Қарағандыда жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған форум өтті

72
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/WiSXmApf5UHA9E2PH6e7TSxcLM0RkI7je6VvhUdC.jpg

Қарағандыда жаңа Конституцияның күшіне енуіне арналған «Жаңа Конституция – Әділетті Қазақстанның негізі» атты өңірлік сарапшылық форум өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, сот жүйесі мен прокуратура қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктер және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Сонымен қатар Орталық саябақта жаңа Ата Заңды қолдауға арналған жастар флешмобы ұйымдастырылды.

Форум барысында қатысушылар үш негізгі мәселені талқылады: жаңа Ата Заңның мемлекетті нығайтудағы рөлі, бұл үдеріске әрбір азаматтың қосатын үлесі және Конституция қорғауға тиіс құндылықтар. Талқылау өзегінде адам құқықтары мен міндеттері, азаматтық қоғамды дамыту, отбасылық құндылықтар мен қоғамдық келісімді нығайту мәселелері болды.

— Ата Заңның ең басты құндылығы — адам, оның өмірі, құқықтары, бостандықтары, еңбегі мен қадір-қасиеті. Жаңа Конституция — жалпыхалықтық референдумда қабылданған ортақ таңдауымыз. Бүгін оны іс жүзінде жүзеге асырудың жаңа кезеңі басталады. Оның нормалары мен құндылықтарын қаншалықты дәйекті ұстанатынымыз жүргізіліп жатқан реформалардың табысы мен қоғамның мемлекетке деген сенімін айқындайды, — деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев заң үстемдігі мен азаматтардың конституциялық құқықтарының маңыздылығына ерекше тоқталды.

— Әділеттілік, заң мен тәртіп, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарау сияқты соңғы жылдары қоғамдық сананың ажырамас бөлігіне айналған қағидаттар алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді. Конституцияның басты құндылығы — онда биліктің емес, халықтың еркі көрініс табады. Өйткені Ата Заңға сәйкес Қазақстандағы мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі — халық, — деді ол.

Облыстық соттың төрағасы Ерден Әріпов сот төрелігін жүзеге асырудағы жаңа жағдайлар туралы айтып өтті.

— Бүгінде сот жүйесінің рөлі жекелеген құқықтық дауларды шешумен ғана шектелмейді. Сот конституциялық құндылықтарды іске асырудың және қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтудың маңызды институтына айналып отыр. Жаңа Конституция азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін едәуір күшейтті. Маңызды жаңашылдықтардың бірі — адвокатураның конституциялық мәртебесінің бекітілуі. Бұл оның құқықтық мәртебесін арттырып қана қоймай, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы шешуші рөлін айқындады, — деп түсіндірді ол.

Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Қобжанов «Қазақстан Халық Кеңесінің» құрылуы өңірлердің бастамаларын ескеруге қосымша мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның пікірінше, қоғамдық диалогтың жаңа жүйесі тұрғындардың ұсыныстарын республикалық деңгейге тиімді жеткізуге және оларды мемлекеттік бағдарламалар мен заңнамалық бастамаларды әзірлеу барысында ескеруге жол ашады.

— Конституция ынтымақ, топтасу және халық бірлігі рухымен астасқан. Бүгін біз еліміздің өмірінде жаңа парақ ашып, мемлекеттік, саяси және қоғамдық құрылыстың жаңа үлгісіне қадам басып отырмыз. Өз тиімділігін дәлелдеген барлық құрылымдар толыққанды жұмысын жалғастырады, соның ішінде өңірдің этномәдени бірлестіктері де бар. Енді олар облыстық Қоғамдық кеңестің қызметіне ықпалдасып, өзара ынтымақтастықты одан әрі күшейтеді, — деді Қарағанды облыстық еврей мәдениеті орталығының төрағасы Вилен Молотов-Лучанский.

Форум соңында өңірдің дамуына үлес қосқан қоғам өкілдеріне Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының арнайы басылымын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.

Comments
Other materials