Қайрат Рысқұлбековтің әйгілі суретін түсірген фотограф дүниеден озды

371
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/B0ACHBBZCAQ5NCVMwRmPAF75MzoWiEuDSiNxIvk7.jpg

68 жасында белгілі қазақстандық фототілші Юрий Беккер мезгілсіз дүниеден өтті. Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жеткізді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Юрий Зельмановичтің туған-туыстары мен жақындарына, әріптестеріне, достарына және оны білетін барша қауымға қайғырып көңіл айтады. Ол ұзақ жылдар бойы журналистика саласында еңбек етіп, Қазақстанның фотошежіресін жасауға зор үлес қосты. Беккердің объективіне елдің қоғамдық, саяси және мәдени өміріндегі маңызды оқиғалар, белгілі мемлекет қайраткерлері, еңбек адамдары мен қарапайым азаматтар ілікті. Фотосуреттері Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының бір бөлігіне айналып, өз дәуірінің тұлғалары мен оқиғаларын келер ұрпаққа жеткізді»,– делінген хабарламада.

Юрий Зельмановичтің кәсіби жолының елеулі бөлігі «Казахстанская правда» газетінің редакциясымен байланысты болды. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін редакцияда еңбек етті.

Айта кетейік, Юрий Беккер 1987 жылы желтоқсанда Желтоқсан оқиғасына қатысушылар Қайрат Рысқұлбеков, Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев пен Ертай Көпесбаевқа қатысты өткен сот отырысына фототілші ретінде қатысқан. Ол – сот залындағы төртеудің басын тік көтеріп отырған әйгілі суреттің авторы. Оның объективіне 2003 жылғы Қазақстан кубогының финалы да түскен. Сол кездесуде Златко Крмпотич жаттықтырған «Қайрат» «Жеңісті» 3:1 есебімен жеңіп, клуб тарихындағы төртінші кубогын иеленген. Сонымен қатар Юрий Беккер алматылық клубтың Чемпиондар лигасындағы соңғы маусымдарға дейінгі ойындарын, соның ішінде 2025 жылы мадридтік «Реалға» қарсы өткен кездесуін де таспаға түсірген.

Comments