Олжас Сүлейменов 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін осы оқиға құрбандарын ақтау және оған жалғас Алашорда қайраткерлерін ақтау шарасына ұйытқы болғаны көп айтыла бермейді. Тұрсын Жұртбайдың естелігінде ақынның осы қызметі жайлы кеңінен баяндалады. Мәселенің детальдары айрықша назар аудартады.
Қазақстанда Алашорда автономиясы күйрегеннен кейін Мәскеудің жетектеуімен басталған саяси қуғын-сүргін отызыншы жылдары қарқынмен жүргізілді. Ал Алаш қайраткерлерін ақтау Желтоқсан оқиғасынан кейін ғана мүмкін болғаны, жүйелі түрде қолға алынғаны – бір ақиқат.
Оларды ақтаудың басында таяуда 90 жасқа толған ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов тұр. Ақынның күрескерлік бейнесі, азаматтық келбеті, қайраткерлік тұлғасы және саясаттағы қадамы жайында жазушы Тұрсын Жұртбайдың «Озан ойдың императоры» естелігі «Жұлдыз» журналының биылғы бесінші санында жарияланған. Естеліктің Желтоқсан оқиғасынан кейінгі арпалыс және Алаш қайраткерлерін туралы айтылатын тұсын бүгінгі Аза күнінде жеке жариялағанды жөн көрдік. Биыл Желтоқсан оқиғасына да 40 жыл толмақ.
«БАРМЫЗ, БАУЫРЛАРЫМ!..»
1987 жылдың 13 қаңтары күні сағат үштер шамасында Олжас Сүлейменов: «Тұрсын, сен күте тұр, мен Орталық Комитетке бара жатырмын. Бір мәселе шешілуі керек», - деді. Кешкі жетілерде қайтып келді де: «Сен Құқықтық комиссия құр, төрағалығына Салық Зимановты ұсын. Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастар сотталып жатыр. Жазықсыз кеткендері де, әдейі арандатылғандары да бар. Бұл – заңсыздық. Міне, маған көмектесуді өтінген елудей хат пен тоқсанға тарта телеграмма келді. Біз – жазушымыз. Халықты қолдауымыз керек. Сондықтан да Жазушылар Одағының жанынан Құқықтық комиссия құрмақпыз. Осыны өзің қолға ал. Өте адал бол, орыстарға қарсы, партияға қарсы іс-әрекетке жұмсап отыр деп ойлама. Орыстардың өздерін пайдалан, комиссияның құрамына тарт. ССРО Жазушылар Одағының жанынан да осындай комиссия құрылады. Сен оның қорғауында боласың»,- деп негізгі жұмысты үш бағытта жүргізуге тапсырма берді:
Бірінші: Желтоқсан оқиғасы туралы барлық деректі жинастырыңдар. Кім қай түрмеде жатыр? Қандай айып тағылды? Олардың әке-шешелерімен, туған туысқандарымен хабарласыңдар. Жоғарғы сотқа кассациялық арыз жазсын. Оқиғаға қатысқандардың куәлік сөздерін жазып алыңдар. Облыстардағы мекемелерге хат жолдаңдар. Олар рухани сүйеніш болады әрі қатал үкім кесуге, жұмыстан шығаруға еркіндік бермеуі мүмкін. Билік жазушылардан сескенеді, Жазушылар Одағын сыйлайды. Ең бастысы, желтоқсан оқиғасына саяси баға беру жайында және оның империялық-отарлық өктемдіктен туғандығы туралы түйінді тұжырым әзірлеңдер әрі ол ұзақ мерзімге арналған азаматтық қозғалыс жоспары болсын. Мәскеуде сондай пікір өрістеп келеді. Біз де кеш қалмайық.
Екінші: «Алашорда» қайраткерлері туралы деректерді барынша жинақтап, саяси-әдеби, идеологиялық тұрғыдан тиянақтап, байсалды, пайымды тұжырым жасаңдар. Аға жазушылар мен ардагерлерге хат дайындатыңдар. Колбинмен, Назарбаевпен, Нұрқаділовпен жазушылардың кездесуін өткізгенде «Алаш» мәселесін көтеріп сөйлейтін қаламгерлерді дайындаңдар. Елден хат ұйымдастырыңдар.
Үшінші: Жеке мәселелерді қозғай беріңдер. Сол арқылы тәжірибе жинақтайсыңдар. Жазушылардың пікірін ұйымдастыр. Репрессияға ұшыраған жазушылар мен жариялануға рұхсат етілмеген шығармаларды ақтап алу туралы батыл мәселе қойыңдар.
Жазушылар Одағының ішіндегі ұлттық рухани мойынсынбау мен ішкі қоғамдық қарсы пікірдің қалайда бір арна тауып сыртқа шығатыны анық еді. Тек сол арнаны бұрып жіберетін кішкене ғана түрткі керек. Ол күш пісіп-жетіліп келе жатқан. Бірақ та сол «түрткінің» маған түсетіні үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Зады, Олжекеңе менің «Алашорда» туралы зерттеулерімнің жай-жапсары мәлім болатын. Оның үстіне, «Бесігіңді түзе!..» атты М.Әуезов туралы роман-эссемдегі «Алаштың ала байрағы» деген сөз үшін өзім жақсы танитын үлкенді-кішілі екі адамның көрсетуі бойынша жүргізілген Орталық Комитеттің тексеруі де әсер етсе керек. Жоғарыда айтылған 15 беттік «Солшыл жас ұлтшылдан сақтанайық!» деген арыздың да әсері тиген сияқты. Сол арыз жөнінде әңгімелескенде өзімнің «алашордашылығымның» мән-маңызын және Олжастың атын сатып Мәскеуде өсек таратып жүрген достарының сумақайлығын ашық айтқандығым да жанына жақын тартуға себепкер болды ғой деп ойлаймын. Мәселе менің жеке басымда емес, ең үлкен мәселе ұлттық қозғалыстың ұйтқысы болар болашақ комиссия жұмысының басталуында. Еріксіз ойланасың және тәуекелге бекінуің керек.
Өзі Камалиденовтің қырына ілініп, қатты қысым мен арандатуға ұшырап, жаңа ғана сол талқыдан шығып келгеніне қарамастан Олжас көмекшісі Сүният Бәкеновке: «Түрмеге отырғандар мен олардың ата-анасынан келген телеграммаларды Тұрсынға көрсет. Сайынмен ақылдасыңдар», – деді. Жеделхаттардың ұзын саны елуден асады екен. Мен дағдарып қалдым. «Ойласыңдар. Амалын табыңдар, қалайда көмектесейік! Жасыма!» – деді Олжас Сүлейменов. Сүният ағамыз жұбатып арқамнан қақты.
