Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, мемлекеттік қызмет саласында жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарды кәсіби мерекемен құттықтады.
– Сіздерді 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күнімен шын жүректен құттықтаймын! Халыққа адал қызмет ету – абыройлы және маңызды міндет. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Әрбір мемлекеттік қызметші мемлекетшіл болуы керек» деп атап өткен болатын. Сондықтан Отан алдындағы антымызға адал болып, ел сенімін ақтау – әрқайсымызға жүктелген үлкен сенім мен жауапкершілік. Қадірлі әріптестер! Биыл Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 8 жыл толып отыр. Осы қысқа ғана уақыт ішінде сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында Түркістан облысы қарқынды дамыды. Өңірімізде 134 денсаулық сақтау нысаны, 443 спорт нысаны, 185 мектеп салынды. Халықаралық талапқа сай спорт, мәдениет және туризм нысандары бой көтерді. Бүгінде осы нысандарда әлемдік деңгейдегі спорттық жарыстар мен мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жуырда ғана облыс орталығында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Бес елдің Президенті арнайы келіп, тарихи шаһарымыз халықаралық деңгейде танылды. Түркістан әлем назарында болды. Президент бастамасымен ерекше мәртебеге ие болған Түркістан 8 жылда адам танымастай өзгерді. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 3 есеге артып, 5 триллион теңгеге жетті. Облыс халқының саны 9 пайызға өсіп, 2,1 миллион адамнан асты. Ал Түркістан қаласының халқы 165 мыңнан 242 мыңға жетіп, 40 пайызға көбейді. Облысымыз әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші бойынша республикада көш бастап келеді. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық өсім 123,3 пайызды құрап, өңіріміз республика бойынша бірінші орынға шықты. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің күндіз-түні атқарған жұмысы мен маңдай терінің жемісі. Осы адал еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды айтамын. Біз осы бағыттағы қарқынды әрі нәтижелі жұмыстарды жалғастыра беруіміз қажет. Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген аталы сөзі бар. Сондықтан ел мүддесі жолында табандылық танытып, сенімді ақтауға міндеттіміз. Әрдайым халық үшін адал қызмет ете беріңіздер. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Еліміз тыныш, аспанымыз әрдайым ашық болсын! – деді Нұралхан Көшеров.
Мерекелік жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметшілер марапатталды. Облыс әкімі бірқатар азаматқа мемлекеттік және ведомстволық наградаларды, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарды табыстады. Сондай-ақ Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов те өз саласында үздік нәтижеге қол жеткізген қызметкерлерді марапаттады.
Іс-шара барысында Түркістан облысының өнерпаздары өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда облысымызда 520 мекемеде 6 327 мемлекеттік қызметші жұмыс атқаруда. Оның 3 618-і жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері. Өткен жылы меритократия қағидасымен 262 мемлекеттік қызметші жоғарылады. Бұл – білім мен тәжірибенің, еңбек пен ізденістің нәтижесі. Мемлекет басшысының саяси реформаларының арқасында басқару жүйесіне жаңа көшбасшылар келді. 2021 жылдан бері өңірімізде 272 ауыл әкімі тікелей халықтың таңдауымен сайланды. Өңірлік кадрлық резервке 32 дарынды жас қабылданып, бүгінде оның 19-ы жауапты жұмысқа орналасты.



"Preserving the historical center of the city": modernization of "Blue Bazaar" is underway in Almaty
