Баспана неге басқайғыға айналды?

163
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/n1IXvvFRZRekgv6Lg3xRRdbCSA0DGn3A2GqvOJ6h.png

Коллаж ЖИ көмегімен жасалды

Біздің елде табыс тауып, баспаналы болғысы келетіндер қатары көп. Бірақ жолын таппай, мемлекеттік бағдарлама талабына сай келмей, табысын растай алмай көбісі әуре-сарсаңға түсіп жүр. Жақын уақытта баспана мәселесіне жіті назар аударылмаса, түбі қордаланып қалатын түрі бар.

Үкімет дереккөздеріне зер салсақ, Қазақстанда 2023 жылы 17,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2024 жылы 19,1 млн шаршы метр баспана салынды. 2025 жылы 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй іске қосылып, ел тарихындағы жаңа рекордтық меже тіркелді. Ал биыл жыл соңына дейін 18,5 млн шаршы метр тұрғын үй беру жоспарланып тұр. Демек, ресми деректерге илансақ бәрі дұрыс секілді. Әйткенмен, бұған аса тоқмейілсуге болмайды.

ИПОТЕКА ҚОЛЖЕТІМСІЗ БОЛЫП БАРАДЫ

Елдегі жалғыз жеңілдетілген, мемлекеттік бағдарламамен үй беретін баспана институты бар. Жуықта «Отбасы банк» 2026 жылдың 4 маусымынан бастап жаңадан берілетін аралық қарыздар бойынша 8,5% көлеміндегі бірыңғай жылдық мөлшерлемені енгізді. Бұған дейін бұл мөлшерлеме 6 пайыздан 8,5 пайызға дейін өзгеріп тұратын. Енді бұл құрылым да талаптарын қатайтуға көшті. Бұрынғыдай зейнетақы қорынан шекті мөлшерге жеткенде, белгілі бір бөлігін үй алуға болатын мүмкіндік те қиындай түсті. Ал екінші деңгейлі банктер 23-25 пайыздан төмен ипотека рәсімдемейтіні анық. Себебі банк әрқашан, тұтынушыны емес, өзін ойлайтыны айқын.

Ұзақ жылдар бойы пәтер ала алмай, үй алуға жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырған адамдар да жетерлік. Соның бірі – көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Алма Анарбек. Ол кезегі келіп үй алуға барған, алайда банктің талабынан өте алмай, тауы шағылып қайтқан көрінеді.

– Бірде «Отбасы банктен» менеджер хабарласып, үй алуға кезегім келгендігін хабарлады. Қуанып, банкке бардым. Түркістаннан 3 бөлмелі пәтер 17 млн теңгеге шығып тұрғандығын айтты. Бірақ санамалай келе табысым жетпейтіндігін айтты. 2 аптаның ішінде гарант, яғни кепіл болатын адам табуым керек екен. Туыстарым, достарымды бәрін апардым, бірақ талаптарына сай келмеді. Кім сіздің 10-15 жылдық ипотекада үйіңізге кеплі болсын, бас тартқандар көп болды. Ақыры табысты растай алмай, келіп тұрған бақты қолдан жіберіп алдық. Әттең! 10 жыл кезекте тұрып, әзер жетіп едік.  Күйеуім Оңтүстік Кореяға жұмысқа аттанды. Өйткені қалайда 7 баланы бағып-қағу керек. Ұлдың алды мектеп бітіріп қалды. Оның бәріне үй-жай, жағдай қажает қой. Бізде үнемі бір нәрсені қымбаттатар кезде АҚШ, Еуропамен салыстырады. Ал Ресейде «Ана капиталы» деген отбасын қолдау бағдарламалары бар. Өркениетті елдердің,  міне, сондай игілікті жақтарын алып, бізде де баспана болудың түрлі жеңілдіктерін қарастырып, табысты растау, құжаттық-брократиялық кедергілерді алып тастаса екен, - дейді «Алтын алқа» иегері.

Расында да, көптеген азамат өзінің табысын растауға келгенде түрлі кедергіге тап болатыны жасырын емес-ті. Мемлекеттік бағ­дарламаға қатысып, белгілі бір санатқа кіріп, өзінің ресми статусын дәлелдеуі қажет. Бұл арада да өзіндік кедергілер байқалады.

