Фото: Straits Sights / Twitter
Түркия Қара теңізге Дарданелл бұғазы арқылы өтетін коммерциялық кемелердің қозғалысын шектей бастады. Бұған сауда флотына жасалған дрон шабуылдарының жиілеуі себеп болған. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды, деп хабарлайды "Адырна".
Түркияның Жағалау қауіпсіздігі бас басқармасы Новороссийск портына бет алған бірнеше кемеге аталған бағыт бойынша жүруге рұқсат берілмейтінін немесе өтінімдерді қарауға қосымша уақыт қажет екенін хабарлаған.
Новороссийск — Ресейдің мұнай мен астық экспортындағы маңызды порттарының бірі.
Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, шектеулер Украина порттарына бағыт алған кемелерге де әсер еткен. Алайда Анкара бұл шешімнің нақты себебін ресми түрде түсіндірмеген.
Сонымен қатар кеме қозғалысын бақылау деректері Түркия мен Болгария порттарына бет алған кемелердің солтүстік бағыттағы қозғалысын жалғастырғанын көрсеткен.
Түркияның бұл шешіміне дейін Қара теңіздегі азаматтық кемелерге бірнеше шабуыл жасалған.
1 тамызда контейнер тасымалдаушы «Янина» кемесіне дрондар шабуыл жасаған.
3 тамызда Самсуннан Новороссийскіге көкөніс пен жеміс тасымалдап бара жатқан түркиялық Nadezhda кемесіне шабуыл жасалып, бортта өрт шыққан. Бірнеше экипаж мүшесі зардап шеккен.
Ал 7 тамызда Новороссийск жағалауында түркиялық MV Güllük құрғақ жүк кемесіне шабуыл жасалған.
Бұған дейін, 4 тамызда, Түркия Сыртқы істер министрлігі Ресей мен Украинаны теңіздегі кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «шұғыл түрде нақты шаралар қабылдауға» шақырған. Анкара қақтығыстың одан әрі өршуі азық-түлік қауіпсіздігін қоса алғанда, көпжақты салдарға әкелуі мүмкін екенін ескерткен.
Түркия Дарданелл бұғазын толық жаба ала ма?
Құқықтық тұрғыдан Түркия коммерциялық кемелер үшін Дарданелл бұғазын толық жаба алмайды.
Бұғаздар арқылы өту тәртібі 1936 жылғы Монтрё конвенциясымен реттеледі. Конвенция Түркия соғысқа қатысушы тарап болмаған жағдайда, кез келген елдің туын көтерген және кез келген жүк тасымалдайтын сауда кемелерінің бұғаздар арқылы еркін өту құқығын сақтайды.
Алайда Түркия өзі соғыс жағдайында тұрған мемлекеттердің коммерциялық кемелеріне шектеу қоя алады. Бұл әскери кемелерге қатысты талаптардан өзгеше. Анкара әскери кемелердің Қара теңізге өтуін 2022 жылы-ақ шектеген болатын.
Осылайша, қазіргі шектеулер Қара теңіздегі азаматтық кеме қатынасының қауіпсіздігіне байланысты енгізіліп отырғанымен, Түркияның бұғаздарды толық жабуы халықаралық құқық тұрғысынан бірқатар шектеулерге байланысты мүмкін емес.
