Бірнеше күннен бері Мұңғұлияда тұратын мұңғұлдар мен қазақтардың арасында лап еткен дау ушығып, біраз жерге дейін жетті.
Екеуі де дала мінезді, ықылым заманнан бері бір таудың әр жағында көшіп-қонып жүрген тарихы ортақ, таудың тағы болмысы бар халық қой, бір - біріне қырғидай тигенде мына жақта отырып, сол даланың тумасы болғандықтан, бірдеңе деп қалғың келеді екен. Дауды бастаған Нарынтұяа деген депутат, актриса әйел, яғни, ол Бай-Өлке аймағында Қазақстан елшілігінің консулы ашылуына қарсы екен, оның ойынша, ол мәселені мұңғұлдар біржақты шешуі керек, өзгелердің хұқы жоқ.
Сол-ақ екен, жергілікті халқалар шибөрідей шулап қоя берді. Қазақтың адресіне қарата айтылған ұлттық намысты қорлайтын сөздердің не түрі кетіп жатыр: "Қазақстаныңа кет, бұл менің жерім, моңғолша сөйле, қазақша жазба!.." т.б.
Ал, мына жақта, болса, яғни, Қазақстанда бір орыс қатын Қазақтың қызына қазақ жерінде тұрып, бөтен мемлекеттің тілінде жауап беруін талап етіп дікеңдеп ұрсып жатты...
Мен бұл екі оқиғадан бірі - басқаның жерінде өмір сүруге мәжбүр болғаны үшін пұшайман күй кешкен ар жақтағы қазақ пен бірі - өзінің ресми жерінде отырып, кірме ұлттың басынған басқыншылығын көріп отырған бергі жақтағы қазақтың, жалпы Қазақтың ортақ ұлттық проблемасын көріп отырмын.
Еех... Менің халқым не деген тағдыр-талайлы ұлт еді?
Мен үшін жүрегімді ауыртатыны - осы екі жақтағы қазақтың тағдыры мен тарихының ішінде менің де бар екенім... өле-өлгенше жүретінім...
Оған, егер, о жақта болсам, "хасаг", "Қазақстаныңа кет" дейтіндерін естумен болатынымды, мына жақта алғаш "қазағым" деп көшіп келген жылдары "моңғолдар", "Моңғолияларыңа кете бермейсіңдер ме!" деп шұқылап, саусақтарын шошайтқан кездер болғанын қосып қойыңыз.
Бала кезімде Бұлғын сұмынында таудың төбесіне шықсаң, ар жағынан қытайлар көрінеді десе, Бай -Өлке аймағында таудың ар жағында орыстар бар дейтін Сөйтсем, сол орыс пен қытай меншіктеп (тартып) алған жерлер, бір таудың әр жағында шашылып қалған қазақтың өз жерлері екен ғой. Мына даудың да түп-төркіні сол бір қазақты сан қазаққа бөлшектеп, құйқалы жерлерін кезінде Сталин, Ма -Цзе -Дун, Чойбалсандар (Чойбалсанның пәлендей рөлі жоқ шығар) төрт елге бөліп тастау дейтін қитұрқы саясатта жатқан жоқ па?!
О, Құдайым! Мені ешкім алалап бөлмейтін, өктемсіп басынбайтын, айтысып тартыспайтын бір мекен бар ма екен, мына жер бетінде?! Болса ғой, көзімді жұмып, құлағымды басып, алды-артыма қарамай безіп кеткім келеді. Және менің қайда, қалай өмір сүретінімді ешкім нұсқамайтын жаққа!
Жетеді.
Түйін:
Әркімнің өз ойын айтуға құқы бар. Бірақ, мемлекеттік, халықаралық істерді жеңілтек жекелеген пікірлер емес, мемлекетаралық салмақты қарым-қатынастар шешеді.
