Құтқарушылар өлімі. Басшылықтың әрекетіне құқықтық баға сұралды

196
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/9sVHW4v1hVd5OaCSnklwWQ5YFoSUznA1XxqthHS7.webp

Абай облысында шұғыл шақыртуға бара жатқан екі өрт сөндіруші жол апатынан көз жұмды. Қайғылы оқиғаға қатысты қызметтік тексеру басталды, жақындары басшылықтың әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап отыр, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Информбюро таратқан ақпарат бойынша, оқиға Семей–Курчатов тасжолында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері отырған Chevrolet көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Kia көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 36 жастағы Ермек Сыдықов пен 33 жастағы Арнұр Әдікенов оқиға орнында қаза тапты.

Марқұмдардың туыстары өрт сөндірушілердің шұғыл көмекке асыққанын айтады. Олардың сөзінше, Семей мен Курчатов арасындағы шамамен 130 шақырым жолды бір сағат ішінде жүріп өту тапсырылған. Осыған байланысты жақындары басшылықтың әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап отыр.

Ермек Сыдықовтың артында жұбайы мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды. Арнұр Әдікеновтің де әйелі мен бір баласы бар. Жол апатынан Kia көлігінде болған ерлі-зайыпты да қаза тапты. Олардың артында алты бала қалған.

Абай облысы төтенше жағдайлар департаменті қаза болған қызметкерлердің отбасыларына қажетті көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады. Қазір оқиға бойынша қызметтік тергеп-тексеру басталған. Оның қорытындысы бойынша лауазымды тұлғалардың әрекетіне баға берілмек.

Сонымен қатар жол-көлік оқиғасына қатысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

 

Comments