Атырауда ағаш отырғызудың аяғы дауға айналды

98
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/JheaGB9NHNfzIDCdOotbd39cM8xDPL3YUPbNtavG.jpg

Атырауда көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанымен, оның тиімділігіне қатысты қоғамда әртүрлі пікір қалыптасуда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мұнай-газ саласындағы оператор компаниялардың бірі North Caspian Operating Company (NCOC) соңғы жылдары өңірде ауқымды ағаш отырғызу жобаларын жүзеге асырып келеді. Компания мәліметінше, Атырау облысының бірнеше аумағында 248 мыңнан астам көшет жерсінген.

Жоба 2021 жылы облыс әкімдігі мен экология саласындағы мемлекеттік органдар арасында жасалған меморандум аясында басталған. Көгалдандыру жұмыстары Берекеден бөлек, Соколок, Еркінқала, Мақат және Доссор аумақтарында жүргізілген.

Алайда бұл бастамаға сын айтушылар да бар. Белсенді Арман Хайруллин әлеуметтік желіде жариялаған пікірінде компанияның экологиялық қызметіне күмән келтіріп, өңірдегі газды алауда жағу тәжірибесінің қоршаған ортаға кері әсерін атап өтті. Оның айтуынша, өндірістік нысандарда жыл сайын жүздеген миллион текше метр газдың жағылуы атмосфераға зиян келтіріп, тұрғындардың денсаулығына әсер етуі мүмкін.

Ал "Атырау орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мекемесінің" 2026 жылғы дерегіне сәйкес, күзде тағы 60 гектар жерге көшет отырғызуға дайындық жүргізілуде. Нәтижесінде биыл жалпы 100 гектар алқап игеріледі деп жоспарланған.

Мамандардың сөзінше, өңірдің қуаң климатына байланысты жергілікті жерде өсірілген көшеттердің жерсіну көрсеткіші жоғары болады. Дегенмен салада қиындықтар да бар. Мәселен, 2024 жылғы су тасқыны кезінде 200 гектар аумақты су басып, 360 мыңға жуық көшет зардап шеккен.

Қазір Атырау облысындағы орман қорының көлемі 56 мың гектардан асады. «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2030 жылға дейін өңірде 5 миллион түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр. 

Comments