Шығыс Қазақстан облысының прокуратура органдары тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсету және түрлі құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру мақсатында республикалық «Құқықтық дәріхана» акциясын өткізді.
Іс-шара облыстың барлық қала және аудандарын қамтыды. Облыс орталығында акция Өскемен қаласындағы «ADK River» сауда-ойын-сауық орталығында, «Император» сауда үйінде, сондай-ақ С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің алаңында ұйымдастырылды.
Акция барысында тұрғындарға өздерін қызықтырған барлық мәселелер бойынша білікті құқықтық көмек көрсетіліп, қолданыстағы заңнама аясында өз құқықтарын іске асыру жолдары жан-жақты түсіндірілді.
Жалпы, азаматтардың негізгі сұрақтары еңбек және жер заңнамасына, мұраны рәсімдеу мен беру тәртібіне, сот актілерін орындауға, кәсіпкерлік қызметті бастауға, салықтық ауыртпалықтарға және басқа да құқықтық мәселелерге қатысты болды.
Сонымен қатар, халық арасында интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Прокуратура қызметкерлері тұрғындарға цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу қажеттігін еске салды.
Жазғы демалыс кезеңіне байланысты кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, есірткінің заңсыз айналымына және өзге де заңсыз табыс табу схемаларына қатысудың құқықтық салдары түсіндірілді.
Өткізілген акция мен тегін құқықтық көмектің қолжетімділігі облыс тұрғындарының оң бағасына ие болды.



