Белгілі журналист Қанат Әуесбай жаңа қызметке тағайындалды

154
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/h59LqUubCr6nxB1tsar4FDqOXryC7OLu8cLC5UVl.jpg

Белгілі журналист Қанат Әуесбай Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің Басқарма мүшесі – тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры қызметіне тағайындалды. Бұл туралы 7 қыркүйекте ЖОО-ның баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«БҚУ-дағы жаңа қызметінде Қанат Әуесбай университеттің тәрбие және әлеуметтік саясатын жетілдіруге, студент жастардың бастамаларын қолдауға және жастармен тиімді коммуникацияны дамытуға басымдық бермек»,–делінген хабарламада.

Қанат Әуесбай  1982 жылдың 14 қаңтарында Тараз қаласында туған. 2004 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдаған. 2010 жылы «Қазақ телеарналарындағы қазіргі ақпараттық бағдарламалар табиғаты» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.

2013–2014 жылдары «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында Ұлыбританиядағы University of East Anglia университетінде ғылыми-педагогикалық тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар экономика және бизнес, құқық бағыттары бойынша жоғары білім алған.

Ол еңбек жолында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Х. Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде оқытушы, аға оқытушы және доцент қызметтерін атқарған. Сондай-ақ С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде жастар ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультетінің деканы болған.

Жаңа проректордың кәсіби тәжірибесінде медиа саласының да орны ерекше. Ол «31 арна», «Қазақстан», «Astana» телеарналарында қызмет атқарып, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры, «Elorda Aqparat» медиа-холдингінің директор орынбасары, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының диджитал директоры сияқты лауазымдарда еңбек еткен.

Қанат Әуесбай – ғылыми мақалалардың авторы, бірқатар ғылыми және қоғамдық кеңестердің мүшесі. Еңбегі Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі», ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі», ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен және басқа да марапаттармен атап өтілген.

 

Comments
Other materials