Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев бүгін Талдықорған қаласындағы жолдарды жөндеу және абаттандыру жұмыстарының барысын тексерді. Өңір басшысының айтуынша, биыл облыс орталығындағы негізгі 11 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қаланы аралау барысында облыс әкімі Шевченко, Ескелді би және Даиров көшелеріндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жөнделіп жатқан учаскелердің жалпы ұзындығы 6,5 шақырым. Шевченко көшесіндегі жөндеу жұмыстары келесі аптада аяқталады деп жоспарланса, барлық жобаны толық іске асыру маусым айының соңына дейін бітеді деп күтіліп отыр.
– Биыл Талдықорған қаласындағы барлық негізгі көшелердің жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз. Назарбаев даңғылындағы жұмыстардың басым бөлігі атқарылды. Қабанбай батыр көшесі өткен жылы толық ретке келтірілді. Жансүгіров көшесіндегі жөндеу биыл аяқталады. Сонымен қатар Ескелді би көшесінен Гагарин көшесіне дейінгі көлденең көшелер де осы жылы жөнделеді. Сондай-ақ әуежайға дейінгі айналма жолдың құрылысын бітіреміз. Келесі жылы қаланың кіреберіс аркасынан орталық бассейн маңындағы айналма жолға дейінгі учаске жөнделеді. Бұдан бөлек, қалған шағын жол бөліктері де кезең-кезеңімен қалпына келтіріледі. Осылайша, келесі жылы облыс орталығындағы жолдарды жөндеу мәселесі толық шешіледі, – деп атап өтті Бейбіт Исабаев.
Абылай хан көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстарына да ерекше назар аударылды. Қазір нысанда 20 арнайы техника мен 30 жұмысшы еңбек етуде.
– Жөндеу жұмыстары бір жарым ай бұрын, сәуір айында басталды. Жөнделіп жатқан жол учаскесінің ұзындығы – 1 шақырым 720 метр. Ол Тәуелсіздік даңғылынан Тынышпаев көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Жоба аясында жол жиегіне жиектастар қойылып, жаяу жүргіншілер жолдары абаттандырылды. Қазіргі кезде негізгі жұмыстардың басым бөлігі аяқталды. Енді осы аптаның соңына дейін асфальт төсеп боламыз деп жоспарлап отырмыз, – деді облыс әкіміне жұмыс барысын баяндаған мердігер компания директорының орынбасары Әділет Әділғазин.
Жөнделіп жатқан көшелердің тұрғындары атқарылған жұмыстардың сапасына оң баға берді. Олардың қатарында жергілікті кәсіпкерлер де бар. Тұрғындардың айтуынша, жол инфрақұрылымын жаңарту автокөлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге ғана емес, шағын бизнестің дамуына да қолайлы жағдай жасап отыр.
– Біздің дүкеніміз Шевченко көшесінде орналасқан. Жолдың жөнделіп, кеңейтілуінің арқасында кәсіпкерлерге де, тұтынушыларға да қолайлы жағдай жасалды. Даиров көшесінде орналасқан әріптестерім де дән риза. Өйткені бұл көшеде бұрын-соңды ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілмеген еді. Жалпы, қала орталығында, базар маңында көлік қозғалысы, кіріп-шығу және автотұрақ мәселелері қиын болатын. Қазір бұл түйткілдер шешімін тауып келеді. Соған ризамыз, – деп пікірін білдірді жергілікті тұрғын.
Бейбіт Исабаев жол жөндеу жұмыстарының сапасы мен қарқыны, құрылыс технологияларының сақталуы мен пайдаланылатын материалдардың беріктігі тұрақты бақылауда болуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
Жалпы, биыл Талдықорған қаласында жалпы ұзындығы шамамен 30 шақырымды құрайтын 21 көше мен саяжай алқаптарының жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«It means ‘I made a mistake.’»Cherchesov commented for the first time on his joke about the Kazakh language