Ертеңінде хабарласқанымда Салық Зиманов ағамыз уақытының тығыздығын айтып төрағалықтан сыпайы түрде бас тартты. Ақыры, сол кездегі Жазушылар Одағының хатшылары Сайын Мұратбековтің, Әкім Таразидің, Геннадий Толмачевтің: «Олжекең мұны Зимановқа емес, саған тапсырып отыр. Келістің бе, енді тартынба», - деген талабымен төрағалыққа келісуге мәжбүр болдым. Кезекті бір кездесуде Олжас: «Істі жүргізудің амалын және қолдаушыларды сөзсіз табамыз. Мен Мәскеуден қайтып келгенше жай-жапсарды анықтап қойындар!», - деді.
Қазақ ұлтының рухани тарихында тұтқырланып қалған көкейтесті мәселелер өте көп еді. Тек қана Желтоқсан оқиғасымен шектеліп қалу – қоғамдық қозғалыстың шеңберін тым тарылтып жібереді, ал егер түпкі мақсат ашылып қалса ойлаған іс басталмай жатып сөнуі кәдік. Айла, амал, әдіс, қалқан қажет. Сол тұста Балтық бойындағы елдердің, Украинаның, Польшаның, Татарстанның ішіндегі ұлттық қозғалыстардың жасырын бағдарламалары «ғайыптан» қолыма түсті. Неге екенін білмеймін, шет елде басылып шығатын Гандидің саяси жолын яғни «бейбіт мойынсынбау» саясатын насихаттайтын бір газет пәтеріме келіп тұрды. Соларды іріктей отырып жоспар жасалып, Одақтың екінші хатшысы Сайын Мұратбеков пен хатшы Әкім Таразидің назарына ұсындық.
Алайда, мұның барлығы менің мүмкіндігімнен тыс міндеттер еді. «Істі қалай бастаймыз? Кімге барамыз? Қайдан жөнін сұраймыз? Әкімшілік пен заң орындарының қолдауынсыз не бітеді? Оның үстіне іс-әрекетімізді қалай құпия ұстаймыз? Кім бізді тыңдайды және мен оларға кіммін?.. Тіпті жазушылардың өзі көзге іле ме?» деп санам саққа кетіп жүргенде Олжекең Мәскеуден қайтып келіп, ССРО Жазушылар Одағының жанынан Құқықтық комиссия құрылғанын, енді Қазақстан Жазушылар Одағының жанынан да соның бөлімшесі құрылуы заңды екенін тілге тиек етіп: «Ресми жағын өзім мойныма аламын», - деді. Ол кезде Калиниченко бастаған тергеушілер Алматыда да тіміскіленіп жүрген.
Комиссияның алғашқы отырысы боларда Шер-ағаңа барып, жағдайды түсіндіріп: «Қалайда «Қазақ әдебиетінің» бұл туралы хабар беріп отырғаны дұрыс болар еді», - дегенді айттым. Ол кісі қолдан келгенше көмектесуге уәде етті.
Аталмыш үш мәселені талқылауға жоғарыдағы аты аталған Құқықтық комиссия мүшелері мен кеңесшілері белсене қатысты. Сақтық үшін олармен жеке-жеке әңгімелестік, әркім өз ыңғайы бойынша іске кірісті. Біріне тапсырылған тапсырманы екінші мүше білмейтін. Астыртын жұмыстың тәртібі солай. Бұл ретте большевиктердің тәжірибесіне сүйендік. Дегенмен, бәрімізді тығырыққа тіреген амалсыздықтан құтылу үшін ойлана келіп тапқанымыз: қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерін Одаққа кездесуге шақыру, шындықты солардан анықтап білу болды. Бұл үшін желтоқсаннан басқа да маңызды себептер табу қажеттігі туды. Сол кезде Олжекеңнің тығырыққа тіреліп, шарасыз қалған жолдасын жауға бермейтін, жалғыз тастамайтын азаматтық-адами мінезі мен қандай да болсын қиын мәселені батылдықпен шұғыл шешетін өжет әрекетіне куә болдым.
Ақпан айының орта тұсында таңертең Олжас ағамыздың кеңесшісі Сүният Бәкенов телефон шалып: «Тез Одаққа кел. Сағат 10-да Қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қопабай Әбдірахманов келіп Құқықтық комиссияның мүшелерімен Желтоқсан оқиғасы және Алаш қайраткерлерін ақтау мәселесі жөнінде әңгіме өткізеді. Олжекең кеше келісіп қойыпты, ағалар алқасы мен өзің сенген комиссия мүшелерін шақыр», - деді. Табан астында айтқан адамдарына хабарласып, жылдамдатып Одаққа жеттім. Олжекең: «Егер сұрай қалса пікірлеріңді ашық айт. Алаш туралы да батыл сөйле. Ақсақалдар да жасқанып қалмасын»,- деп ақылын айтты.
Тура сағат онда Комитет төрағасының орынбасары Қ.Әбдірахмановпен бірге басқарма бастықтары жеті полковник келді. Олжекең өзіне тән өткірлікпен: «Біз, жазушылар, бәрін де ашық білуіміз қажет. Жазушының санасына ұялаған күмән – жасырын сынақтан қауіпті. Өйткені олар қоғамның қас-қабағы, сөйлейтін мінбері. Барлық адамдар өздерінің сұрақтарына жазушылар арқылы жауап алғысы келеді. Біз сол үшін де адамдарды бүгінгі таңда алаңдатып отырған ең ділгір мәселе – Желтоқсан оқиғасы туралы толық мағлұматты білгіміз келеді. Қанша адам ұсталды, қанша адам тергеуде, қанша адам құрбан болды және олардың құқын кім қорғайды, әлде жасырын соттала бере ме? Екінші үлкен мәселе, қазақ сөз өнері сталиндік бұғаудан толық құтылып болған жоқ. Ұлттың рухани ұстаздары Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сияқты алаш қайраткерлерінің азаматтығы да, шығармалары да ақталған жоқ. Саясатты қайта құру, жариялық дегеніміздің түпкі мақсаты да сол емес пе? Сондықтан, бар мағлұматты сол істермен тікелей айналысып отырған сіздердің өз ауыздарыңыздан естігіміз келеді»,- деді.
