Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық Домбыра күнімен құттықтады. Бұл туралы 5 шілдеде Ақорданың баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Президенттің айтуынша, қос ішекті қасиетті аспап ғасырлар бойы ұлттың үніне айналып, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға қызмет етіп келеді.
«Домбыра арқылы тереңнен тамыр тартқан төл құндылықтарымыз жұрт жадында жаңғырып, төрге озады. Осылайша, дәуірлер мен ұрпақтар арасындағы сабақтастық сақталып келеді.
Шын мәнінде, ұлттың үні саналатын қасиетті аспабымыз қуанышты сәттерде де, қиын кездерде де берекелі бірлігімізді нығайтып, елдің рухын асқақтатуға себепкер болды. Домбыраның күмбірі азаматтарымызды жігерлендіреді, алға нық қадам жасауды көздеген рухани бағыт-бағдарымызбен үндеседі»,–деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев домбыра қазақ мәдениетінің мызғымас тұғыры болып қала беретінін жеткізді.
«Жаһандық сын-қатерлер күшейіп, дәстүрлі құндылықтар көмескіленген қазіргідей алмағайып заманда Ұлы даланың мол мұрасы, әсіресе, қара Домбырамыз төл мәдениетіміздің мызғымас тұғыры болып қала береді.
Халықаралық қауымдастыққа қазақ домбырасының сазды әуенін таныстыру – біздің жалпыұлттық парызымыз. Аса көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деген тамаша теңеуі домбыраны кеңінен дәріптеу ісінде темірқазық іспеттес болуға тиіс деп ойлаймын. 1 шілдеде, яғни Домбыра күні қарсаңында мемлекеттілік жылнамасының жаңа парағын ашқан Халық Конституциясы заңды күшіне енді. Мұның символдық мәні айрықша.
Тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау алғаш рет шын мәнінде Халық Ата заңының негізгі қағидаты ретінде айқындалды. Бұл өсіп-өркендеуге бет алған халқымыздың бітім-болмысына, мақсат-мүддесіне толық сай келетіні сөзсіз»,–деді президент.
Мемлекет басшысы домбырашыларға, ұстаздарға және ұлттық өнерді елімізде әрі шетелде насихаттап жүрген азаматтарға алғыс білдіріп, қазақтың ән-күйі халыққа шабыт беріп, Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру жолында жаңа жетістіктерге жетелей беретінін атап өтті.
Айта кетейік, Қазақстанда шілденің бірінші жексенбісінде Ұлттық домбыра күні тойланады.
“I knew I would score 140”: What’s the secret behind the Unified National Test (UNT) top scorer’s success?
