Астанада автонесие арқылы азаматтар мен банктерді алдаған қылмыстық топқа қатысты сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Сот дерегінше, топ мүшелері 96 автокөлікті заңсыз иемденіп, жоқ 47 көлікке несие рәсімдеу арқылы жалпы көлемі шамамен 2 млрд теңге шығын келтірген.
Сотта анықталғандай, қылмыстық топтың құрамында 13 адам болған. Олардың қатарында банк қызметкерлері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкерлері, көлік тасымалдаушылар мен делдалдар болған.
Тергеу нұсқасы бойынша, алаяқтар азаматтарға автокөлікті несиеге алып, кейін оны тиімді шартпен жалға беруді ұсынған. Несие рәсімдеу кезінде өтініш берушілердің табысы жасанды түрде жоғары көрсетіліп, банк мақұлдауын алу жеңілдетілген.
Несиеге алынған көліктер кейін ұйымдасқан топ мүшелерінің қолына өтіп, олардың бір бөлігі каршерингте пайдаланылғанымен, басым бөлігі Ресейге шығарылып, есептен алынып сатылған. Осы схема нәтижесінде 70-тен астам қазақстандық 1 млрд теңгеден астам шығынға ұшыраған.
Сонымен қатар, тергеу барысында «Азаматтарға арналған үкімет» қызметкерлерінің қатысуымен мүлде болмаған автокөліктердің тіркелгені анықталды. Қылмыстық топ жалған құжаттар әзірлеп, VIN-кодтар мен мемлекеттік нөмірлер жасап, кейін сол «көліктерге» үшінші тұлғалар арқылы несие рәсімдеген. Осылайша жалпы құны 743 млн теңгеге жуық 47 жалған автокөлік рәсімделген.
Сот үкімімен қылмыстық топтың жетекшісі 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған мүшелері 6 жылдан 8 жылға дейін, ал мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері 3 жылға жетпейтін мерзімге сотталды.
The 100th anniversary of Berdibek Sokpakbaev and Nurgisa Tilendiev will be celebrated at the level of UNESCO