Жазушылардың ішінен Сафуан Шаймерденов, Қалмұқан Исабаев, Қасым Қайсенов, Әлжаппар Әбішев өте шағымды сауалдар қойды. Қ.Әбдірахманов дайындап әкелген мәліметтеріне қарап қойып: «Желтоқсан оқиғасының тергелуі толықтай Мәскеудің қолында. Олардың мағлұматы бізден құпия сақталады. Ал, бізде тіркелген есеп бойынша Желтоқсан оқиғасына байланысты 105 адам сотталды, 2 адам өлді, 2400 адам қамалды. Әрине, бұл толық емес әрі нақтыланбаған мәліметтер. Саяси мәселе болғандықтан оған баға беруге құқымыз жоқ, тек мәліметтерді ғана береміз, - дей келіп, сөзінің соңында. – Ал, алаш қайраткерлері туралы қозғаған мәселелеріңіз орынды. Ашығын айтайын, оларды, соның ішінде Мағжан Жұмабаевты ақтау туралы Қауіпсіздік комитеті келісімін берген кезде «оларды ешқашан ақтауға болмайды, олар ақталса ұлтты бұзатын ұлтшылдық идеологиясы қайтадан қозады. Оған Жазушылар Одағы көне алмайды», - деп қарсы болған және жаптырып тастаған сіздердің өз адамдарыңыз, Жазушылар Одағының атынан жазылған хат», - деді.
Осы кезде аға буын өкілдерінің: «Не дейді? Кім? Мүмкін емес. Атын айтыңыз», - дескен жан дауыстары шығып кетті. Төрағаның орынбасары күмілжіп, жауаптан жалтара берді. Сол кезде Сафуан Шаймерденов орнынан түрып, көзі ұшқын атып: «Жолдас Әбдірахманов! Сіз біздің арамызда күдік туғызып, араздық пен алауыздық шоғын тастап отырсыз. Егделер – бір-бірімізге, жастар барлық аға буынға жеккөрінішпен қарайтын болады енді. Сондықтан мекемеңіздің үйреншікті әдісімен әдейі арандату үшін келмесеңіз, сол адамның нақты атын айтыңыз. Егер бұл жолы айта алмасаңыз, онда жазушылардың атынан Орталық Комитетке ашық хат жазып, Сізді арнайы есеп беруге шақырамыз», - деді ширығып.
Мұндай батыл да батымды сөзді қаймықпай тура айтып, қадала отырып жауабын күту тек Сафуан Шаймерденовтің ғана қолынан келетін.
Қ.Әбдірахманов біраз қозғалақтап отырды да папкасынан бір бет қағаз алып, хаттың мәтінін оқып берді. Қол қойған адамның атын айтпады. Енді отырғандардың наразы дауысы естілді. Сол кезде Қ.Әдірахманов: «Жазушылар Одағының екінші хатшысы Әбділдә Тәжібаев», - деп ресми хатты көрсетті. «Не дейді?!» – деген Әлжекеңнің дауысы қатты шықты. Орнынан атып тұрған Сафекең: «О, қарабет! Сен де сондай ма едің?! Масқара! «Әбділдә жылап жүріп жазаңды береді» деген Мұхаңның (Мұхтар Әуезовтің. -Т.Ж.) сөзі рас боп шықты ғой!» - деп ұзын бойы бүгіле еңіреп жіберді.
Көз жасын сүртпеді де, одан қымсынған да жоқ. Жазушылар абдырап қалды. Олжекең томсырайған тыныштықты бұзып: «Міне, арлы, адал жазушылардың көзқарасы осындай. Әбдірахманов жолдас, енді бұл мәселені жабық қалдыруға болмайды. Біздің Құқықтық комиссиямыздың атынан алаш қозғалысынан дипломдық жұмыс қорғаған («Қазақ» газетіндегі публцистика», бірақ қорғау алдында ұстазым Хайыржан Бекхожин басқа тақырыпқа өзгертіп жіберген) Тұрсын Жұртбаев Қауіпсіздік комитетінің архивіндегі алаштықтардың тергеу ісімен танысып, бізге бар жағдайды түсіндірсін және Жоғары соттағы талқылауда әдеби кеңесші болсын. Сіз қалай қарайсыз?» - деп мәселенің шешімін ұсынды. Қ.Әбдірахмановтың келіспеуге амалы қалмады.
Бұл кездесудің маңызы біз үшін ерекше болды. Енді жасқанатын ештеңе қалмады. Олжас пен Сафекеңнің өжет те өткір мінезінің арқасында алаш қайраткерлерін ақтау мәселесі табан астында шешіліп, жаңа бағыт алды. Он бес күннен кейін Олжекең мені Жоғары сотта қаралып жатқан «Алаш ісіне» әдеби кеңесші етіп жіберді. Наурыз айында Қауіпсіздік комитетінің архивіне кіруге рұқсат алдым.
Жазушыларды топ-топқа бөліп, Олжасқа келіп жатқан жүздеген хатты соларға бөліп беріп, тексеруге көштік. Соның нәтижесінде қаза тапты деген төрт адамның аты-жөні, мекен-жайлары табылды. Өкініштісі, қазаға ұшырады деген жеті адамның үшеуінің (және үшеуі де қыз бала) ауылдарына арнайы адамдар жіберілсе де әке-шешелері шындықты жасырып, көкшетаулық және меркілік қыз балалардың деректері расталмады. Қауіпсіздік комитеті әбден үрейлендіріп қойса керек. Мен өзім мойныма алған, Орталық демалыс паркінде түнде орыс текті бұзықтар қасақана өлтіріп кеткен, ол да Желтоқсанның құрбаны болып саналатын қыздың дерегін іздеп таба алмадым. Соны анықтау мақсатында Одақтың кеңесшісі Назымбек Боқаев екеуміз жазушылық кездесу деген сылтаумен Маңғыстау мен Атырауға бардық. Ондағы кеңесші ақын Темірхан Медетбек неге екенін білмеймін, бізбен бірге жүруден бас тартты. Атыраудан да дерек таппадық. Бұл қыздың аты-жөні белгісіз боп қалды. Зады, соған қарағанда, мүмкін Астрахань не Орынбордан болуы керек. Сонымен қатар тағы да екі бойжеткеннің аты әлі күнге дейін тізімге кірмей келе жатыр. Көкшетаулық жазушы Жанайдар Мусин мен Жабал Ерғалиев (Кейін парламент депутаты болды) желтоқсан күндері жараланып, ауруханада көз жұмған, сүйегін ата-анасы еліне алып кеткен қыздың (сойы ұмытпасам, Бекхожина болуы тиіс…) дерегін іздеп барғанда, әпкесі партия комитетінде хатшы болып жұмыс істейді екен, жолатпай қойыпты, көршілері қыздың анық сол ауылда жерленгенін айтыпты. Екінші рет араға біраз уақыт салып, менің өтінішім бойынша Жабал тағы да іздеп барғанда әлгі үйдің иелері орнында жоқ болып шықты. Ресей жаққа көшіп кетіпті. Мұндай жағдайлар көп. Белгісіз боп қалған меркілік екінші қыз туралы мағлұмат іздестіруіміздің соңы өз арамыздан шыққан іріткінің кесірінен анықталмай қалды. Оның мәнісі былай.
