Ақмола облысында жалпыға бірдей декларациялаудың жаңа тәртібі түсіндірілді

169
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/eped8UdhxKNEGM6Dx5v9B911QmKDn47PVm0lRvCD.jpg

Өңірде жалпыға бірдей декларациялау тәртібіне енгізілген өзгерістер түсіндірілді. Өткен жыл үшін декларацияны кімдер тапсыруға міндетті, қандай мерзімдер белгіленген және талаптарды бұзған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылғаны туралы РСК брифингінде Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бөлімінің басшысы Нұрлан Махамбет айтып берді.

Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау жүйесі 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл ретте 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап төртінші кезеңге жататын азаматтар үшін декларация тапсыру міндеті жойылды. Олардың қатарында зейнеткерлер, студенттер, үй шаруасындағы әйелдер және жеке сектор қызметкерлері бар. Шетелде мүлкі және жекелеген активтері бар тұлғалар бұған кірмейді.

«Жалпыға бірдей декларациялау – азаматтардың табыстары мен мүлкін декларацияларды мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну арқылы бақылау тетігі», – деді Нұрлан Махамбет.

Биыл 2025 жыл үшін 270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары, банктердің, бағалы қағаздар нарығының және сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының 10 пайыздан астам қатысу үлесіне ие басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын тұлғалар тапсыруы тиіс.

Сонымен қатар декларацияны өз бетінше салық салуға жататын кірістер алған, шетелдік және цифрлық активтері, сондай-ақ шетелдік банктердегі шоттарында жиынтығы 1000 АЕК-тен асатын қаражаты бар азаматтар тапсыруға міндетті. Тағы бір негіз – есепті кезеңде жалпы құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлікті сатып алу.

«Кірістер мен мүлік туралы декларацияда Қазақстанда және шетелде орналасқан кірістер мен мүлік, өз бетінше салық салуға жататын кірістер, сондай-ақ мүлікті сатып алу, иеліктен шығару және өтеусіз алу, шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтер көрсетіледі», – деп түсіндірді спикер.

Бұдан бөлек, 250.00 нысаны – активтер мен міндеттемелер туралы декларация қолданылады. Оны, атап айтқанда, шетелде мүліктің белгілі бір түрлері бар кәмелетке толған Қазақстан Республикасының резидент азаматтары тапсырады.

250.00 нысанын міндеттеме туындаған жылы 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру қажет. 2025 жыл үшін 270.00 нысанындағы декларация 2026 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей тұрғылықты жері бойынша ұсынылуы тиіс.

Декларацияны алғаш рет тапсырмаған жағдайда ескерту жасалады, ал талапты қайталап бұзған кезде 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Толық емес немесе анық емес мәліметтерді қайталап ұсынғаны үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Шетелдегі мүлікті немесе шетелдік банктердегі шоттардағы қаражатты декларацияда көрсетпеу арқылы жасыру 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Нұрлан Махамбеттің айтуынша, жүйенің басты міндеті – азаматтардың кірістері мен мүлкінің ашықтығын қамтамасыз ету және салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру.

Comments
Other materials