Каспийдегі қасірет 11 жыл бұрынғы оқиғаны еске салды. Кім қалай жазаланды?

351
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gDRmcm7Yg34tDBQDdtoTlK8fN82MoxJl2NWRF1u3.jpg

Кеше, 24 қыркүйекте Ақтау маңында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуы осыдан 11 жыл бұрын болған қайғылы жағдайды қайта еске салды.

2015 жылғы 18 қыркүйекте Каспий теңізінде «Орталық-2015» оқу-жаттығуы барысында төрт сарбаз суға батып қаза тапқан еді.

2015 жылғы оқиға қалай болған?

Сол жылы оқу-жаттығудың екінші кезеңі Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигоны маңында өткен. Теңіз десантын түсіру жаттығуына 52 әскери қызметшісі бар алты БТР-80 тартылған.

Техника жағалаудан шамамен бес шақырым қашықтықтағы теңізге шығып, 150 метрдей жүргеннен кейін ауа райы күрт бұзылған. Қатты жел мен биік толқынның әсерінен броньды машиналар суға бата бастаған. Нәтижесінде төрт әскери қызметші қаза болды.

Қайғылы жағдайдан кейін сол кездегі Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов арнайы комиссия құрып, оқиғаның себептерін анықтауды тапсырған. Ол сондай-ақ оқиға орнына жедел баруды міндеттеген.

Қаза тапқан сарбаздар:

  • 19 жастағы Бауыржан Жолдабай – сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданынан;

  • 19 жастағы Асылжан Махамбетов – Атырау облысы Құлсары қаласынан;

  • 23 жастағы Замир Әділов – Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданынан;

  • 19 жастағы Бағытжан Қалыбай – Атырау облысы Мақат кентінен.

Асылжан Махамбетов пен Бағытжан Қалыбайдың әскери қызметін аяқтауына бір ай ғана қалған болатын.

Тергеу және жауапқа тартылғандар

2015 жылғы 19 қыркүйекте әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау фактісі бойынша тергелді.

Тергеу нәтижесінде әскери басқару жүйесіндегі бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен босатылды. Олардың қатарында «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Мұрат Нұғманов, оның бірінші орынбасары әрі штаб бастығы Ризат Қолпашев, жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары Мерген Қапашев және теңіз жаяу әскерлері бригадасының командирі Ербұлат Толықбаев болды.

Сол жылдың қазан айында Қорғаныс министрлігінде арнайы алқа мәжілісі өтіп, оқиғаның себептері талқыланды. Бас инспекция жүргізген талдау қорытындысында қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, белгіленген алгоритмдердің орындалмауы, жеке құрамның дайындығының жеткіліксіздігі және бақылаудың әлсіздігі негізгі факторлар ретінде көрсетілді.

Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекет тарапынан 1,5 миллион теңгеден материалдық өтемақы төленетіні де хабарланған.

Сот үкімі

Қайғылы оқиғадан бір жылдан астам уақыт өткен соң, 2016 жылғы 25 қарашада Ақтау гарнизонының әскери соты істі қарады. Сот алдында алты адам жауап берді.

Мұрат Нұғманов, Ербұлат Толықбаев және 25744 әскери бөлімінің теңіз жаяу әскерлері командирінің орынбасары Рашид Жылқайдаров 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жазасын қоныс колониясында өтеуге тиіс болды.

Ал кіші сержант Абай Баймұратовқа 1,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Взвод командирі Бауыржан Төлегенов пен кіші сержант Ерасыл Көбеген алты айға бас бостандығынан айырылғанымен, сот Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып, оларға шартты жаза белгіледі.

2026 жылғы 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз жаттығуы кезінде тағы да төтенше жағдай тіркелді.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау барысында ауа райының күрт өзгеріп, желдің күшеюінен 19 әскери қызметшіні теңіз толқыны алып кеткен.

Олардың кем дегенде 12-сі қаза тапты. Тағы екі әскери қызметкер хабар-ошарсыз кеткен, ал біреуі Маңғыстау облыстық ауруханасында ауыр жағдайда жатыр.

Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен қажетті техникасы жіберілген.

Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері мен оған әсер еткен жағдайлар анықталып жатыр.

Comments