Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты таңдаулы сөздер жинағын оқып шықтым.
Бұл еңбекті қарапайым ғана қанатты сөздер жинағы деп бағалау жеткіліксіз деп ойлаймын.
Кітап – мемлекет қайраткерінің отыз жылдан астам уақыт бойы қалыптасқан дүниетанымын, кәсіби тәжірибесін, мемлекетшілдік ұстанымдарын және ел болашағына қатысты ой-тұжырымдарының сабақтастығын танытатын мазмұнды еңбек.
Жинақтың ерекшелігі – Мемлекет басшысының әр жылдары айтқан сөздері мен ойларының уақыт ретімен ғана емес, мағыналық тұрғыдан да жүйеленуінде.
Кітаптағы 21 тақырып өзара сабақтаса отырып, мемлекет пен қоғам дамуының негізгі бағыттарын біртұтас дүниетанымдық арнаға тоғыстырады.
Кітаптың алғысөзінде де осы ерекшелік орынды атап көрсетілген. Жинақта Президенттің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері халықаралық және ел ішіндегі түрлі жиындарда айтқан таңдаулы сөздері, мақалалары мен еңбектеріндегі іргелі тұжырымдары қамтылған.
Автордың әр жылдардағы ойлары бір-бірімен үндесіп, жалғасып, толықтырып отыратыны оның көзқарастарының уақыт сынынан өткенін көрсетеді.
Менің назарымды ерекше аударған бөлімдердің бірі – «Заң мен тәртіп».
Құқық саласында еңбек етіп келе жатқан, заңгерлер қауымдастығының төрағасы ретінде заң үстемдігі мен тәртіп мәселелерінің кез келген мемлекеттің тұрақтылығы үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Сондықтан бұл бөлімдегі ойлар маған ерекше жақын болды.
Президенттің: «Қазақ халқы - қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет» деген пікірі қазақ халқының тарихи құқықтық мәдениетіне назар аударады.
Шын мәнінде, заңға құрмет халқымыздың тарихи құқықтық мәдениетінің маңызды бөлігі болған. Қазақ қоғамында елдің ішкі тәртібін сақтау, дау-жанжалды шешу, әділ төрелік айту, ел бірлігін нығайту сияқты құндылықтар ежелден дала заңдарымен және дәстүрлі құқықтық мәдениетпен сабақтасып келген. Осы тарихи сабақтастық бүгінгі заң үстемдігі қағидатының ұлттық мемлекеттілік дәстүрімен өзара үндестігін көрсетеді.
Жинақтағы тағы бір маңызды тұжырым: «Заң үстемдігін орната алмаған ел түбінде құрдымға кетеді» деген сөз.
Бұл – қысқа болғанымен, мемлекетті басқарудың ең негізгі заңдылықтарының бірін дәл көрсететін тұжырым. Мемлекеттің тұрақтылығы, азаматтардың қауіпсіздігі, экономикалық даму, қоғамдық сенім және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы ең алдымен заң үстемдігіне байланысты.
Ал: «Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда Заң үстемдігі болуы қажет» деген ой заң мен тәртіптің қоғамның тұрақты әрі қалыпты өмір сүруін қамтамасыз ететін негізгі қағидат екенін айқындайды.
Заңның болуы оның қоғам өмірінде толыққанды жүзеге асуын қамтамасыз етпейді. Ол үшін заң талаптарын орындау мәдениеті қалыптасуы қажет. Сондықтан заң үстемдігі – әр азаматтың күнделікті өмірінен басталатын ортақ жауапкершілік.
Осы тұрғыдан алғанда, әділеттілік пен заң үстемдігі бір-бірінен ажырағысыз ұғымдар деп есептеймін.
Кітаптың «Ұлт сапасы» атты алғашқы бөлімінде Мемлекет басшысының: «Әділеттілік – қоғамды өркениетке жетелейтін, оның бет-бейнесін айқындайтын басты құндылық» деген сөзі келтірілген.
Бұл пікірге толық қосыламын.
Шынында да, кез келген мемлекеттің даму деңгейін экономикалық көрсеткіштерімен қатар, қоғамдағы әділеттілік деңгейі де айқындайды. Әділет орныққан жерде азаматтардың мемлекетке деген сенімі артады. Заң баршаға бірдей қолданылған жерде жауапкершілік артады. Ал сенім мен өзара жауапкершілік орныққан қоғам тұрақты әрі өркениетті мемлекет құруға қабілетті.
Қоғамға әділеттілікті орнықтыратын – мемлекет, оның заңдары, осы бағыттағы іс-әрекеті мен қабылдайтын шешімдері. Сондықтан әділетті қоғам құру жолындағы ең басты міндеттердің бірі – заңның баршаға бірдей әрі әділ қолданылуын қамтамасыз ету.
Әділеттіліктің негізінде барлық азаматқа тең құқық беру және баршаға ортақ жауапкершілік қағидатын орнықтыру жатыр. Бұл тұрғыда кітаптағы заң мен тәртіпке қатысты ойлар бүгінгі қоғамдық сұраныспен тікелей үндеседі.
Меніңше, ұлт сапасы, әділеттілік, заң үстемдігі және тәртіп – бір-бірімен сабақтас ұғымдар. Ұлт сапасы әділеттіліктен басталады, әділеттілік заң үстемдігін қажет етеді, ал заң үстемдігі тәртіп пен жауапкершілік арқылы орнығады.
Мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілік мәселесі де жинақта кеңінен көрініс тапқан.
