Назарбаев төңірегіндегілердің кететін түрі жоқ. Forbes байлық тізімін жариялады

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/TrHqsJMIc8qEiEcu6f2KkG612xgRPjSzMad1ry5k.jpg

Forbes Kazakhstan жариялаған ең бай кәсіпкерлер тізімінде Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев әулеті тұр, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы басылымға сілтеп.

Биыл елдегі ең бай 75 кәсіпкердің жиынтық капиталы $57,5 млрд-тан $60,84 млрд-қа дейін өскен. Тізімдегі басты өзгерістердің бірі — Болат Өтемұратов байлығының $1,7 млрд-қа артып, $5,4 млрд-қа жетуі. Соның нәтижесінде ол рейтингтің үшінші орнына көтерілген.
Ұзақ жылдар бойы Назарбаевтың іс басқарушысы қызметін атқарған Өтемұратов халықаралық сарапшылар тарапынан экс-президенттің ең жақын серіктерінің бірі ретінде аталып келеді. Оның ұлы Әлидар Өтемұратов та Forbes тізімінде 57-орында тұр. Оның капиталы $186 млн деп бағаланған.

Рейтингте үшінші орынды Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева бөлісіп отыр. Әрқайсысының байлығы $5,4 млрд көлемінде. Олар «Алмэкс» холдингі арқылы еліміздегі ең ірі қаржы ұйымдарының бірі — Halyk Bank акцияларының 61,99%-ын бақылайды.

20-орында Дариға Назарбаева орналасқан. Оның байлығы $550 млн деп көрсетілген. Ал оның ұлы, Назарбаевтың немересі Нұралы Әлиев 41-орынға жайғасқан. Оның капиталы $280 млн-ға бағаланған. Анасы мен ұлы медиаактивтерге, соның ішінде «Европа плюс Қазақстан» радиосы мен НТК телеарнасына иелік етеді.

Тізімдегі тағы бір ықпалды тұлға — Ғалымжан Есенов. Ол Forbes рейтингінде 19-орынға көтеріліп, байлығы $564 млн деп есептелген. Бұған дейін Назарбаев қорымен байланыстырылған құрылымдардан Jusan Bank акцияларын алғаннан кейін, Есенов банктің жалғыз иесіне айналды.

Сондай-ақ рейтингте Кеңес Рақышев бар. Оның байлығы $402 млн көлемінде бағаланған. Ол да бұрыннан Назарбаев әулетіне жақын кәсіпкерлер қатарында аталып келеді.

Осылайша, Forbes Kazakhstan рейтингінде кемінде жеті адамның активтері тұңғыш президенттің отбасы немесе жақын ортасымен тікелей не жанама байланысты екені байқалады. Олардың жиынтық капиталы $17 млрд-тан асып, тізімдегі барлық байлықтың төрттен бірінен көп бөлігін құрап отыр.

Comments