Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, Каспий құбыр консорциумына (КҚК) қазіргі таңда балама бағыт жоқ. Бұл туралы ол Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының кулуарында мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Министрдің сөзінше, КҚК-ның жылдық тасымалдау қуаты шамамен 82 млн тонна мұнайды құрайды және бұл көлемді алмастыратын басқа құбыр желісі әзірге жоқ. Сондықтан оны «балама бағыт» деп атау дұрыс емес, тек қосымша бағыттар қарастырылуда.
"Қазіргі уақытта КҚК 82 миллион тонна мұнай тасымалдауға қауқарлы. Бұл осы құбырдың қуаты. Бүгінде оған балама жоқ. (...) Қазір Қазақстаннан халықаралық нарықтарға осыншама көлемді (60-70 миллион тонна - ред. еск.) тасымалдай алатын балама немесе басқа құбыр жоқ. Сондықтан біздің айтып отырғанымыздың бәрі - қосымша бағыттар", - деді Ақкенженов.
Министр Қазақстан мұнай тасымалдау үшін кез келген қосымша бағытты қарастырып жатқанын айтып өтті.
"Бізде Қазақстан - Қытай құбыры бар, қазір кейбір көлемдерді Каспий теңізі арқылы, Әзербайжан арқылы, сондай-ақ Ақтау - Махачкала арқылы тасымалдап жатырмыз. Сондықтан мұның бәрі қосымша бағыттар", - деп атап өтті ол.
A declaration on cooperation in the field of higher education and scientific research between Kazakhstan and France was signed
