Шатқалдағы шатақ. Археологиялық ескерткіштің бір бөлігі жойылған ба?

142
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/pPgdq2Fy1LUpVcPpY1lpoXVK99nfCtJgugowaJJR.png

Алматыдағы Бутаков шатқалында шамамен 2,8 мың жылдық «Бұтақты-2» археологиялық ескерткішінің бір бөлігін құрылыс техникасы жайпап тастағаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі. 

Бұл туралы қазақстандық археологтардың «Қазақстан – петроглифтер елі» қауымдастығы хабарлаған.

Археологтардың айтуынша, ерте темір дәуіріне жататын көне қоныста 15 тұрғын жай болған. Соның тоғызы құрылыс жұмыстары кезінде  жойылып, мәдени қабаттың едәуір бөлігі бүлінген.

Мамандардың мәліметінше, ескерткіш аумағында құрылыс жұмыстары археологтардың рұқсатынсыз жүргізілген. Алматы археологтары нысанды жоюға рұқсат алу жөнінде өздеріне ешкім жүгінбегенін айтқан.

Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Александр Горячевтің сөзінше, құрылыс техникасы 3-4 метр тереңдіктегі төменгі қабатты толық бұзған.

«Бұтақты-2» ескерткіші үш қабаттан тұрады. Мамандардың айтуынша, екінші және үшінші, яғни ортаңғы және жоғарғы қабаттары әзірге сақталған. Алайда төменгі бөлікте ежелгі тоғыз тұрғын жай мен шаруашылық құрылыстары болған.

Зерттеушілер бұл аумақтан тас құралдар мен қыш бұйымдардың қалдықтары табылғанын атап өтті. Олардың пікірінше, ескерткіштің негізгі құндылығы тек археологиялық жәдігерлерде емес, ежелгі тұрғын үйлердің құрылымы мен құрылыс технологияларында жатыр.

Мамандардың айтуынша, мұндай деректер ежелгі адамдардың тұрмысын, қолөнерін және табиғи ресурстарды пайдалану тәсілдерін зерттеуге мүмкіндік берер еді.

Comments