Әлеуметтік желілерде Қазақстанның тұңғыш президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаевамен байланыстырылатын Лондондағы зәулім үйдің суреттері жарияланды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ұлысмедиаға сілтеп.
БАҚ мәліметінше, бірнеше жылдан бері сатылымда тұрған жылжымайтын мүлікке әлі күнге дейін сатып алушы табылмаған.
Мәліметке сәйкес, зәулім үй Лондонның беделді аудандарының бірі – Highgate гольф-клубының маңындағы Denewood Road көшесінде орналасқан. Нысан алғаш рет 2022 жылдың наурыз айында, Қазақстандағы Қаңтар оқиғасынан кейін сатылымға шығарылған. Сол кезде үйдің бағасы 11,8 миллион АҚШ доллары болса, қазір ол 10,5 миллион долларға дейін төмендетілген. Жалпы аумағы шамамен 765 шаршы метрді құрайтын үйде жеті жатын бөлме, алты жуыну бөлмесі, бірнеше қонақ бөлмесі, бассейн, бильярд залы және қысқы бақ бар.
Жарияланған фотосуреттер әлеуметтік желі қолданушыларының назарын ерекше аударды. Көпшілік сәнді интерьермен қатар, үй ішіндегі қазақы кілемдер мен көрпешелерді қызу талқылап жатыр.
Айта кетейік, бұл жылжымайтын мүліктің түпкі иесі ретінде Дариға Назарбаеваның есімі 2020 жылы аталған. Сол кезде Ұлыбританияның Қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігі аталған үй мен тағы екі нысанға қатысты сатып алу қаражатының шығу тегін түсіндіруді талап етіп, оларды бұғаттауға әрекет жасаған. Алайда кейін Лондон соты бұл мүліктерге салынған шектеуді алып тастады.