Тұрсынбек Кәкішев пен Адам Мекебаев растап берген осы жайды Коммунар Табеев ресми анықтауға барғанда ондағылар бәрін жоққа шығарып, мойындаудан бас тартыпты және соның алдында ғана үш ересек адам барып, «шындықты айт» деп қатқыл сөйлесіпті. Олар кімдер? Сөйтсек, жаңағы үш адам Алматының демалыс паркінің жанындағы жәбірленгендерге де барып, өздерінше ақпарат алмақ болған екен. Әрине, олар шындығын айтпаған. Суреттеп берулеріне қарап, іштей шырамыттым. Қауіптісі – егдесі Олжастың қыр соңына түсіп, «соттатпай тынбаймын» деп жүрген әйгілі жәміл. Ал, сенгендері «ұзын бойлы, ұзын мұрынды» Сафуан ағам болып шықты. Бір-екі рет бетпе-бет келгенде сәлемімді салқын алған.
Содан бір күні екі жағымыз да бұрылып кете алмайтындай қыспақта кездесіп қалдық. Сол кезде ол кісі дауысын сәл бәсеңдете: «Ана істерің не болып жатыр, бірдеңе шығара аласыңдар ма? Біз де қарап жатқамыз жоқ», - деді. Енді шегінудің реті жоқ, демімді ішіме алып: «Білемін. Онсыз да шошынып қалған балаларды үркітіп біттіңіздер. Сіздер барған үш жердегі жастардың тізімдері алынып, ісі сотта ақталуға жіберілді. Өзіңіз бастаған іске өзіңіз неге селкеу түсіресіз? Сізге сенемін. Ал, ана «егденің» көздегені жастарды ақтау емес, Олжастың үстінен арыз жазу үшін іздеп жүрген «дерегі». Оның алды Орталық Комитетке жолданыпты. Мен танысып шықтым. Содағы мақсатыңыз не? Олжас үшін балаларды және олардың ата-аналарын қиянатқа қиясыз ба?», – деп едім: «Ойбай, не дейсің?! Түскен екем ғой «егденің» тұзағына. «Сенен басқа ешкім істей алмайды, жастарды өзіміз қорғайық. Бізге қосыл!» - деп жүргені сол екен ғой. Кешір, айналайын! Кеш. Алла, аңғал басым-ай, алдап соққан екен ғой!» – деп сол арада ауыр да болса шындықты мойындады. Қарсы уәж айтпады, орынсыз ақталмады. Бұл да мәрттік.
Ал, Желтоқсанға қатысқан құрылысшылар мен мақта-мата, тоқыма фабрикаларының жер аударылған жастарының тағдыры белгісіз күйінде қалды. Солардың ішінде Торғайға жер аударылған Күлімхан деген қыз кейін ҚазМҰУ-де істеді, бірақ өз бағасын ала алмай кетті. Ақтөбеде сотталған төрт жас болды. Өскеменде қайтыс болған Сәбира Мұхамеджанованың тағдырын анықтау үшін арнайы іссапарға жіберілген жазушы Асқар Алпысбаев бар айғақ-дәлелді жиып келді. Біз осы материалдардың бәрін жинап, іс қозғалғандардың тізімін жасадық. Ал, әкімшілік пен кәсіподақ тарапынан жер аударылғандардың тізімдері жоқ, олар сот үкімінсіз өздері шешім шығарған. Олардың тағдыры қазір де белгісіз. Олар өздерін құрбандықпыз дегеннен гөрі аман қалғандарына тәубе етеді және оны тағдырдың пешенелеріне жазған бір азабы деп қабылдайды. Ол адамдардың түсінігі «мен Желтоқсан үшін қорлық көрдім» деп жүргендерден гөрі басқаша қалыптасқан.
Ал, қарсылық қозғалысы буырқанған, таң атқанша барлық оқу орындарына барып, 16 желтоқсан күні алаңға шығуға шақырған бастамашыларды білемін. Олар жазаларын өтеп, тәуелсіздіктің ащылы-тұщы дәмін татқандар. Ол азаматтар өздері айтпаса, мен айтпаймын, өйткені ант бергенмін. Себебі, бұл олардың азаматтық парызы, міндеті, ар-ожданы мен намысы. Олар кезінде КГБ-ға «қатысқан жоқпын, ұйымдастырушы емеспін» деп қолхат жазып берген. Онысы дұрыс, айтуға болмайтын нәрсені айтпау керек. Енді: «Соны істеген мен едім» – деп айтуларына болар еді, бірақ, олар әлі сыр сақтап отыр. Ал, «сыр» дегеніміз – Хақтың алдында сұрауы бар қасам қасиет.
Желтоқсан оқиғасының хабары сыртқа шығып, таралып, халықаралық деңгейде назар аударылып, тексерілуіне орыс тілді азаматтар көп көмектесіп, үлкен азаматтық жасады. Біз кейін оларды өзіміз жерітіп алдық. Ал, мектеп оқушыларының ұлттық намысы тосын жағдайда көрініс берді. Олардың балалық қиялдарына астар берген «ДОС», «Әруақ», «ҚҰРАН», «НАЗАР», «НАЙМАН», «Шейіт», «СӘЛЕМ» (асты сызылған атаулар – әр сөздің бас әрпінен құралған аббревиатура) атты жасақтары болды, кейіннен өкінішке орай, бұл аулалық, маһаллалық топтың жырғасына айналып кетті. Бұлардың түпкі ниетін бұрмалау үшін Колбиннің өзі: «мектептерде де ру-руға бөлініп, топ құрып жатыр екен!» – деп жар салды. Марқұм Сағат Әшімбаев соған кәдімгідей сеніп, қатты назаланып жүретін. Бір қызығы осыларға қарсы «МАМБЕТ» (Межнациональная ассосация мстителей и боевиков европейских трудящихся) атты қалалық қосын ұйымдастырылды. Сонда, «Мәмбетті» кім ойлап тапты? Үгіт-насихаттың күштілігі сондай, әлгі сөз бір-екі жылдан кейін қала мен ауыл балаларының арасындағы жеккөрініштің ұранына айналып шыға келді.