Әділетті мемлекет құру мемлекеттік органдардың, мемлекеттік басқару институттарының және бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл іске әр азамат өз үлесін қосуы қажет. Себебі әділетті мемлекет әділетті заңдармен қатар, сол заңдарды құрметтейтін және жауапкершілікпен орындайтын азаматтар арқылы қалыптасады.
Бұл жерде қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөзі еріксіз еске түседі.
Бұл сөздің мәні бүгін де терең.
Тәртіп – ортақ еркіндікті, қауіпсіздікті және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды негіз. Заңды сақтау азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі. Тәртіп орныққан қоғамда әр азамат өз құқықтары мен міндеттерін терең түсініп, өзгенің де құқықтары мен мүдделерін құрметтейді.
Осы тұрғыдан алғанда, «Заң мен тәртіп» қағидаты қоғам өмірінің берік негізін құрайды. Оның орнығуы әр азаматтың заңды құрметтеп, өз құқықтары мен міндеттерін жауапкершілікпен орындауынан басталады.
Жинақтың мазмұндық тұтастығы заң мен тәртіп мәселесінің әділеттілік, еңбек, білім, ұлттық тәрбие, патриотизм, жауапкершілік және азаматтық сана сияқты ұғымдармен тығыз байланысынан да көрінеді.
Өйткені сапалы заң мен тиімді мемлекеттік басқарудың өзі сапалы азаматсыз толық нәтиже бере алмайды. Мемлекеттің болашағын қалыптастыратын – ең алдымен адам. Сондықтан жинақтағы «Ұлт сапасы» тақырыбының кітаптың алғашқы бөлімдерінің бірі ретінде берілуі де заңды деп ойлаймын.
Мемлекеттің қуаты оның азаматтарының сапасымен өлшенеді. Білімді, еңбекқор, адал, жауапты, заңға құрметпен қарайтын азаматтар көбейген сайын қоғам да нығая түседі.
Бұл ретте Абайдың «Сөзін оқы және ойла» деген тағылымды қағидасы кітаптың мазмұнына өте үйлеседі. Жинақты оқудың өзі жеткіліксіз. Ондағы ойларды зерделеп, олардың мәнін түсініп, өмірлік ұстанымға айналдыра білу маңызды.
Әсіресе жастар үшін бұл кітаптың тәрбиелік және танымдық мәні зор деп есептеймін. Себебі кітапта елдің тәуелсіздігі, мемлекетшілдігі, заң мен тәртіп, әділеттілік, білім мен ғылым, еңбек, ұлттық құндылықтар және болашақ даму мәселелері бір арнаға тоғысады.
Жастар мемлекеттің болашағы ғана емес, бүгінгі қоғамдық өмірдің белсенді қатысушылары. Сондықтан оларға заңды құрметтеу, өз құқықтарын білу, өз міндеттерін орындау, еңбек ету, білім алуға ұмтылу және ел тағдырына жауапкершілікпен қарау сияқты құндылықтарды сіңіру – бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Меніңше, «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағының басты құндылығы да осында.
Бұл кітаптан Мемлекет басшысының әр жылдардағы ой-пікірлерін, мемлекетшілдік көзқарасының қалыптасу логикасын және елді дамытуға бағытталған ұстанымдарының сабақтастығын тануға болады. Ертеректе айтылған кейбір ойлардың жылдар өте келе мемлекеттік саясаттың нақты бағыттарына айналуы осы сабақтастықтың айқын дәлелі.
Кітап атауының өзі – «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» – үлкен мағынаға ие.
Әділетті қоғамға жету үшін шындықты айту, нақты проблемаларды мойындау және оларды шешуге табанды түрде кірісу қажет. Мемлекет пен қоғам арасындағы сенім де ашықтық пен жауапкершіліктен басталады.
Мен бұл жинақты қазіргі Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуын, мемлекеттік басқару философиясын және заң мен тәртіп қағидатының маңызын түсінуге мүмкіндік беретін құнды еңбек деп бағалаймын.
Қорыта айтқанда, әділетті мемлекет – заң үстемдігі орныққан, тәртіп сақталған, азаматтардың құқығы қорғалған, жауапкершілік баршаға ортақ, ал адам мен оның еңбегі ең жоғары құндылық ретінде бағаланатын мемлекет.
Осындай мемлекетті қалыптастыру – үздіксіз еңбекті, саяси ерік-жігерді, қоғамдық жауапкершілікті және әр азаматтың саналы ұстанымын талап ететін ұзақ жол.
Сондықтан «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының мазмұнын бір сөйлеммен түйіндесем, әділетті қоғамның негізі – сапалы адам, берік мемлекет, заң үстемдігі және орнықты тәртіп дер едім.
Бұл жинақ – өткен жолға көз жүгіртіп қана қоймай, алдағы бағытты айқындауға да мүмкіндік беретін еңбек. Оны әр азамат, әсіресе мемлекеттік қызметшілер, құқық саласының мамандары, жастар мен ел болашағына алаңдайтын оқырмандар оқып, ой елегінен өткізсе, кітаптың негізгі миссиясы орындалды деп есептеймін.
Абайдың «Сөзін оқы және ойла» деген өсиетін басшылыққа ала отырып, бұл кітапты оқырманды ойлануға, талдауға және тағылым алуға жетелейтін құнды еңбек ретінде ұсынар едім.
Серік Ақылбай
«Қазақстан заңгерлер одағы» РҚБ төрағасы,
Республикалық заң консультанттары алқасының төрағасы
