Қазақстан миниистрлігі АҚШ енгізген қосымша баж салығына қатысты пікір білдірді

95
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/SzrKxV9ydSGQ8ZEiZU1ltUhnvMGTpeP22MNXMOVh.webp

Қазақстан сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың қазақстандық тауарлардың бір бөлігіне 12,5 пайыз көлемінде қосымша импорттық баж салығын енгізуге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Tengrinews дерегінше, аталған шара арнайы Қазақстанға қарсы бағытталмаған және АҚШ-тың кең ауқымды сауда саясаты аясында қабылданған.

СІМ жаңа баждар 2026 жылдың ақпан айынан бастап АҚШ-тың 1974 жылғы Сауда туралы заңының 122-бөлімі негізінде енгізілген 10 пайыздық уақытша әмбебап импорттық үстеме баждың орнына қолданылып отырғанын хабарлады. Министрлік Қазақстан тарапы бұл өзгерістер туралы алдын ала хабардар болғанын және америкалық тараппен тиісті консультациялар өткізілгенін атап өтті. Кездесулер барысында сауда және интеграция министрлігі Қазақстандағы еңбек заңнамасы мен мәжбүрлі еңбекке қарсы қабылданып жатқан шаралар жөнінде ақпарат ұсынған.

АҚШ сауда өкілдігі қорытындысына сәйкес, Қазақстан мәжбүрлі еңбек арқылы өндірілген тауарлардың импортына жеке тыйым салынбаған елдердің қатарына енгізілген.

Сыртқы істер министрлігінің түсіндіруінше, АҚШ қабылдаған шешім Қазақстандағы үшінші елдерден келетін тиісті өнімдер импортына бақылау тетіктерін бағалауға байланысты. Сонымен қатар ведомство Қазақстанның мәжбүрлі еңбекті жою жөніндегі халықаралық міндеттемелерді дәйекті түрде орындап келе жатқанын, Халықаралық еңбек ұйымы мен өзге де көпжақты тетіктер аясындағы жұмысты жалғастыратынын жеткізді.

Министрлік бұл шешімнің тек Қазақстанға ғана қатысты емес екенін де атап өтті.

«АҚШ Сауда өкілдігінің шешімі АҚШ импортының 99,4 пайызын құрайтын 60 экономикаға қолданылады. Сондықтан бұл шара Қазақстанға ғана бағытталған емес, америкалық әкімшіліктің жалпы сауда саясатының бір бөлігі», – делінген СІМ хабарламасында.

Comments