Иә, сол екі жылда ұлттық мойынсынбау қозғалысы жаппай тұтанды, ол қазақ ұлтының барлық буынын қамтыды. Кейіннен, «мәңгүрттер» деп ысырып тастаған қазақша білмейтін қаланың қазақтары мен жасөспірімдерінің арасында бұл қозғалыс тіпті ерекше намысты қарқынмен, ұйымдасқан түрде жүрді. Олардың рухы жоғары әрі іс-қимылдары мақсатты арнамен дамыды. Мектеп оқушыларынан жасақталған ұлттық жасақ жетекшілерінің біразының аты-жөндерін ескі дәптерден оқып, олардың атын әзер ажыраттым. Ал оларға қаланың мектептерін бұрын бітіріп кеткен, Мәскеу мен Ленинградта, Новосибирскіде, Қазанда оқитын аспиранттар мен студенттер кеңес беріп отырды. Осы жылдардағы жастардың сол рухын біз кейіннен өз қолымызбен өзіміз тұншықтырдық, «мәңгүрт» деген мөр бастық, сөйтіп, олардың оянған рухын қорлап, нигилистік пиғылға итермеледік. Сөйтіп, аса білімді ұрпақтың арасына жік салдық. Ол жікті салғандар да «жаңағы жолбикелер». Өйткені, зиялы қауымның ортасынан шыққан қалалық жастар қасиетті ұлттық сезімін ешкімге қорлатпайтын. Ал бұл мінез «қазақшыл қазақбайларға» жақпады.
Әнуар Әлімжанов марқұм осыны өте терең сезініп: «Тұрсын, мен Желтоқсан қозғалысының тәуелсіздікке апаратынына сенемін. Мен қазір рушылдықтан қорықпайтын болдым. Қазақ үшін ең қорқыныштысы – қала мен дала тәрбиесін алған жастардың екі жіктеліп кету қаупі туып келеді. Бұл – рушылдықтан да қатерлі бағыт. Соны қазір ойластыру қажет. Кейін кеш болады. Ертең, сөзсіз тәуелсіздік аламыз, үкімет басына, әрине, орыстілділер келеді. Олар қазақ тілді, орыс тілді қазақ боп қақ жарылады. Әрине, орыстілділер жеңеді. Сонда ұлтың да, тілің де таңдайынан қақ жарылады», – деп күйінгенде бұл пікірді қабылдай қоймап едім. Күлген болатынмын. «Күлме, сен бұған!» – деген Ән-ағаң басын төмен салып.
Міне, енді соның рас екеніне көзім жетті. Шындығында Желтоқсан тұсында қала жастары да көп қуғын көрді және күресе білді. Ал студенттер мен қала жұмысшыларын жазалаушы жүйе тұқыртып тастаған еді...
ОРЫНДАЛҒАН АМАНАТ
Қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келіп-кеткеннен кейін Құқықтық комиссия жұмысының қарқынды қарабаласқа көшкен тұсында, 1988 жылы қаңтар айында Олжас Сүлейменов таңертеңгі сағат тоғызда қызмет бөлмесіне шұғыл шақыртып алды. Содан кейін, Алаш мұраларымен таныс екенімнен мағлұмдар ақын: «Жә, ұстазыңның (профессор Хайыржан Бекхожиннің) аманатын орындайтын кез келді. Сен енді «Алашорданың» тергеу ісімен танысып шығып, әдеби эксперт бол. Байтұрсынов пен Бөкейхановты білесің. Міне, солардың күні туды. Мұқым алаш қайраткерлерін ақтауымыз керек. Сол туралы пленумға мәселе қой. Өзіміздің ақсақалдармен сөйлес, солар сөйлесін. Сондай-ақ, қазір Жоғарғы соттың төрағасы Тамаз Айтмұхамедовке бар. Келісіп қойдым. Жоғарғы соттағыларға «Алашорда» мен ол кісілердің шығармасы туралы мәлімет бер. Жасыма. Тергеу құжаттарының бәрі өтірік куәлікке құрылған. Соны әшкерелеп жер-жерден хат ұйымдастыр», – деді. Сосын Желтоқсан мен Алаш қозғалысына қатысты деректерді жиып, өзін хабардар етіп отыруды тапсырды.
Бір үміт, бір күдікті арқалап Жоғарғы соттың кеңсесіне беттедім. Төраға бөгетсіз қабылдады. Күрделі кездің қиын үкімдеріне қол қойып жүрген Жоғарғы сот төрағасы бірден: «Бізді ұлтымызға жаны ашымайды дейсіңдер ме? Дайындалып келген үкімге қол қоямыз. Біз қоймасақ, басқаға қойдыртады. Олжас жіберсе – сенемін. Бұл орайда Олжаспен пікір алысып едік. Сонда бір адам жіберемін деген. Қазір «Алаш» қайраткерлерінің тергеу ісін қарап жатырмыз. Онымен Жоғарғы соттың мүшесі Қазыхан Кенжебаев айналысады. Сонымен бірігіп өзіңе керекті деректермен таныс. Бізге де кеңес бер», – деді. Қазыханды шақырды. Жарқын амандастық. Екеуміздің қатар оқығанымызды және оның келіншегі Гүлнар Сейітбекқызы менің әйелім Әмина Сейітқызының кластасы екенін білген соң: «Ендеше, күнде таңертең сағат оннан бастап келіп, менің бөлмеме отыр. Сағат үште босат. Қалғанын Қазыхан ұйымдастырады», – деді. Сөйтіп, Т.Айтмұхамедов тергеу ісін КГБ-дан алдырып, коллегия мүшесі Қазықан Кенжебаев арқылы маған таныстырды. Үш күн таңертеңгі сағат оннан бастап кешкі төртке дейін марқұм Қазықан Тоқтыбайұлының бөлмесінде отырып «Алашорданың» тергеу ісімен таныстым. Олардың әдеби, тарихи мұралары туралы барлық мағлұматты Қазықанға айтып, түсіндіріп бердім. Ол маған құпия түрде «Алаш» партиясы мен оның қайраткерлерінің ақталуының заңдық құқықтары мен тұжырымдары туралы ауызша айтып берді.