«ҮЙ АЛАМЫЗ ДЕП ӨМІРДІҢ БІРАЗЫН САРП ЕТЕТІН ТҮРІМІЗ БАР»

Ал кредиттің тарихнамасына нұқсан келген, есеп-шоты бұғатталғандарға үй алуы тіпті бұлдыраған сағымдай көрінеді.

Қаржыгерлер қауымдасты­ғының дерегінше, Қазақстанда ипотекаға өтінім берген әрбір 100 адамның шамамен 76-сы немесе өтінімдердің 76%-ы банктен бас тарту жауабын алады. Ал табысты ресми түрде растай алмау және төлем қабілетінің жеткіліксіздігі – осы бас тартулардың ең басты себебі. Қазіргі уақытта елімізде ипотекалық өтінімдердің тек 24%-ы ғана мақұлданады. Яғни мұндай цифрлардың артында қаншама баспанаға мұқтаж отбасылардың тағдыры тұр деген сөз. Бұл – алаңдатарлық ахуал!

Қазір елдегі 3/1 адам ипотекалық брокерлердің көмегіне жүгіне бастаған. Өйткені басқа амал жоқ.

Елорда тұрғыны Бағжан Арманбекқызы, үй алудың машақатын тартып келе жатқанын айтады. Оның айтуынша, күйеуінің табысы жақсы болғанмен, баяғы қарыздарының толық өтелмеуіне байланысты есеп-шоты бұғатталып, несие тарихнамасы бүлініпті. Әйткенмен, үй алудың түрлі жолын іздеп, брокерлік компанияларға жүгініп көріпті.

– Күйеуім екеуміз үй 2-3 бөлмелі үй алуды армандап, жолын іздеп келеміз. Жолдасымның табысы 400 мың теңгенің айналасы. Ол екі жұмыста істейді. Ал мен 2 баламен декреттемін. Оның баяғыда тұмыстық қажеттіліктерге алған  «Алтын банктегі» 2,8 млн теңгелік қарыз бар. Соны ай сайын өтей алмай, үстіндегі пайыздық мөлшерлемесінің өзі 600 мыңға жеткен. Оған айсайынғы төлемді қосыңыз. Үйден үмітті үзбей неде болса, брокерлік компанияларға жүгіндік. Олар есептей келе, 57 шаршы метр, 34 млн теңгеге, Астана шетінен, 15 жылға ай сайынғы ипотекалық төлемі 430 мың теңгемен үй алуға болатынын есептеп берді. Сол үйді алу үшін, алғашқы жарнасына 6 млн теңге құю керек екен. Тұрғын үй жыл соңында берілетінін, оған дейін ипотекасын төлеп тұру керектігін де кесіп айтты. Жағамызды ұстап, екінші деңгейлі банктен мұншалықты қымбат ипотаны көріп, уайымдап кеттік. Ал баға деген күнде өсіп жатыр. Сонда жас отбасылар қалай күн көрмек, қалай баспаналы болмақ? Таңғаласыз! Мемлекет жас отбасыларды, көпбалалы аналарды үй-жаймен қамтудың жеңілдіктерін, үй алудың мүмкіндіктерін қарастырса деген тілегіміз бар. Тіпті ол үйді алғанда да, тегін бермейтіні анық қой. Осы үй аламыз деп өмірдің біразын сарп ететін түріміз бар, – дейді елорда тұрғыны.

Қытайдан көшіп келіп, Алматыдағы ЖОО бірінде оқытушы болып істейтін, PhD доктор Күнайым Сапарғалиқызы өзінің көрген-білгенімен бөлісті. Екі жақтың басапана мәселесін салыстырып айтып берген болатын.

