Азаттықты көксеп қамалған күйші. Сейтектің 165 жылы

256
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/in6LrfHcjvkdyg1qx9Xf6HUS2ep7nVjRZ3G2T2vn.jpg

Бүгін – қазақтың халық композиторы, күйші Сейтек Оразалыұлының туғанына 165 жыл, деп хабарлайды “Адырна”.

Сейтек Оразалыұлы 1861 жылы Батыс Қазақстан өңірінде дүниеге келген. Ол – қазақтың домбыра өнерін дамытуға үлес қосқан, өзіндік күйшілік мектебі қалыптасқан тұлғалардың бірі.

Сейтек домбыра тартуды ағасы Сұлтанғалиден үйреніп, күй өнерінің қыр-сырын Дәулеткерейдің шәкірттерінен меңгерген. Оның «Арпалыс», «Орғытпа», «Шәрипа», «Бес қыз», «Жантаза», «Қарашаш», «Қанатым», «Көкала ат», шығармаларының шыңв саналатаны “Заман-ай” күйі бар.

Күйші еркіндік идеяларын қолдағаны үшін бірнеше рет қуғын-сүргінге ұшырады. Орда, Иркутск, Қарабайлы, Астрахан және Мәскеу түрмелерінде қамалды. Кейін революцияшыл орыс жұмысшыларымен байланысы бар деген айып тағылып, саяси сенімсіз адам ретінде Сібірге жер аударылды.

Айдауда жүрген кезінде оның «Айдау», «Түңілдім», «Арман» күйлері дүниеге келді.

1905 жылы елге оралғаннан кейін «Жоқтау», «Ғазиз», «Мең-зең», «Сары дала» күйлерін шығарды. Ал 1905 жылғы революция оқиғаларына арналған «Жігер», 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа арналған «16 жыл» күйлері Сейтектің заман тынысын шығармашылығы арқылы жеткізгенін көрсетеді.
Сондай-ақ «17 жыл», «Еркіндік», «Партсъезд» атты күйлері бар.

Сейтек Оразалыұлының шығармалары қазақ күй өнерінің тарихында маңызды орын алады. Музыка зерттеушісі Александр Затаевич оның күйлерін «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына енгізген.

Сейтектің өмірі мен шығармашылығы жазушы Тәкен Әлімқұловтың «Сейтек сарыны» повесіне арқау болды. Ал оның көптеген күйлері бүгінде Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің репертуарында орындалады. 

Comments