«Олар мені дарға асады». The Economist Путиннің соғысты ушықтыру себебін атады

140
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PDlFv29pcZHR63r8JDgiDfjgyje0N78sHXa3cZLc.jpg

Ресей президенті Владимир Путиннің биліктен айырылып, соғыс нәтижесінде жауапқа тартылуы мүмкін деген қорқынышы Украинадағы соғысты одан әрі ушықтыруға итермелеуі ықтимал. Бұл туралы The Economist басылымы Кремльге жақын дереккөздерге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Басылымның мәліметінше, Путин бір кездері өзінің жақын серіктеріне «Олар мені дарға асады» деген. Алайда The Economist бұл сөздің нақты қандай жағдайда айтылғанын көрсетпеген.

Кремльге жақын бірнеше дереккөздің айтуынша, Путин биыл жазда бірнеше апта бойы соғыстың одан әрі қалай жалғасатынын ойластырған. Нәтижесінде Ресей президенті соғысты жаңа деңгейде ушықтыруға бағыт алған болуы мүмкін.

Путиннің мұндай шешіміне АҚШ-пен қарым-қатынастағы жағдай да әсер етуі ықтимал. Кремль басшысымен бұрыннан байланысы бар дереккөз The Economist-ке Путин АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры Джон Рэтклиффтің Мәскеуге жақында жасаған сапарын Вашингтонның әлсіздігінің белгісі ретінде қабылдағанын айтқан.

Басылым Путиннің 2021 жылғы қарашада Орталық барлау басқармасының директоры Билл Бернстің Мәскеуге жасаған сапарына да осындай көзқараспен қарағанын жазады. Ол кезде Бернс Ресей президентіне Украинаға басып кірмеу туралы ескерту үшін Мәскеуге барған. Алайда үш айдан кейін Ресей Украинаға қарсы толық ауқымды соғысты бастады.

The Economist ықтимал эскалацияның негізгі себептерінің бірі ретінде Кремльге түсіп жатқан ішкі қысымды атайды.

Басылымның бағалауынша, егер соғыс Ресейдің кем дегенде негізгі мақсаттарының бірі — Донбасты толық басып алумен аяқталмаса, бұл Путин үшін жеңіліс ретінде қабылдануы мүмкін. Мұндай жағдай оның билігіне, тіпті жеке басының қауіпсіздігіне қатер төндіруі ықтимал.

Сонымен бірге соғысты қазіргі қарқынмен жалғастыру Ресейдің экономикалық ресурстары мен саяси капиталын одан әрі сарқып жатыр. Осыған байланысты эскалация Путин үшін соғыстың барысын өзгертуге және әлсіздік танытпауға мүмкіндік беретін құрал болып көрінуі мүмкін.

Басылым Ресейдегі ішкі жағдайдың күрделене түскенін қоғамдық көңіл-күйден де байқауға болатынын жазады.

The Economist келтірген «Левада-центр» сауалнамасына сәйкес, ресейліктердің 57 пайызы елдегі жағдайды «шиеленісті» деп бағалаған. Сауалнама барысында соғыс, адам шығыны, мобилизация және болашаққа деген сенімсіздік негізгі мәселелердің қатарында аталған.

Ресей элиталары арасындағы көңіл-күй бұдан да нашар болуы мүмкін. Басылымға сұхбат берген дереккөздердің бірі бес жылға жуық уақытқа созылған соғыстың өзін Ресей үшін сәтсіздік деп бағалаған.

Ресей НАТО-мен тікелей қақтығысқа бара ма?

The Economist Ресейдің алдағы уақытта Украинаға қолдау көрсетіп отырған елдерге қарсы диверсиялық және гибридті әрекеттерді күшейтуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Басылымның болжамынша, Мәскеу қару-жарақ жеткізілетін бағыттарға қысым жасап, Еуропада әскери өнім шығаратын кәсіпорындарға қарсы әрекеттерге баруы ықтимал.

Соған қарамастан, Батыс барлау қызметтері Путиннің НАТО-мен тікелей әскери қақтығысқа ұмтылып отырғанына дәлел жоқ деп есептейді.

The Economist деректеріне сүйенген бұл тұжырымдар әзірге ресми түрде расталған ақпарат емес. Басылым келтірген пікірлер анонимді дереккөздердің мәлімдемелеріне негізделген.

Comments
Other materials