Алматы әкімі Дархан Сатыбалды 1 қазанда атап өтілетін Халықаралық қарттар күніне орай қалалық Ардагерлер кеңесі төралқасының мүшелерімен кездесті.
Алматы қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов қалалық кеңестің қызметі туралы, ал Наурызбай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Кәркенов аудандық ұйымның жұмысы жөнінде баяндады.
Дархан Сатыбалды аға буын өкілдерінің Алматының қоғамдық өміріндегі, жастар тәрбиесіндегі және ұрпақ сабақтастығын сақтаудағы маңызды рөлін атап өтті.
Қалада қарттарды қолдауға бағытталған бірқатар шара жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, 2022 жылдан бері «Белсенді ұзақ өмір» жобасы қолға алынған. 2026 жылдың басынан бері қалалық Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы зейнеткерлерге 38 мыңнан астам қызмет көрсетті.
«Алтын жас» бағдарламасы аясында 2026 жылы қаладағы 157 ұйымда 391 зейнеткер жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар ардагерлер ұйымдарын қолдау жалғасып отыр. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ардагерлерді қолдауға бағытталған үш жылдық жоба жүзеге асырылып жатыр.
Алматылық қарттарға әлеуметтік көмек, соның ішінде санаторий-курорттық ем ұсынылады. Жыл басынан бері бұл мүмкіндікті 472 зейнеткер пайдаланды.
Кездесуде Ардагерлер кеңесінің қоғамдық бастамаларды жүзеге асырудағы рөліне де ерекше назар аударылды. Кеңес өкілдері жас ұрпақты патриоттық және рухани-адамгершілік тұрғыда тәрбиелеуге, сондай-ақ мәдени, спорттық және танымдық іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып келеді.
Бұл жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған ұрпақ сабақтастығын нығайту, аға буынды қолдау және азаматтық қоғамды дамыту басымдықтары аясында жүргізіліп келеді.
Тараптар сондай-ақ әкімдік пен Ардагерлер кеңесінің алдағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Халықаралық қарттар күніне арналған айлық аясында Алматының барлық ауданында мәдени және спорттық іс-шаралар, сондай-ақ аға буын өкілдерінің жастармен кездесулері жоспарланған.
Кездесу соңында Дархан Сатыбалды аға буын өкілдерін Халықаралық қарттар күнімен құттықтап, оларға зор денсаулық, амандық және ұзақ ғұмыр тіледі.


Ursula von der Leyen Congratulates Tokayev on the Discovery of a Major Rare Metals Deposit in Kazakhstan
