Құрылтай сайлауына арналған телевизиялық дебаттың нәтижесі қандай?

212
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/QdEEKREGQJfC8syKqXIQ0BOtthsU45Kct4dCphhi.jpg

Астанада Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партия өкілдерінің қатысуымен телевизиялық сайлауалды дебат өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Білім беру жүйесін дамыту тақырыбына арналған пікірталас Жетінші арнаның тікелей эфирінде көрсетілді.

Дебатқа «Әділет», ЖСДП, «Байтақ», Қазақстан Халық партиясы, «Ауыл», «Ақ жол» және Respublica партияларының өкілдері қатысты. Қатысушылар білім беру саласын дамытуға қатысты сайлауалды бағдарламаларындағы басым бағыттарды таныстырып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Пікірталас төрт кезеңнен тұрды. Партия өкілдері бағдарламаларын таныстырып, бір-біріне сұрақ қойды, көрермендердің сауалдарына жауап беріп, сайлаушыларға қорытынды үндеу жасады. Талқылау барысында білім беру жүйесін цифрландыру, жоғары білімнің қолжетімділігі, жұмысшы кадрларды даярлау, педагогтердің мәртебесін арттыру, ауыл жастарын қолдау және қазақстандық жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігін күшейту мәселелері сөз болды.

Эфир барысында көрермендер QR-код арқылы ұйымдастырылған онлайн дауыс беруге қатысты. Дауыс беру қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы – 45,48%, «Ауыл» партиясы – 15,58%, Respublica партиясы – 12,01%, ЖСДП – 9,71%, «Ақ жол» партиясы – 7,98%, Қазақстан Халық партиясы – 6,96%, «Байтақ» партиясы – 1,58% дауыс жинады. Ал «Ешқайсысын қолдамаймын» нұсқасын қатысушылардың 0,70%-ы таңдаған.

Теледебат Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасының талаптарына сәйкес ұйымдастырылып, саяси партиялар, сарапшылар мен сайлаушылар арасындағы ашық диалог алаңына айналды.

Comments