Ресейдің Украинада қаза тапқан әскерінің саны 229 мыңнан асты

67
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/YhKGyV4BkCA5QRnv4dz0EYDhIYcvQoNdk4LaLmAz.webp

"Медиазона" басылымы және еріктілер тобы жүргізген бірлескен зерттеу нәтижесінде Украинадағы соғыс басталғалы қаза тапқан 229 254 ресейлік әскери қызметшінің аты-жөні анықталған, деп хабарлайды "Адырна" ВВС-ге сілтеп.

Зерттеу авторлары бұл тізім тек ашық дереккөздерге негізделгенін, сондықтан соғыста қаза тапқандардың нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін атап өтті. Жиналған мәліметтерге сәйкес, қаза тапқандардың 56 пайызы соғыс басталғаннан кейін ғана Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған және бұған дейін азаматтық салада еңбек еткен адамдар болған.

Зерттеу барысында соңғы бір жылда әскер қатарына өз еркімен қосылғандардың арасында ірі көлемдегі қарызы бар немесе қылмыстық қудалаудан жалтаруға тырысқан азаматтардың үлесі артқаны байқалған.

Авторлар мысал ретінде Коми Республикасының тұрғыны Сергей Махоткинді келтіреді. Бұған дейін бірнеше рет сотталған ол жалған еуро купюраларын өткізбек болды деген айыптан кейін соттан құтылу үшін әскери келісімшартқа қол қойған. Кейін оның майданда қаза тапқаны хабарланған.

Сондай-ақ зерттеуде кісі өлтіргені үшін сотталған Игорь Сиволодскийдің де әскери қызметке екі мәрте келісімшарт арқылы аттанғаны айтылған. Ол алғашында жеке әскери компания құрамында соғысқа қатысып, кейін тағы бір қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатқан кезде қайтадан келісімшарт жасап, майданға кеткен. Кейін оның қаза тапқаны белгілі болған.

Материалда 2024 жылдан бастап Ресейде қылмыстық істер бойынша күдіктілер мен айыпталушыларға Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасқан жағдайда соттан жалтаруға мүмкіндік беретін құқықтық тетік енгізілгені көрсетілген. Зерттеу авторлары мұндай тәжірибе армия қатарын толықтырудың маңызды құралдарының біріне айналғанын айтады.

Сонымен қатар талдау нәтижесі бойынша, соңғы уақытта қаза тапқандар арасында түзеу мекемелерінен әскерге алынғандардың үлесі азайып, азаматтық өмірден өз еркімен келісімшартқа отырғандардың үлесі өсіп келеді.

Comments