– Біздер Қытайдан көшіп келдік. Жолдасым, ұлым үшеуміз Алматыға аялдадық. Оған дейін Пекинде унверситетте магистрлік дәрежеммен оқытушы болып істедім. Ол жақты білімді, білікті кадр болсаңыз жол ашық, сабақ үстемесі де көп емес. Аптасына 2-3 мәрте барып, дәріс беріп, өз ісіңізге тыңғылықты болсаңыз болды. Жалақысы да тәуір болатын. 6 айдан бастап 1-2 жыл ішінде үй береді. Ол жақта ұстаз, дәрігер деген сияқты мамандықтардың қадірі жоғары. Сөйтіп, басапана алу мүмкіндігі зор. Қанша дегенмен, атажұртқа қайтуды құп көріп карантин алдында 2019 жылы Қазақстанға келдік. Қазақша тұнық сөйлегенмен, барлық жер орысша іс-қағаздар жүреді екен. Әйтеуір, сол баяғы кәсібіммен жұмысқа тұрдым. Университеттке сабақ бердім. Алайда 2-3 есе артық істейсіз, жалақы күнкөріске жетпейді. Докторантура түссеңі,з айлығыңыздың 0,5 жүктемеге түсіріп тастайды екен. Ал бұдан кейін қалай баспаналы болмақсыз?! Күйеуім кәсіппен шұғылданып жатыр. Балам қазақ ортасында өссін деп балабақшаға берсем, орысша сөйлеп кетті ғой. Ендігі мақсат Швецияға көшіп, үй алу болып тұр. Өзім ағылшын тілі маманымын. Сол себепті де, үй-күйіміз болмағандықтан жайлы қоныс іздеп, Еуропаға жол тартпақпыз. Бірақ қайда жүрсек те, өз діңгегімізден ажырамауға тырысамыз. Байқағаным мұнда жан-жақтан қалаға келген екі адамның бірінде үй жоқ. Жұмысқа тұрса да, үй ала-алмай, бала-шағасымен 10 жылдап пәтер сағалап жүргендерді көріп, жүрегің ауырады. Егер жайлы қоныс болса, жағдай жасалса, ешкім сыртқа ағылмас еді ғой, - дейді Күнайым Сапарғалиқызы.

1 МИЛЛИОНҒА ЖУЫҚ АДАМ ҮЙГЕ МҰҚТАЖ

Кейінгі жылдары халық саны едәуір артты. Бірақ, әлеметтік мәселе әлі күнге дейін бірізділікке түспей келеді.

Өнәркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, Қазақ­станда 982 705 адам баспанаға мұқтаж. Соның 600 мыңға жуығы әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға жатады. Кезектегілердің 310  878-і (шамамен 30%-ы) баспана алуға бірінші кезекте құқылы. Олардың қатарына ардагерлер, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар кіреді. Қазақстанда баспаналы болудың 3 негізгі бағыты бар. Дәлірек айтқанда, мемлекеттік бағдарламалар арқылы, «Отбасы банк» бойынша, екінші деңгейлі банктердің коммерциялық ипотекалары қарастырылған. Әйткенмен, бұл шамамен 1 миллионға жуық адамның мәселесін шешуге қауқарсыз екені байқалады.

META University бизнес мектебінің директоры Мақсат Халықтың пайымдауынша, баспа­на бағасының шарықтап кетуіне бірнеше фактор бар.

– Біздің көзқарас бойынша елде баспанаға зәру азаматтардың көлемі 2 миллионнан асады. Құрылып жатқан отбасылар, 2000 жылдарда болған бэби-бум бар. Міне, солар тез өсіп-жетілуде. Олар да қазір шаңырақ көтеріп, баспана іздеу­де. Осының бәрін қамтамасыз ету үшін әлі де 20 жыл күтуіміз керек. Осыған қарап, бұл салада да өте үлкен реформа болуы керек деп санаймыз. Сол үшін өндіріс қуатымызды арттыр­масақ, мәселе шешілмейді. Алматы, Астана, Шымкентте урбанизация өте жоғары. Мегаполистерге көшіп келгісі келетіндер көп. Аталған алып шаһарларда бағалар өсе беретіні сондықтан. Егер 70 пайыз өзіміз отандық өнімдермен құрылысты қамтамасыз ете алсақ, керемет болар еді. Бұл, сөз жоқ, іскерлік белсенділіктің жандануына әсерін тигізеді. Қо­сымша шағын кәсіпорын­дар көбейеді, жұмыспен қамту күшейеді. Сонда ғана өзімізде сапалы шыққан өнімдермен салынған, арзанырақ пәтерлерге қол жеткіземіз, – дейді сарапшы.

