Президент жолдауы қыркүйекте жарияланбайтын болды

94
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/zZtPidmZOcecCS5JVrNISYjR3AlAQz3o3qfSoTGo.jpg

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында Қазақстан халқына Жолдау жасап, ел дамуының алдағы жоспарын айқындайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".

 Мемлекет басшысы еліміздің тарихи өрлеу дәуіріне қадам басқанын айтып, соңғы уақытта болған елеулі өзгерістерге тоқталды.

"Біз біртұтас ел болып, аса ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырдық. Барша жұртымызға, әсіресе өскелең ұрпаққа бағдар беретін Конституциямызды қабылдадық. Әділетті, Күшті, Озық, Таза Қазақстанның берік негізін қаладық. Мұны ұлт тарихындағы нағыз бетбұрысты оқиға деп бағалауға болады. Конституция – халқымыздың темірқазығы, ел ішіндегі түбегейлі өзгерістерге тың серпін берген қастерлі құжат", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Құрылтай сайлауы өтіп, оның құрамына кәсіби, іскер және жаңашыл азаматтар, соның ішінде көптеген жас кіргенін атап өтті.

"Вице-Президент тағайындалды. Жаңартылған Үкімет жұмысына кірісті. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жасақталды. Көп ұзамай Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітіледі. Құрылтайдың келісімімен Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері тағайындалады", – деді Мемлекет басшысы.

Президент осы қадамдардың нәтижесінде еліміздің негізгі мемлекеттік институттары толық жаңғыртылатынын айтты. Оның сөзінше, бұл – ауқымды реформалардың аса маңызды бөлігі.

"Ал қазан айында мен Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдауымды жасап, алдағы жоспарымызды айқындаймын", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы мемлекет басшысы болып келгелі халыққа арнаған Жолдауын үнемі қыркүйек айының басында жариялап келген болатын. 

 

Comments