Тоқаев Джорджа Мелониді тарихи жетістігімен құттықтады

116
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/KqtbTHG7JfaOi7GLgTQuvdHUjBQvDatBjERbLwRa.jpg

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Италия премьер-министрі Джорджа Мелониді оның үкіметінің ел тарихындағы ең ұзақ уақыт қызмет атқарған үкіметке айналуына байланысты құттықтады. Мемлекет басшысы бұл туралы өзінің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды "Адырна".

Тоқаев Джорджа Мелонидің көшбасшылығына жоғары баға беріп, оның ұлттық мүддені қорғауға деген ұстанымы Италияның экономикалық өсімін сақтауға және халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал еткенін атап өтті.

«Мен оның Қазақстан мен Италия арасындағы достық әрі стратегиялық серіктестікті нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймын», – деп жазды Президент.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Италия премьер-министріне жауапты қызметінде табыс тілеп, елдің одан әрі дамуы мен өркендеуіне бағытталған жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, Джорджа Мелони 2025 жылғы мамырда Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Сапар барысында Италия үкіметінің басшысын Мемлекет басшысы Астана әуежайында қарсы алды.
Кейін Ақордада Қазақстан Президенті мен Италия премьер-министрінің келіссөздері өтті. Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Джорджа Мелони 2022 жылғы 22 қазаннан бері Италия Үкіметін басқарып келеді. Ол ел тарихындағы Министрлер кеңесінің төрағасы қызметіне келген алғашқы әйел саналады. Мелони бұған дейін Сильвио Берлусконидің төртінші үкіметінде жастар ісі жөніндегі министр қызметін атқарған.

Ол 2014 жылдан бері «Италия бауырлары» партиясын басқарады. 2020 жылдан бастап Еуропалық консерваторлар мен реформаторлар партиясының жетекшісі.

Comments