Ринат Зайыт не себепті депутаттық мандатқа ұмтылғанын айтты

364
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Ns7D3Vim65ps7lXySfhLBOhDHJLBh6iiyqxKbwQv.jpg

Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт парламенттегі үш жылдық қызметінің аяқталғанын айтып, осы уақыт ішінде атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол депутаттыққа келудегі басты мақсаты халық мүддесін қорғау және елге пайдалы қызмет атқару болғанын жеткізді.

«Әу бастан мандатқа ұмтылғанымның екі себебі болды. Біріншісі – 2019 жылы көпшіліктің алдында елдің мүддесін жан салып қорғауға уәде еткенім, екіншісі- мүмкіндігі бар жерден халықтың пайдасына жарайтын қызмет атқарғым келгені.  Шүкір. Толықтай демесем де, екі бірдей тілегім де орындалады.

Мәжілісте жүрген үш жылдың бір күнін де жеке пайдама немесе қалтамның қамы үшін жұмсамағанымды көздеріңізге тік қарап, мақтанышпен айта аламын. Қандай жиналыс, қай отырыс болмасын халықтың мүддесін саудаға салған жоқпын. Депутат болуыма тікелей қолдау көрсеткен AMANAT партиясы мен төраға Ерлан Жақанұлы Қошановтың демеуінің арқасында ауыз толтырып айта алатындай жұмыс жасадым»,–деді ол.

Ринат Зайыт мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көтеру, ҰБТ жүйесін мемлекетке қайтару, Семейдегі саяжай мәселесін шешу, онлайн алаяқтық құрбандарын қорғау, заңсыз шығарылған активтерді қайтару, МӘМС жүйесін жетілдіру, мемлекеттік тілдің ақпараттық кеңістіктегі үлесін арттыру және шетелдіктерге суррогат ана қызметін пайдалануға тыйым салу сияқты бастамаларда өз үлесі болғанын атап өтті.

«Иә, кейде қалаған мақсатқа қол жеткізе алмай «бармақ шайнаған» кездерім де аз болған жоқ. Ол өзіммен мүдделес адамдардың аздығынан деп түсінерсіздер. Мәжіліс – жеке батырлық жасайтын жер емес. Атқарған жұмыстарым жайлы толық, ашық ақпарды алдағы уақытта кеңінен жариялаймын, бұйырса»,– деді депутат.

Еске салайық, 29 маусым күні Қазақстан тарихындағы сенаттың соңғы отырыс өткен еді.

 

 

Comments