Фото: Reuters
Украинаның Киев облысы Бучан ауданындағы оқ-дәрі қоймасында болған өрт салдарынан кемінде 27 адам қаза тапты, деп хабарлайды “Адырна” DW-ға сілтеп.
Тағы 42 адам жарақат алған. Оқиға Ресейдің шабуылынан кейін болды.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәліметінше, соққы 28 тамызға қараған түні жасалған. Жарылыстардан кейін қойма аумағында өрт шыққан.
Зеленскийдің айтуынша, шабуыл салдарынан маңайдағы инфрақұрылымға да айтарлықтай зиян келген. Тұрғын үйлер, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған пансионат зақымданған.
Оқиға орнынан 370-тен астам адам эвакуацияланған. Эвакуация жұмыстары жалғасып жатыр.
Киев облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконың мәліметінше, жарылыстардан кейін оқиға орнына жақын орналасқан шамамен 50 ғимарат бүлінген.
Украина бас прокуратурасы оқиғаға байланысты қызметтік немқұрайлылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында ресейлік шабуылдың барлық мән-жайы, сондай-ақ жарылыс қаупі бар заттар мен материалдардың кәсіпорын аумағында сақталуының заңдылығы тексеріледі.
Украина билігі оқ-дәрілерді тұрғын үйлерге жақын жерде орналастыруға болмайтынын хабарлады.
Ал Ресей қорғаныс министрлігі соққы оқ-дәрі қоймасына жасалғанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, қоймада FP-1 және FP-2 қашықтан басқарылатын ұшқышсыз ұшу аппараттарына арналған бөлшектер мен іске қосу үдеткіштері сақталған.
