Үндістанда қазақстандық жаттықтырушы зорлау ісі бойынша іздестіріліп жатыр

94
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/BpLiY8ZjOm6RghvBnhRiO9Mm7PW4rttSEzLY1Y0a.jpg

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Үндістанда тергеуге алынған Қазақстан азаматына консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

Министрліктің хабарлауынша, қазақстандық дипломаттар азаматтың жақындарымен байланыста. Мәселе СІМ-нің бақылауында.

Бұған дейін үндістандық Times of India басылымы Қазақстан азаматы, 34 жастағы велоспорт жаттықтырушысы Мақсат Аязбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған еді. Басылымның мәліметінше, оған Үндістандағы кәмелетке толмағандарды жыныстық қылмыстардан қорғау туралы POCSO заңы аясында айып тағылған.

Оқиға Патиала қаласындағы Ұлттық озық тәжірибе орталығында болғаны хабарланды. Үндістан полициясы қазақстандық маманды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Полицияның мәліметінше, арыз түскеннен кейін оның орналасқан жері анықталмаған. Құқық қорғау органдары оның паспортын тәркілеп, іздестіру үшін екі жедел топ құрған.

Қазақстанның Велоспорт федерациясы Мақсат Аязбаевтың соңғы жылдары Қазақстаннан тыс жерде, үндістандық тараппен жасалған келісімшарт негізінде еңбек еткенін растады. Ол Үндістанның ұлттық велоспорт құрамасын дайындаумен айналысқан. Федерация маманның қазіргі уақытта Қазақстан ұлттық құрамасына қатысы жоқ екенін атап өтті.

Ұйымның мәліметінше, Үндістанның құқық қорғау органдары аталған жағдай бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Ал Үндістанның Велоспорт федерациясы тергеу аяқталғанға дейін Аязбаевтың қызметін уақытша тоқтатқан.

Қазақстандық федерация істің барлық мән-жайы анықталғанша қандай да бір түпкілікті қорытынды жасауға асықпауға шақырды. Ұйым кінәлілік тек заңда белгіленген тәртіппен анықталатынын атап өтті.

Comments