ҚҰЖАТСЫЗ ҮЙЛЕР ҚИНАП ТҰР

Құрылыс компаниялары құжатын түгендеместен үй салуды әдетке айналдырған. Ал мұның соңы халыққа ауыр болып жатыр. Тіпті 5-6 жыл бойы ресми тіркеуде жоқ тұрғын үйлер бар. Яғни әкімдіктің балансына өтпеген соң, түрлі кедергі туындайтыны анық. Халық арасында «ДДУ» деп аталып кеткен үйлердің жарнамасы қаптап тұр. Бірақ құжаты түгел үйлерге қарағанда арзанырақ екені тағы бар. Қазақта «арзанның пұлы татымайды» деп бекер айтпаған. Құжаты толық рәсімделіп, ресми түрде тіркелген соң, тұрғындар емханаға, балабақша, мектепке тіркеле алмай дал боп жүрген жағдаяттар жиі кездеседі. Құжаты жоқ үйлер көшін Астана бастап тұр.

Белгілі қаржыгер Мақсат Халықтың айтуынша, үйді салмас бұрын бюрократиялық кедергілерді шешіп, құжатын реттеп алған жөн.

– Мемлекет бірінші кезекте жа­ңа компаниялардың құры­луына, бәсекенің артуына жағдай жасаса екен. Екіншіден, құрылыс компанияларына о баста тұрғын үй салу мақсатын айқындап, жерді құжат тұрғысынан ла­йықтап берген дұрыс. Әйтпесе әкімшілік-құжаттық мәселеге құрылыс компаниялары ақша төлеген соң, үй сататын кезде қымбат баға қояды. Үшіншіден, шұңқыр қазудан бастап үй ­эксплуатацияға берілгенше та­ғы да бюрократиялық кедергіге ұшырайды. Мемлекеттік органдарға барып дәлелдеп, құжат кедергілерін шешіп жүргенде, үйді уақытында тұрғындарға тапсырып үлгермейді. Ал ол 6 айға созылса, қаншама жұмысшыны еңбекақымен, тамақпен қамтамасыз етіп, уақыттан ұтылып, шығынға батады. Мұның бәрі жиналып келеді де, үй құнының қымбаттауына әсер етеді. Сол үшін де осындай бюрократиялық кедергілерді түп тамырымен жою қажет деп есептеймін, – деп байыптайды қаржыгер.

НАРЫҚ НЕЛІКТЕН ТЕК БИЗНЕСКЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Қоғамда «тұрғын үй нарығы бизнеске жұмыс істеп тұр», «баспана алу қиындады», «неге үйді қолжетімді етпейді» деген сан-салалы сауалдар қаптады. Әлеуметтік желіні ашсаң да, теледидардың бассаң да, газет-журналды оқысаң да үй ала-алмай жүрген бір адам. Демек, біздің елде баспана бұрынғыдан да күрмеулі мәселеге айналды деген сөз.

Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті, білікті экономист Бекнұр Қисықов баспана мәселесін шешудің тиімді жолдарын ұсынды. Ол көптеп пәтер алып, оны қымбатқа сатып жатқандардың жолын кесу керек деп санайды. Сондай-ақ басана, ипотека субсидиямен берілсе, түйіткілдің түйіні тарқайтынына сенеді.

– Ипотеканы қымбаттатуға болмайды. Тіптен Кеңес дәуірінде де үй халыққа өте қолжетімді болды ғой. Ол кезде пайызсыз беретін. Мақтап отырғаным емес, шынтуайтында солай болған. Ипотека – әлеуметтік кредит. Бір адам оншақты пәтер ұстауға болмайды деп ойлаймыз. Бұл нарық заңына қайшы келсе де, әзірге осы ережені енгізу керек боп тұр. Кейбіреулер 20-30 пәтердің қожайыны болуы мүмкін. Ол үйлерді жан-жақтан келген, пәтер іздеп жүрген жастарға жалға береді. Оған тыйым салынса дейміз. Әзірге жастар, жас отбасылар, жалпы халықта үй мәселесі шешілгенше, бір адамға сонша пәтер бергізбейік. Әрі кеткенде 2-3 пәтер болсын, болды. Ал подъезбен, блоктап сатып алу, әлеуметтік теңсіздік тудырып отыр. Соның салдарынан елге үй жетіспейді. Мемлекет үй құрылысын қадағалап, тек таза әрі сапалы салынған үйлерге жұрт қоныстанса екен. Кейбір тұрғын үйлерде адамдар тұрмайды. Бәрін бизнес үшін алған. Егер адал бөлінсе, ипотека әлеуметтік бағыт деп танылса, пайыздары оңтайланса, елдегі баспана мәселесі шешілер еді. Әуелі көпбалалы отбасылар оңтайланған, қолжетімді баспанамен қамтылса екен. Баспанаға мұқтаж, үй ала алмай жүрген жастарға да ең көп дегенде 7-9 % жаңа мемлекеттік бағдарламамен, жеңілдетілген үймен қамту керек. Мемлекет мақсатті түрде ипотеканы субсидиямен берсе, ғажайыптың ең ғажабы. Жалпы, баспана бағыты реформаға сұранып тұр, - деп есептейді эконОмист.