Сөйтіп, Қазақ ССР прокуроры қазақ топырағындағы қасіретті де қатыгез оқиғаның қара дауылындай көрінген, осынау сорақы да сойқанды тергеудің заңсыз жүргізілгеніне, жалған айып пен арандатулардың салдарынан сегіз адам жазықсыздан жазықсыз ату жазасына бұйырылып, бес адам он жылға бас бостандығынан айырылғанына наразылық білдіріп, Қазақ ССР Жоғарғы сотына істі қайта қарау туралы ұсыныс жасады. 1988 жылы 24 көкек күні Жоғарғы сот «Алашорданың» 14 мүшесінің азаматтығын ақтап, істі қараған Жоғарғы соттың мүшесі Қ.Кенжебаев дайындаған бір жарым беттік хат О.Сүлейменовтің атынан Г.В.Колбинге жолданды. Орталық Комитеттен: «Сот жүзінде азаматтығы ақталса да шығармаларына партиялық-саяси баға берілуі керек. Оған дейін алаш қайраткерлерінің ісі құпия сақталсын», – деген нұсқау келді.
Аса сауапты да жауапты істің толық нәтижелі аяқталуы үшін «халықтық пікір» қажет еді. Біз, ең алдымен, «Ағалар алқасындағы» ардагер жазушылардың пікірін ұйымдастыруға ұмтылдық. «Алашордашылар» туралы сөйлеуге ешкім келісім бермеді. Енді Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарының атынан жоғары жаққа хат ұйымдастыру қажет деп шештік.
Әуелі «Алашорда» қайраткерлерінің тергеу ісінде аты аталмаған Шәкәрім Құдайбердіұлының жеке басы мен шығармашылық мұраларын ақтаудың амалын қарастырдық. Өйткені, Шәкәрім Құдайбердиевті Жоғары сот ақтайтындай еш ілік табылмады. Себебі, ол кісінің үстінен қылмыстық іс қозғалмаған, тергеу жүргізілмеген, сондықтан да сот үкімі шықпаған. Барлық айыптаулар Кеңқоныс пен Керегетастың арасындағы кезеңде таңға жуық оқыста оққа ұшқан қанды оқиғаны баяндауға құрылған Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің мұрағатындағы «Шәкәрімнің кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтерілісті басқарғаны және бандыларды бастап аудан орталығына шабуыл жасауға бара жатқан кезінде алдына ала қойылған тосқауылдың барысындағы атыс кезінде оққа ұшқаны» туралы жергілікті жерден берілген жеделхаттар мен жазбаша түсініктерге негізделген. Бұл мағлұматтардың барлығы қарулы көтерілісті жаныштауға бағытталған ерекше әскери жасақтың жазалау жорығы туралы есеп ретінде тіркелген. Ондағы оперативтік мәліметтерде Бақанас пен Қарауылдағы кеңес өкіметіне қарсы ұйымдастырылған қарулы көтеріліс жетекшілерінің бірі Бердеш Әзімбаев пен ақынның ұлы Зият Шәкәрімұлының сол топтың ішінде болғаны, олардың қашып құтылып кеткені, қазір олардың Шығыс Түркістанда тұратыны жөніндегі барлау ақпараттары көрсетілген. Сондай-ақ, «аудандық ішкі істер жасағының командирі А.Қарасартов пен Қауіпсіздік комитетінің Ш.Құдайбердіұлының кеңес өкіметіне қарсы қарулы көтеріліс ұйымдастырғанын, оның арнайы жасақпен атыс кезінде оққа ұшқанын растайтын» құпия құжатқа негізделген елуінші жылдардың соңында, алпысыншы жылдардың басында Шәкәрімнің жеке басы мен шығармашылық мұраларын ақтау туралы құрылған Қазақстан Орталық партия комитетінің арнайы комиссиясының қорытындысы ғана бар. Комиссияның сол қорытындысына қол жеткізудің мүмкіндігі бізде болмады. Сол тұста бұл мүмкін де емес еді.
Олжекең – Олжас Сүлейменов Шәкерімді ақтау туралы ұсыныс жасау үшін мені сол кездегі Абай ауданының бірінші хатшысы Хафиз Матаевқа арнайы жіберді. Мен Алматыға қайтып оралғаннан үш күннен кейін Орталық партия комитетіне Абай ауданының соғыс және еңбек ардагерлерінің Шәкәрімді ақтау туралы өтініш хаты келіп түсті. Ақын досым Төлеген Жанғалиевтің «Құр құдықтағы ақын» туралы толғауын «Жұлдыз» журналының кезекті санына шұғыл түрде салу туралы ұсынысымды бас редактор Бекежан Тілегенов ағамыз дереу қолдады. «Жұлдыз» журналы оқырманға жетіп үлгермей Қарағандыдан: «Кеңес өкіметінің қас дұшпаны Шәкәрімді ақтағалы жатырсыңдар ма? Төлеген Жанғалиевтің «Құр құдықта» айтып отырған ақыны – Шәкәрім. Оның атын атап, шығармасын жариялауға Орталық Комитеттің арнайы комиссиясы мен Қауіпсіздік комитеті тыйым салған. Біз – тіріміз. Бұған жол бермейміз!» - деген арыз түсті. Әрине, Жазушылар Одағы мен «Жұлдызға» келген хат менің қолыма тиді. Ал жоғарыдағы Құқықтық комиссия ұйымдастырған хаттар тиісті мекемелерге жолданған арыздардың алдын орап үлгерді. Оның үстіне Хафиз ағамыз аудандық партия комитетінің бюросында бұл мәселені нақты қойып, аудандық «Совхоз туы» газетінде ашық пікір алысуды бастап жіберіпті. Сол хаттардың біразын еңбек жолындағы ұстазым, байырғы журналист Жағыпар Жүнісжанов ағамыз менің атыма жолдапты.
Бұл хаттар – Олжас ағамыз айтқан «халықтық пікірдің» өзі еді. Сол «халық пікірі» Шәкәрім ақынның шығармашылығы алаш ардагерлерінен бұрын ақталуына шешуші себеп болды.
