Арада 15 жыл өткенде. Президент сынына іліккен Перуашев та партия төрағалығынан кетті

185
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/VpzU6lbw04KJeR5f4bbsQtYcSkeIllGINRVA0qxf.webp

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев партияның кезекті съезі барысында өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Саясаткердің айтуынша, бұл қадам партия басшылығын жаңарту және ұйым ішінде монополияның қалыптасуына жол бермеу мақсатында жасалып отыр.

«Біз қазірдің өзінде қоғамдағы өзгерістер легінде өмір сүріп жатырмыз. Алайда монополия жаңа бастамалар мен тың идеялардың дамуына кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан партияның жаңаруына мүмкіндік беру үшін төраға қызметінен кету туралы шешім қабылдадым», – деді Азат Перуашев.

Партия съезінде ол төрағалыққа Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынды. Перуашев оның кәсіби тәжірибесі, зияткерлік әлеуеті және батыл шешім қабылдай білу қабілеті партияның одан әрі дамуына серпін береді деген сенім білдірді.

«Оның таланты, ақыл-парасаты және жаңашыл көзқарасы партия жұмысына жаңа серпін беріп, оң өзгерістер әкеледі деп сенемін», – деді ол.

«Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс съезінде партияның жаңа төрағасы болып Мәжіліс төрағасының орынбасары, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Дания Еспаева сайланды. Ол 2016 жылдың наурыз айынан бері «Ақ жол» партиясынан Мәжіліс депутаты болып келеді. Ал 2023 жылдың наурызынан бастап Мәжіліс төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Айта кетейік, 2002 жылдың 3 сәуірінде "Ақ жол" партиясы әділет органдарына ресми түрде тіркелген. Алғашқыда «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы қоғамдық бірлестігінің тең төрағалары болып Болат Әбілов, Әлихан Бәйменов, Ораз Жандосовтар сайланды. Ал 2003 жылы тең төрағалар қатарына Людмила Жуланова мен Алтынбек Сәрсенбайұлы қосылды. 2005 жылы партия құрылтайында тең төрағалар институты таратылып, партия төрағалығы Әлихан Бәйменовке берілді.

Ал 2011 жылы «Ақ жол» партиясының төрағасы болып бірауыздан сол кездегі «Атамекен» палатасының басшысы Азат Перуашев сайланған еді.

2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кеткенде көзіне жас алып, ел назарын аударған Перуашев одан кейін де өзінің ерекше мәлімдемелерімен танылған. Таяуда ғана ол бұған дейін Қазақстанды «Штрафстан» деп атаған мәлімдемесіне қатысты түсінік берген. 

«Өткен жылы осындай мәлімдеме жасаған кезде мен бұл сөздің қате екенін мойындадым. Парламентарийлер сөзді абайлап әрі салмақтап айтуы тиіс. Мен мұны бір жыл бұрын айтқанмын. Кеше президент тек мені ғана емес, басқа адамдарды да сынға алды. Бұл – жұмыс, бұл – өмір. Біз мемлекет басшысының сынын қабылдап, одан сабақ алып, әрі қарай жұмыс істеуіміз керек», - деген Перуашев.


Сондай-ақ ол Қазақстанның «Штрафстан» емес екендігін атап өтті.


«Біздің еліміз – Қазақстан, ол «Штрафстан» емес. Біз – өркениетті мемлекетпіз», – деп қосқан депутат.


Перуашев бұған дейін кәсіпкерлерге салынатын шамадан тыс үлкен айыппұлдарды сынау барысында Қазақстанды «Штрафстан» деп атаған еді.


2 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте «Штрафстан, Айыппұлстан» дегендерді сынға алған болатын.

Comments