Көкшетауда Отан қорғаушы күні кең көлемде аталып өтті

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/71swsHbPgzQEr2PTm57VxznwxQ1t3FLT30C0tA0x.jpg

Көкшетаудағы «Жағалау» алаңында Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты шара өтіп, оған мыңдаған тұрғын жиналды. Патриоттық рух пен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген мереке аясында күштік құрылымдардың көрсетілімдері ұйымдастырылып, ардагерлерге құрмет көрсетілді, сондай-ақ жастар республикалық қозғалыс қатарына қабылданды.

Салтанатты жиынды Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов ашты. Ол өз сөзінде бұл мерекенің тек Қарулы күштердің қуатын айқындап қана қоймай, ерлік пен Отанға адал қызметке негізделген мемлекеттік құндылықтардың маңызын көрсететінін атап өтті.

– Отан қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы әрі зор мәртебесі. Бүгінде Әділетті Қазақстанды құру жолында әскери қызметші мен күштік құрылым өкілі кәсібилік пен адалдықтың үлгісін көрсетіп келеді. Ақмолалықтардың ел қорғанысын нығайтуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосып отырған үлесі зор, – деді Елдос Рамазанов.

Іс-шара аясында марапаттау рәсімі өтті. Мінсіз қызметі мен әскери-патриоттық тәрбиеге қосқан үлесі үшін өңірдің бірқатар офицері мен ардагеріне ведомстволық медальдар мен облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.

Ақмола облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, полковник Қанат Омаров жиналғандарды мерекемен құттықтап, ел қорғаны болудың жауапкершілігіне тоқталды.

– Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Сізге зор денсаулық, амандық, ашық аспан тілеймін. Ардагердің даңқты жолын жалғастырып, елдің нағыз қорғаушысы бола білейік, – деді ол.

Кештің әсерлі сәттерінің бірі – жас кокшетаулықтың ант қабылдау рәсімі болды. Онда ондаған оқушы «Жас Ұрпақ» балалар-жасөспірімдер ұйымының қатарына қабылданды.

Мерекелік шара облыстық Үкілі Ыбырай атындағы филармония әртістерінің концерттік бағдарламасымен қорытындыланды. «Гәкку» ансамблінің би қойылымы мен «Айнакөл» фольклорлық ұжымының этно-әуені әншілер Жанат Есов, Алтынбек Бектемір және Аманғали Жұматаевтың өнерімен үйлесім тапты. Шара соңында орындалған «Атамекен» әні көрерменнің бойында елге деген мақтаныш пен бейбіт болашаққа деген сенім сезімін күшейтті.

Comments
Other materials