Сол қарбалас шақта Бейсенбай Байғалиев марқұм архивтің оңаша бөлмесінде өзім «рухани әкем» (әкем Құдакелді жасымнан осылай айтып үйреткен) деп санайтын Ахаңның қызы – Шолпан Ахметқызы Байтұрсыновамен таныстырды. Әкесінің атын өзгертпей алып жүргенінің өзі сол тұста біз үшін құбылыс болатын. Байыппен орашолақтау сөйлейтін мұңлы жанарына сондай бір махаббатпен сүйсіне қарадым. Жоғарғы соттың алашордашыларды ақтаған шешімін (алғашында 14 адам ақталды) және оның анықтамасын көрсеткенімде көзінен моншақтап қоя берген жас тамшылары әлі көз алдымда. Дауыс та шығармады. Үнсіз егілді. Енді жоғары жаққа олардың шығармашылығын ақтау туралы хат жазу қажеттігін, Жазушылар Одағы тарапынан Олжастың атынан ресми хат жолданғанын айттым… Кейін маған сол хаттың көшірмесін ұсынды. Сөйтсем, Гүлнар Міржақыпқызымен, архивтанушы тарихшы А.Игенбаевпен, А.Ижановпен ақылдасып, әкесіне қатысты сенімді деректерді жинастырып, осы хаттың негізінде заңсыз қысымға ұшырағандардың ісін қарайтын комиссияға байыпты хат жолдапты (Ол хат «Алаш қозғалысы – Движение алаш» атты үш томдық авторлық басылымның бірінші томында жарияланды).
Шәкерім ақталып, бір үміттің оты жанған шақта Орталық Комитеттің идеология жөніндегі хатшысы боп Өзбекәлі Жәнібеков келді де Олжас Сүлейменовтің атынан тағы да хат жазылды. Ө.Жәнібеков мәселені қарауды Академияға жіберді. Онда арнайы комиссия құрылып, Жабайхан Әбділдин төрағалық етті, комиссия саяси қаулы шығарды. Содан кейін барып, 1988 жылы 4 қарашада Жоғарғы соттың қылмысты істер жөніндегі коллегиясының мәжілісінде атақты «он төрттің» тергеуі қайта қаралды. Нәтижесінде ССРО Халық Комиссарлар Советінің жанындағы ОГПУ коллегиясының 1930 жылғы 4 апрельдегі және 1931 жылы 13 январьдағы Байтұрсынов Ахмет, Дулатов Мир-Якуб, Аймауытов Жүсіпбек, Есполов Мирза-Ғазы, Ғаббасов Халел, Әділов Дінмұхамед, Бірімжанов Ғазымбек, Юсупов Ахмед-Софы, Жұмабаев Мағжан, Омаров Елдес, Битілеуов Дамолла, Болғамбаев Хайретдин, Байтасов Абдолла, Жәленов Кәрім жөніндегі қаулысының күші жойылып, осы аталған азаматтар толық ақталды.
Қазіргі кезде сол бір аласапыран жылдары лауазымды қызметтерде отырғандарды жаппай кінәлап, қара тізімге қосу етек алып барады. Олардың арасында елі үшін қабырғасы қайысқан, халқының тізесі бүгілмеуіне хал-қадерінше көмектесіп, жанашырлық жасаған адамдар да болды. Ақиқат үшін сол кісілердің атын айту – парызым. Өйткені, сол зауалды күндері коммунистік партияның жазалау саясатына ашық қарсы шығу мүмкін емес еді және ондай тәуекелге барған адамды кездестірген жоқпыз. Ал әр түрлі жарлықтарға қол қойып, реті келгенде істің иінін келтірген лауазымдылар болды. Ал егер жаппай ләппайшылдық орын алса, сотталғандардың алды бір жылдан кейін еркіндікке шығуы мүмкін емес-тін.
Солардың ішінде бүгіндері «қара тізімге» ілінген, анда-санда аты аталып қалатын сол кездегі Жоғарғы соттың төрағасы Тамас Аймұхамедовті, коллегия мүшесі марқұм Қазықан Тоқтыбайұлы Кенжебаевты, Мақсұт Нәрікбаевты, Орталық партия комитетінде істеген Сабыр Қасымовты атар едім.
Жоғарғы сот төрағасының өзі кеңсесіне шақырып алып, желтоқсаншылар мен «Алашордашыларды» қалай ақтаудың жолын емеуірінмен түсіндірді. Құқықтық комиссия жұмыс істеген екі жарым жылдың ішінде бұл үш азамат көптеген сотталушылардың ақталуына көмектесті. «Анау – ана түрмеде, мынау – мына жақта, былай деп арыз жазуға болады», – деп жол көрсетіп отырды. Оны үш-ақ адам білдік: Олжас Сүлейменов, Колбиннің көмекшісі болған Сабыр Қасымов және мен.
М.Нәрікбаев жоғарғы билік орындарына жазған хаттардың заңдық негіздерін қағазға түсірді. С.Қасымов соны партиялық тұрғыдан орайластырып, хатшылардың назарына іліктірді. Бұл жігіттер өздерінің биік мансабынан айырылып қалу қаупіне қарамастан белгілі бір дәрежеде тәуекелге барды. Сырттай «оқшантайдағы патрон» боп көрінгенмен ішінен ұлттық намысты қатты ұстанды. Осы азаматтардың табанды қызметінің нәтижесінде Желтоқсан оқиғасына саяси баға беріліп, қоғамның демократиялық бағыт алуына және жоғарыда көрсетілген бағдарлы мақсаттардың шешілуіне, ақтандықтардың жойылуына белгілі бір дәрежеде ықпал жасалды.
Осы істердің бәріне мұрындық болған Олжас болатын. Колбин мен Камалиденов тура сол кезде Олжастың соңына шырақ алып түскен. Егер бас пайдасын ойласа, Олжас мұндай көзсіздікке барар ма еді? Зады, Олжас не істесе де шабытпен, асқан өжеттікпен және ашық істейді. Бұл оның бойындағы әрқайсымыз үйренетін ең үлкен қасиет. Пендеміз ғой, Олжастың осы тапсырмаларын орындап шыққанымды әлі күнге дейін мақтан тұтамын.
ҚАЙТАРЫЛҒАН ҚАРЫМТА, СЫНБАҒАН САҚ
Сол аралықта қазақ ұлтын жаппай жазалауға қарсы білдірілген қарсылықтың нышанын аңғартқандай біраз шараның басы қайырылып, қоғамдық пікір қалыптастырылып, деректер жинастырылып, Құқықтық комиссияның іс-жоспары нақтыланды. Енді тұжырымдалған пікірлерді жинақтап, тиісті ресми мекемелерге жолдау, батыл әрекетке кірісу қалған. Сонда ғана мәжілісхат жүргізуге болады деп шештік. Оның себебін оқырман түсінер деп ойлаймын. Бұл ашық түрде қимылдаудың белгісі еді.
