Әзербайжан Иранға қарсы операция туралы ақпаратты растамады

159
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/sCK83mJlRKbhmX8fjkKiGm89rtyaWoBOjuNpIkTR.webp

Әзербайжан СІМ CNN жариялаған ел аумағының Иранға қарсы операцияларда пайдаланылғаны туралы мәліметтерді теріске шығарып, ақпаратты ресми түрде жоққа шығаруды талап етті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ға сілтеп.

Бұл туралы Әзербайжан СІМ ресми өкілі Айхан Гаджизаде мәлімдеді. Оның айтуынша, мақалада Әзербайжан аумағы Иранға қарсы әскери немесе барлау операцияларында пайдаланылды деген және елде Израиль күштері орналасқан деген мәлімдемелер шындыққа жанаспайды. Айхан Гаджизаде мұндай ақпараттардың бұған дейін де бірнеше рет жоққа шығарылғанын атап өтті. Сондай-ақ Әзербайжанның ресми ұстанымы CNN редакциясына олардың сауалына жауап ретінде алдын ала жеткізілгенін айтты.

СІМ өкілінің сөзінше, нақты дәлелдерсіз, анонимді дереккөздерге сүйене отырып және Әзербайжанның ресми позициясын ескермей мұндай мәлімдемелер жариялау объективтілік, бейтараптық және журналистік этика қағидаттарына қайшы келеді.

«Әзербайжан аумағының қандай да бір үшінші мемлекетке қарсы әскери операциялар, барлау қызметі немесе өзге де дұшпандық мақсаттар үшін пайдаланылып жатқаны туралы мәлімдемелерге ешқандай негіз жоқ. Еліміз мұндай әрекеттерге ешқашан жол берген емес және бермейді», – деді Айхан Гаджизаде.

Оның айтуынша, Әзербайжан өңірдегі бейбітшілікке, тұрақтылыққа және тату көршілік қатынастарды дамытуға бейілді. СІМ өкілі аталған жарияланымды кезекті жалған ақпарат тарату әрекеті деп бағалап, CNN-нен негізсіз мәлімдемелер қамтылған мақаланы жоққа шығаруды күтетіндерін жеткізді.

Comments