Қазақстанда ет бағасының өсуі жалғасып жатыр. Әсіресе қой етінің құны айтарлықтай қымбаттаған. 2026 жылғы шілдеде қой етінің бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,9 пайызға өскен. Бұл ретте елдегі ет өндірісі де артып, соңғы жылдардағы рекордтық деңгейге жетті, деп хабарлайды "Адырна".
Energyprom мәліметінше, қой еті Қазақстандағы ең жылдам қымбаттап жатқан ет түріне айналды. Өзге ет өнімдерінің бағасы да бір жыл ішінде айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, сиыр еті 15,1 пайызға, жылқы еті 14,4 пайызға қымбаттаған.
Қой етінің бағасы әсіресе көктем мен жаздың басында күрт өскен. Мәселен, мамыр айында оның құны бір айдың ішінде 4,7 пайызға артты. Бұл 2011 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан статистикадағы ең жоғары айлық өсім ретінде тіркелді.
Маусым айында қой етінің бағасы тағы 4,2 пайызға көтерілсе, шілдеде 2,3 пайызға өсті.
Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі бағаның қымбаттауын Құрбан айт қарсаңындағы сұраныстың артуымен түсіндірген еді. Ведомство Қазақстанда ет тапшылығы жоқ екенін де мәлімдеген. Алайда мерекеден кейін де қой етінің бағасы төмендемей, өсуін жалғастырды.
Ет өндірісі рекордтық деңгейге жетті
Бағаның өсуі ет өндірісінің артуы жағдайында байқалып отыр. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстанда 48,2 мың тонна жаңа және салқындатылған ет өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,3 пайызға көп. 2025 жылдың алғашқы жеті айында бұл көрсеткіш 44,1 мың тоннаны құраған.
Биылғы көрсеткіш 1999 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан статистикадағы алғашқы жеті ай үшін ең жоғары көлем болып отыр.
Дегенмен, ұзақ мерзімді кезеңмен салыстырғанда өндіріс көлемінің өсімі аса үлкен емес. Мысалы, 2016 жылдың қаңтар-шілде айларында елде 47,2 мың тонна ет өндірілген. Қарастырылып отырған кезеңдегі ең төменгі көрсеткіш 2021 жылы тіркеліп, 37,1 мың тоннаны құраған.
Ет бағасының қымбаттауына қарамастан, тұрғындардың ет және ет өнімдерін тұтыну көлемі айтарлықтай өзгермеген.
2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның бір тұрғынына орта есеппен 20,7 келі ет және ет өнімдері тиесілі болған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 20,6 келіні құраған.
Қазақстандықтар арасында ең көп тұтынылатын ет түрі – сиыр еті. Бір адамға тоқсанына орта есеппен 6 келі сиыр еті келеді. Қой етін тұтыну көлемі шамамен 1,1 келіні, ал шошқа етін тұтыну 0,8 келіні құрайды.
Сонымен қатар жылқы етінің тұтыну көлемі де артқан. Егер 2021 жылдың бірінші тоқсанында бір адам орта есеппен 1,8 келі жылқы етін тұтынса, 2026 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 2,2 келіге жеткен.
Жалпы Қазақстан бойынша ет бағасы бір жыл ішінде 15,8 пайызға өскен.
Ең жоғары өсім Жетісу облысында тіркелді – 21,9 пайыз. Ақмола және Ұлытау облыстарында ет бағасы 19,6 пайызға, Жамбыл облысында 17,4 пайызға, Солтүстік Қазақстан облысында 17,1 пайызға, Түркістан облысында 16,7 пайызға қымбаттаған.
Бағаның ең төмен өсімі Шығыс Қазақстан облысында байқалды – 12,2 пайыз. Қызылорда облысында ет құны 12,9 пайызға, ал Алматы облысында 13,6 пайызға өскен.
Яғни, баға өсімі салыстырмалы түрде төмен болған өңірлердің өзінде ет бір жыл ішінде 10 пайыздан астам қымбаттаған.
2026 жылғы шілдедегі мәлімет бойынша, сүйекті сиыр етінің орташа бағасы бір келісі шамамен 3,8 мың теңгені құраған. Ең жоғары баға Алматыда тіркеліп, бір келісі 4,2 мың теңгеге жуықтаған. Ал Ақтөбеде сиыр етінің орташа бағасы шамамен 3,4 мың теңге болған.
Қой етінің орташа бағасы ел бойынша бір келісі 4,5 мың теңгені құрады. Ең қымбат қой еті Астанада сатылған – бір келісі шамамен 5,4 мың теңге. Ал Көкшетауда қой етінің бағасы 3,8 мың теңге шамасында болған.
Жылқы етінің орташа құны бір келісі 4,3 мың теңгеге жетті. Петропавлда оның бағасы 4,7 мың теңгеге дейін көтерілсе, Түркістанда шамамен 4 мың теңгені құраған.
Ал шошқа етінің орташа бағасы бір келісі шамамен 3 мың теңге болған.
Осылайша, Қазақстанда ет өндірісі рекордтық деңгейге жеткенімен, бұл жағдай нарықтағы бағаның төмендеуіне әсер етпей отыр. Әсіресе қой етінің бірнеше ай қатарынан қымбаттауы тұрғындардың шығынына әсер етіп, азық-түлік бағасының өсуі мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.
