«Әділет» партиясы президенттік реформалар бағытын қолдайтынын мәлімдеді

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gocqGOBIRmgebHCztdfHTH4AOd11T59K4bMEHVAc.jpg

7 мамырда Астанада жаңа «Әділет» саяси партиясының құрылтай съезі өтті. Партияның ресми қызметі басталған жиынға Қазақстанның барлық өңірінен шамамен 1000 делегат қатысты.

Съезд барысында партияның басшылық құрамы сайланып, партия төрағасы болып Дәдебай Айбек Арқабайұлы тағайындалды.

Құрылтай съезінде сөз сөйлеген партия төрағасы ұйымның негізгі бағыты заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттарына негізделетінін айтты. Оның сөзінше, қоғамдағы әділдік қағидаты күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналуы керек.

«Біздің партиямыздың негізі заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттарына құрылады. Халықтың заң үстемдігіне деген сенімі – мемлекеттің басты тірегі. Сондықтан біздің міндетіміз – әділдікті тек жариялау емес, оны қоғамдық мәдениеттің бір бөлігіне айналдыру», – деді Айбек Дәдебай.

Партия өкілдерінің айтуынша, «Әділет» президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформалар бағытын қолдайды. Ұйым өз қызметін заң мен тәртіп, тиімді мемлекеттік институттар, өңірлерді дамыту, әділетті экономика, цифрлық мемлекет және әлеуметтік ынтымақ бағыттарында жүргізуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ партия бағдарламасында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы, экологиялық бастамалар мен халықаралық жауапкершілік мәселелері қамтылған.

Айбек Дәдебай партияның басты мақсаты белсенді әрі жауапты азаматтарды біріктіру екенін атап өтті.

«Біздің ниеттестеріміз – ел дамуына үлес қосуға дайын азаматтар. Біз ашықтық пен жауапкершілік қағидаттарын ұстанамыз. Қоғам алдында есеп беріп, жүйелі жұмыс жүргізуге ниеттіміз», – деді ол.

Comments