіштердің сақталуын, отынның нормативтік қорын қамтамасыз етуді және резервтік жабдықтардың дайын болуын бақылауда ұстауды тапсырды. Бұдан бөлек, халық үшін көмірдің жеткілікті болуы және оның тұрақты бағамен сатылуы да тұрақты бақылауда болуы тиіс.
