Иркутскідегі эпидемиологиялық ахуал. Қазақстанда сақтық шаралары енгізілді

83
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Qlcn1cWMsLW14g6RDdMEAG2Kdb5E5OtdmF5FH050.jpg

Фото:medobr.com 

Ресейдің Иркутск облысындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты Қазақстанда алдын алу шаралары қабылданды. Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізіліп жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

«Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Ресей Федерациясының Иркутск облысында аса қауіпті инфекцияға күдік келтірілген жағдай туралы эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстап отыр. Қазақстандағы жағдай тұрақты бақылауда, алдын алу сипатындағы шаралар қабылданды. Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүзеге асырылуда. Көліктің барлық түрі бойынша дене қызуы жоғары, ауру белгілері немесе аса қауіпті инфекцияға күдік бар адамдар анықталған жоқ», – деп хабарлады ведомство.

Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен. Министрліктің мәліметінше, жағдайға берілетін баға мен қабылданатын шаралар ресми ақпараттың түсуіне қарай нақтыланып отырады.

Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға сапардан кейін ауру белгілері байқалса, медициналық көмекке дер кезінде жүгінуге кеңес берді. Сондай-ақ дәрігерге барған кезде болған жері мен сапар мерзімдерін хабарлау қажет.

Ведомство азаматтарды ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырды.

Ресейлік мамандар қазіргі уақытта эпидемиологиялық тексеру жүргізіп жатыр. Соңғы диагноз әзірге ресми түрде расталмаған. Инфекцияның ықтимал көзі мен жұқтыру жағдайлары анықталуда.

Медициналық бақылауға 197 байланыста болған адам алынған. Қолда бар мәлімет бойынша, олардың ешқайсысынан ауру белгілері анықталмаған, зертханалық талдау нәтижелері теріс. Шелехов аудандық ауруханасында қажетті эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп жатыр.

4 қазанда, жексенбі күні Роспотребнадзордың баспасөз қызметі Иркутск облысы, Иркутск қаласы және Шелеховтағы санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін хабарлаған. Ведомство оба ауруының тіркелмегенін мәлімдеді.

Иркутск облысында 28 жастағы әйелдің өлімінің алдын ала себебі этиологиясы анықталмаған пневмония ретінде көрсетілген.

Бұған дейін Қазақстан халқын иммундау үшін Ресейде өндірілген тұмауға қарсы вакцинаның 2,1 млн дозасы сатып алынғаны хабарланған. Тегін вакцинациямен халықтың ең осал топтарын қамту жоспарланып отыр.

Comments
Other materials