Велосипедпен пойызға кіргізбеді. Шетелдік саяхатшы Бейнеуде қалып қойды

63
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/BRatmHKRcI6cBBY98vVWOoEjOCGxtmCjYmMhBr36.jpg

Германиялық саяхатшы Лара Зёльднер Қазақстаннан Өзбекстанға өту кезінде күтпеген қиындыққа тап болды. Ол Бейнеу кентінен пойызбен кетпек болғанымен, велосипедіне қатысты талаптарға байланысты вагонға кіргізілмеген, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Tengrinews сайтына сілтеп.

Саяхатшы бұл жағдайды Instagram-да жариялап, видео 5,3 миллионнан астам қаралым жинаған.

Лараның айтуынша, Қазақстаннан Өзбекстанға тікелей өтуге мүмкіндік болмағандықтан, елден пойыз арқылы шығуды жоспарлаған. Алайда шекарадағы жағдайға байланысты пойыз билеттерінің барлығы дерлік сатылып кеткен.

Ол бос орын пайда болады деген үмітпен бірнеше күн вокзалда күтуге мәжбүр болған. Кейін Шымкентке дейін билет алып, сол жерден шекарадан өтудің жолын қарастырмақ болған.

«Бес күн бойы қолымдағы билетпен кетуге тырысып, шекара арқылы өтетін толы пойыздардың біріне мінуге мүмкіндік күтіп жүрдім. Бірақ жолым болмады», – дейді саяхатшы.

 

Ақыры жексенбі күні Лара билет сатып алған. Оның сөзінше, бұған дейін велосипедпен байланысты мәселе болмайтыны айтылған. Алайда пойызға отырар сәтте жағдай өзгеріп кеткен.

Саяхатшының айтуынша, қызметкерлер оны велосипедпен вагонға кіргізбеген. Ол бірнеше күн күткеннен кейін пойызға отыра алмағанына ашуланғанын және билет құны толық қайтарылмағанын айтты.

Лара оқиғаны видеоға түсіріп, Instagram парақшасында жариялаған. Жазба қысқа уақыт ішінде кең тарап, 5,3 миллионнан астам қаралым жинады.

Желі қолданушыларының пікірлері әртүрлі болды. Бірі Қазақстандағы пойыздарда велосипед тасымалдау тәртібі туралы алдын ала білу керек екенін айтса, енді бірі саяхатшыға полициядан көмек сұрауға кеңес берген.

Саяхатшының мәліметінше, ол әзірге Бейнеуде қалып отыр және әрі қарай сапарын қалай жалғастыратынын шешпеген.

Лара қиын жағдайда оған көмектесуге тырысқан жергілікті әйелге де алғысын білдірді. Саяхатшының айтуынша, ол неміс, қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген.

Оқиғаға қатысты «Жолаушылар тасымалы» компаниясы өз түсініктемесін берді. Тасымалдаушының мәліметінше, мәселе велосипедтің болуында емес, оны бөлшектемей және қаптамасыз пойызға алып кіруге әрекет жасалғанында.

Компания қолданыстағы ережеге сәйкес, қозғалтқышы жоқ велосипед қол жүгі ретінде тек бөлшектеліп, арнайы қаптамаға салынған жағдайда ғана жолаушылар вагонында тасымалданатынын түсіндірді. Ал көлемі үлкен және қапталмаған велосипедтерді жолаушылар вагонына кіргізуге болмайды.

Компания өкілдерінің айтуынша, жолсеріктер Лараға балама нұсқа ұсынған. Пойыз құрамында тіркемелі жүк вагоны болғандықтан, велосипедті багаж ретінде сол вагонмен жіберуге мүмкіндік болған.

Алайда пойыздың жөнелуіне аз уақыт қалған. Сондықтан саяхатшылар велосипедті багаж ретінде рәсімдеп үлгермей, пойызға отырмай қалуды таңдаған.

Тасымалдаушы билет ақшасы толық көлемде емес, белгіленген қайтару тәртібіне сәйкес тиісті ұсталымдар жасалғаннан кейін қайтарылатынын хабарлады.

Comments