Қазақстандық Нұрғали Нұғманның әлеуметтік желідегі мәлімдемесінен кейін Алматы полициясы кәмелетке толмаған балаға қатысты зорлық-зомбылық болуы мүмкін деген дерек бойынша тексеру бастады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, әлеуметтік желілерде тараған бейнеүндеу белгіленген тәртіппен тіркеліп, процессуалдық тексеру қолға алынған.
"Қазіргі уақытта жарияланымда көрсетілген барлық мән-жайларды, сондай-ақ оқиғаның ықтимал қатысушылары мен куәгерлерін анықтауға бағытталған іс-шаралар кешені жүргізілуде. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері құқықтық бағасыз қалмайды және ерекше бақылауда болады", — делінген полиция хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, егер көрсетілген фактілер расталса, Қазақстан заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Бейнежазбада Нұрғали Нұғман актерлік мансабының басында өзін «көке» деп атаған адамның тарапынан бала кезінде зорлық-зомбылық көргенін айтқан. Оның сөзінше, оқиға туралы ата-анасына немесе өзгелерге хабарлаған жағдайда кино саласына жолын жабатыны жөнінде қорқыту болған.
Осы жағдайға байланысты Balapan телеарнасы да ресми мәлімдеме жасады.
Арна таратқан ақпаратқа сәйкес, 2010 жылы ашылған телеарна штатында аталған кезеңде ер адам «продюсер» қызметін атқармаған.
Сонымен қатар арна мәліметінше, кейін Нұрғали Нұғман жаңа бейнежазба жариялап, сөз болған оқиғаның Balapan телеарнасына емес, коммерциялық жобаға қатысты екенін нақтылаған және арна ұжымынан кешірім сұраған.