Комиссияның жұмысы осылай екпін алып келе жатқанда Олжас Сүлейменовтің өзі қудалана бастады да Желтоқсан оқиғасына байланысты түрмеге түскендер мен қудаланғандардың ісі кейінге ысырыла берді. Алматы қаласынан ССРО Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа ұсынылған кезде, Орталық Комитеттің астыртын ұйғарымымен Олжасқа қарсы өкіл етіп Қайырлы деген құрылысшыны бекітті. Жұмысшы табына астыртын үндеу таратып, қаладағы әр үйдің сыртқы есігіне жапсырды.
Ол үндеуді жазған адам жазушылар қауымының «камалиденовшіл патриоты» еді. Қарсы үгіт жүргізгендердің арасында қаламдастарымыздың болуы ресми өкіл ретінде маған да ауыр тиді. Үндеу таратушылармен сөйлескенімізде олардың дені жұмысшылар боп шықты. Ал олардың соңында Колбиннің жансыздары қарауылдап жүрді. Әрине, қарсы әрекет те болмай қалған жоқ. Бірақ ол мойынсынбау дәрежесінде ғана-тұғын.
Сөйтіп, «Желтоқсан оқиғасы» құр жаңғырыққа айналды да оның басты себептері ысырылып қалып, партиялық, кеңестік, халықтық топтар мен тұлғалардың арасындағы есеп айырысу майданына айналды. Онсыз да әзер-әзер дәнекерленген ұлттық бірлік қаусап сала берді.
Бірақ, Қайырлы жеңісін тойлап, Олжастың сағы сынған сәт ұзаққа созылмады. Жексенбі күні Семей облысы Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хафиз Матаевтан: «Жоғарғы Кеңеске біздің ауданнан сайлауға түсуге келісім беруіңізді өтінеміз!» - деген жеделхат келді. Әрине, бұл жолға шеру салтанатпен аяқталды. Бұл жеңіс Олжас үшін ғана емес, қазақ ұлтының намыс-мүддесі үшін де аса зәру қажеттілік еді.
Олжас Сүлейменовтің депутаттыққа сайлануы комиссия жұмысына да батылдық берді. Екі жылдың ішінде саяси пікір қалыптастырып, мемлекеттің алдына мәселе етіп қоятындай деректер мен құжаттар жиналды. Олжас Сүлейменовтің депутаттық сұрауымен елуге тарта іс қайта қаралып, кешірім жасалуға бет алды. Сол кезде Қазақ ССР жоғарғы кеңесінің президиумына, ССРО Жоғарғы Кеңесінің президиумына Құқықтық комиссияның атынан мәлімдеме жолданды. ССРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде Олжас Сүлейменов Кремльдегі мәжілісте арнайы сөйлесуге тиіс болды. Тиісті құжаттар мен деректер жеткілікті болатын. Бұған Олжастың тікелей өзі анықтаған жайлар да қосылды. Ол жеделхаттар мен құжаттар көмекшісі Сүният Бекеновте сақталды.
Мәскеуге ССРО Жоғарғы Кеңесі депутаттарының сессиясына аттанғанда комиссияның қорытындысын Олжасқа ұсындық. Ол биік мінберден сөйлеп, Желтоқсан оқиғасына басқаша баға беру керектігі туралы пікір айтуға дайындалды.
Сол кезде Алматы облысының Кеген ауданынан сайлауға түскен Мұхтар Шаханов та кешігіп барып депутаттыққа өтті. Мәскеуге жүрер алдында ол бізден Олжасқа берген тұжырымдаманың тағы бір данасын сұрап алды. Біз мұны кім болса да, әйтеуір, Желтоқсан оқиғасының шындығын және оған берілуге тиісті саяси бағаны жұртшылыққа жеткізсе мақсатымыз орындалғаны деп түсіндік.
1989 жылғы көктемгі сессияда ертең Олжас сөйлейді деп алаңдай күтіп жүргенімізде одан бір күн бұрын Мұхтар Шаханов табандылықпен ұмтылып жүріп, Горбачевтің сөз бермегеніне қарамастан мінберге жұлқына шығып, мәлімдемені дүние жүзіне жария етті. Біздің комиссия мүшелері бір-бірін құттықтап, арқаларынан үлкен жүк түскендей күй кешті.
Расында да, олар ұлтының алдындағы жазушылық парызын орындаған нағыз азаматтар еді. Сол істері үшін мың да бір рахмет. Бұдан кейінгі оқиға барысы өзгеше сипат алып, комиссия мүшелерінің біразы Мұхтар Шахановтың тобына қосылды.
Тек Қазақстан үкіметі жағынан Желтоқсан оқиғасы жөнінде арнайы комиссия құрылғанда наразылық білдіріп хат жолдадық. Өйткені, үкімет комиссиясы мүшелерінің Дмитрий Снегиннен басқалары ресми лауазымды адамдар еді және олардың жеке мүддесі комиссия мүддесімен тоғыспайтын.
Сөйтіп екі жарым жыл жанталаса жұмыс істеген Жазушылар Одағының жанындағы Құқықтық комиссия өз жұмысын тоқтатты. Бізге алғыс айтқан да, баға берген де ешкім болған жоқ.
Алайда, біреуі сотталып, жер аударылып жатқанда екіншісін ақтауға тырысқан Олжастың ерлігіне сүйінбеске амалым жоқ.
Сол кезде комиссияда қызмет еткен жазушыларға деген ішкі құрметім үлкен. Комиссия тек мұнымен шектелген жоқ. Көп салалы істер атқарды. Отыз жетінші жылы қаза тапқандарды ақтау, жазықсыз сотталғандарға көмектесу тәрізді игі істер қолға алынып, тіпті, Асанбай Асқаровты қолдау қозғалысы да осы Жазушылар Одағында құрылды. Сол үшін Меркіден арнайы келген бір топ зейнеткердің іс-әрекетін демократиялық пікір ретінде қолдап, заңдастырып бергенімізді олар ұмыта қоймаған шығар.
Менің ойымша, мұндай азаматтық ерлікке бару, ұлттың өзін-өзі қорғай білуіне мүмкіндік беру – Әлихан Бөкейхановтан кейін ешкімнін ойына келмеген нәрсе.
Тұрсын Жұртбай
Сағат 15.30. 23 көкек. 2026 жыл. Астана, «Жеті қазына»