Тоқетері, қоғамда жекелеген кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен жер-жерде, халыққа, қарамағындағыларға үй жай салып берген атымтай жомарт жандар кездеседі. Олимпиада чемпионы болған, кейін ауылшарушылығы кәсібімен шұғылданып, ата кәсіппен айналысқан Жақсылық Үшкемпіров ағамыз 80 пәтер беріпті. Белгілі меценат Бауыржан Оспанов өз ауылында пәтер мәселесін түбегейлі шешіп, әлеуметтік тұрғыдан қамсыздандырып отыр. Ал Тұрсын Алагөзов 100 адамға үй беріп халықтың қошеметіне бөленді.

ӘЛЕМДЕ ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛГЕН?

Дамыған державалар да үй берудің түрлі кезеңінен өткен. Сөйтіп барып бүгінгі игіліктерге жеткен. АҚШ, Еуропа елдеріндегі 2-3 ғасыр бұрынғы үйлер бүгінгілерге дейін мұра болып, құрылысының сапалы екендігін байқатып тұр. Өркениетті мемлекеттерде ең әуелі халықның үйлі-күлі болуына, жеңілдетілген мүмкіндіктермен үй алуына жағдай жасалған. Әсіресе көпбалалы отбасылар, жаңадан шаңырақ көтергендерге жеңілдіктер көптеп қарастырылған.

Ашық дереккөздерге назар аударсақ, Германия сияқты елдерде мемлекет әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландырып, жалдау ақысы нарықтағыдан екі есе төмен болатын пәтерлер ұсынады. Тек қана әлеуметтік баспана құрылысына бөлінген бюджет 2026 жылы 4 млрд еуродан асыпты. Испания және Швейцария сияқты елдер халқы азайып бара жатқан шағын немесе таулы аймақтарға көшіп, бизнес ашқысы келетін немесе үй сатып алғысы келетін жас отбасыларға арнайы қаржылық көмек береді. Мәселен, Швейцарияға көшіп келушілерге 25 мың доллар төлеп, әр балаға қосымша жәрдемақы береді.

Италия мен Грецияның кейбір қаңырап қалған ауылдарында үйлер символикалық тұрғыда «1 еуроға» сатылады. Жаңадан алған иесі, үйді белгіленген мерзім ішінде толықтай жөндеуден өткізуі тиіс. Ал Ирландия үкіметі Атлантика мұхитындағы шағын, шалғай аралдарға көшіп, ескі үйді сатып алып жөндегісі келетін отбасыларға 84 мың еуроға дейін қайтарымсыз гранттар бөледі.

Сонымен қатар, дүниежүзінде  көпбалалы отбасылар, жас отауға тегін үй беріп, баспанамен қамтитын жомарт мемлекеттер де бар көрінеді. Бұл бойынша, жаһанда Араб Әмірліктері көш бастап тұр.  Дамыған елдердің ішінде БАӘ сияқты кейбір мұнай экспорттаушы елдер өздерінің азаматтарына дәлірек айтқанда, жас және көпбалалы отбасыларға үйді толығымен тегін салып береді немесе қайтарымсыз қаржы ұсынады.

Өз халқына қамқорлық жасаудан Скандинавия елдері Норвегия, Швеция қалыс қалмайды. Ол жақтарда Жас отбасыларға арналған мемлекеттік кепілдіктер бар. Олар арзан әрі ұзақ мерзімді 25-30 жылға несиелер береді. Кейбір жағдайларда коммуналдық төлемдерге субсидиялар да қарастырылған.

Олжас Жолдыбай

 

Comments